Атырау, 22 қараша 07:08
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Палестина мен Израиль арасында соғыс оты тұтануы мүмкін

2 802 просмотра

АСТАНА. 17. қараша. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық қоғамдастықтың назары Палестина мен Израиль арасында ушыға түскен жанжалдарға жіті ауды.

Газа секторындағы ахуал өткен сенбіде исламшыл топтардың израильдік әскери көлікке шабуыл жасағаннан кейін-ақ шиеленісе бастаған еді. Сол кезде төрт солдат жарақат алған болатын. Тель-Авивтің бұйрығымен оған жауап ретінде елдің әскери әуе күштері Палестина автономиясы аумағындағы содырлар тобының көзін жойды. «ХАМАС» қозғалысының әскериленген тарабының да бұған қарсы реакциясы барынша қатаң болды. Олар бірнеше күн бойы Израиль аумағын «Кассам» санатындағы зымырандармен атқылады.

Сәрсенбі күні Израильдің Әскери-теңіз күштері мен Әскери-әуе күштері Газа аумағындағы содырларға қарсы «Бұлтты тірек» деген атаумен операция жүргізді. Израильдіктер Газа секторындағы жүзден астам нысанға жерден, әуеден және теңізден шабуыл бастады. Әсіресе, жұма күні Газа секторын барынша бомбалау жүргізіліп, 150-ге жуық соққы жасалды.

Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының жарыса жазуына қарағанда, екі тараптан да бейбіт тұрғындар қаза тауып отыр. Палестиндіктердің мәліметтеріне сәйкес, Израильдің шабуылы салдарынан кемінде 23 адам, оның ішінде 2 бала қаза тауып, шамамен 200 адам жарақат алған. «ХАМАС» қозғалысы жауынгерлік қанатының басшысы Ахмед әл-Джабаридің қаза тапқандығы белгілі. Сонымен қатар «ХАМАС» қанаты Газа аймағында атып түсірілген израильдік F-16 ұшағының 2 әскери ұшқышы тұтқынға алынғандығын да жариялап отыр.

Ал изарильдік БАҚ-тардың ақпаратына сәйкес, зымыран шабуылынан 3 адам мерт болды. Жұмадағы ақпараттарға сәйкес, Израиль аумағында шамамен 60-тан астам зымыран жарылып, шамамен тағы 197-сі «Темір күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесімен қағып түсірілген. Шамамен 23 зымыран тұрғын үй аумақтарына құлаған. Олардың қатарында Тель-Авив пен Иерусалим аудандары да бар, бірақ қаза тапқандар туралы нақты ақпарат беймәлім.

Газа секторында израильдік операциялар басталысымен-ақ Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ Президенті Барак Обамамен телефон арқылы тілдесіп, мемлекеттің өзін-өзі қорғау құқығына қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында жасаған келесі мәлімдемесінде ол Израильдің бейбіт тұрғындардың арасында кісі өліміне жол бермеу үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындықтарын баса айтты.

Өз кезегінде, Палестина ұлттық әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббас зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды. Ол Израильдің іс-қимылы бастапқыдан-ақ Палестина мемлекетін құруға бағытталған үдерістерді бұзуға негізделгендігін атап өтті. БҰҰ Бас ассамблеясына Палестина мәртебесін көтеру туралы өтініш осы айдың ішінде берілуі тиіс еді. Дегенмен автономияішілік түрлі дереккөздердің хабарлауынша, енді бұл мәселе жаңа датаға ауыстырылатын болады.

Осы аптада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газа секторындағы ахуалға байланысты арнайы кеңес өткізді. Жанжалдасушы тараптардың өкілдері бір-біріне кінә артып, халықаралық қоғамдастықты тағы да адамдардың мерт болуына және жаңа соғыс отының тұтануына жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдауға шақырды.

Ал әлемдік қоғамдастық екі тарапқа да бір-біріне әскери соққы бермеуге шақырды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун палестиндіктерге де, израильдіктерге де зорлық-зомбылықтан тиылып, гуманитарлық құқық аясында қабылданған міндеттемелерді қатаң ұстануды талап етті.

Дегенмен әлем тағы да екі лагерьге бөлініп отыр. Біріншісі Тель-Авивтің әуе соққыларын түбегейлі айыптап, Израильді күш қолдаудан бас тартуға шақырады. Ал екіншісі жанжалдың ушуығына палестиндік топтарды айыптап, Израильдің әскери операцияларының салдарына назар аудармастан оларды басты жанжалды бастаушылар санайды.

Жұма күні АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісінің орынбасары Бен Родс Түркия, Египет және Газа секторының еуропалық серіктестерін «өзін-өзі қорғауға толық құқығы бар» Израильмен жанжалды қоздыруын тоқтату үшін «ХАМАС-қа» қысым көрсетуге шақырды. Мұндай мәлімдемені ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштон да жасады. Дегенмен ол Израильге де осыны үндеді. Ал Ұлыбритания Сыртқы істер миинстрлігі барлық жауапкершілікті «ХАМАС-тың» мойнына арта салды.

Ресейде өзін көп күттірген жоқ. Ресей СІМ-нің ақпаратында Мәскеудің «күштік майдандасуды шұғыл тоқтату, Израиль аумағына да, Газа секторына да соққы жасауды доғару» қажет деп санайтындығы айтылған. Мұндай ұстанымды Египет және бірқатар араб елдері ұстанып отыр. Ал Мәскеудің жаһандық қауіпсіздік мәселелерінде басты серіктесі Бейжің болса, өзінің алаңдаушылығын білдіріп, барынша ұстанымды болуға шақыратындығын ғана жеткізіп отыр.

Қазіргі таңда екі тарапта ұзаққа созылатын соғыстың алдында тұр. Израиль қорғаныс министрлігі резервтегі азаматтарын әскер қатарына шақырылғандығын ресми жария етуде. Соңғы ақпараттарға қарағанда, олардың саны 30 мыңнан 75 мыңға дейінгі адамды құрайды. Газа секторына екі сауытты танк дивизиясы мен Израильдің 2 жаяу бригадасы шоғырлануда.

Есте болса, осыдан 4 жыл бұрын «Құйма қорғасын» операциясы барысында 4 мыңнан астам палестиндік қаза тапқан еді. Міне осындай бейбіт тұрғындарды жаппай қазаға ұшырататын кезекті қырғынға әлемдік ойыншылар жол бермеу амалын таба ма, әлде отқа май құя түсе ме? Бұл бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр.

Дереккөз: inform.kz

17 қараша 2012, 13:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.