Атырау, 21 желтоқсан 03:21
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Сарыөзектегі апат: экожүйе зардап шекті ме?

4 075 просмотра


Сарыөзек арнасының үстінен өтетін кәріз коллекторының жарылуынан болған коммуналдық апаттан кейін Атырау тұрғындары бұл су Жайыққа жете ме деп алаңдай бастады. Естеріңізге сала кетсек, 10 ақпанда кешқұрым Сарыөзек елді мекені маңында «Атырау Облыстық Су Арнасы» КМК-нің кәріз құбыры жарылды.  Кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлағандай, апат 11 ақпанға қараған түні сағат 01:00-де жойылды. 

Біздің сауалдарымызға жауап берген облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫ Сарыөзек арнасы – ауыл шаруашылық қажеттіліктеріне арналған арна екенін, оған су көктем мен жаз айларында сорғы арқылы Жайықтан жіберілетінін түсіндірді.  

- Бұл арнадан Жайыққа су кетпейді. Су сорғы құбырындағы арнайы сүзгіштерден уылдырық болмаса, балық Жайыққа өте алмайды. 2018 жылы желтоқсанда балық қырылғаннан кейін құрылып, қазір де тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық комиссия 11 ақпанда Сарыөзекті тексеруге шықты. Мұздың астынан бірнеше 3-4 сантиметрдей шалажансар шабақтар табылды. Бұл оттегінің жетпеуінен болуы мүмкін. Себебі, таяуда күрт аяз тұруына байланысты каналдың тайыз суы түбіне дейін қатып қалған.

Сәдібекұлының айтуынша, балықтың ішкі ағзасын зерттеу үшін салмағы кем дегенде 1 келі болатын балық қажет. Егер төтенше жағдай болғанда комиссия БАҚ үшін арнайы брифинг өткізер еді. Себебі 2018 жылда орын алған апатты оқиғадан кейін облыстың барлық су қоймалары комиссияның күшейтілген бақылауында тұр.

13 ақпанда Экология департаменті баспасөз хабарламасын жариялады. Онда 10 ақпанда экологтар «Атырау Облыстық Су Арнасы» КМК және балық шаруашылығы басқармасының қызметкерлерімен бірге апат орнында тексеру жүргізгені айтылған. Құбырдың жарылған жерінен және ағыс бойымен 150 метрдей қашықтан су сынамалары алыныпты.

14 ақпанда сынамалар қайта алынған. Қорытындысы кейінірек, 10 наурызға дейін белгілі болады. 

Ал су сынамалары қандай құрам (биологиялық, химиялық) бойынша анықталады, өзектен су ішетін малдың жағдайы не болады, жер асты сулары арқылы Жайықтың ластанбауына кепілдік бар ма? Міне, осындай сұрақтар қала тұрғындарына маза бермей тұр.  

Бұл сұрақтарға экология департаменті мен «Атырау облыстық Су Арнасы» мекемесі зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алғаннан кейін ғана жауап беруге уәде берді.

Мен жағдайды өз көзіммен көру үшін Сарыөзекке бардым. Бұл жерге көптеген тұрғын үйлер салынғанын атап өткен жөн шығар. Каналға жақындағанда маған жергілікті тұрғындардың бірі ілесті. Шаруа қожалығының иесі екен. Оның айтуынша, Жайықтан Редут маңында бөлінген канал бұрын Каспий теңізіне қосылатын. Қазір Жайық пен теңіздің тайыздануына байланысты Сарыөзек каналы осы маңдағы бір шаруа қожалығының аумағынан шектеледі екен. Біз кәріз суларын тазалау станциясынан сарқынды суды айдайтын жақын орналасқан екі үлкен құбырды көрдік. Апат салдарынан аққан нәжістер судың бойымен 200-300 метр жерге дейін тараған. Жолай қосылған серігіміз «Су Арнасының» қазір суды тартып шығарып жатқанын, бірақ мұның жеткіліксіз екенін айтты. Қазір арнаның суы аз және ағыстың болмауы лас судың тез таралмауына септесіп тұр екен.

Канал бойында бірнеше шаруа қожалығы орналасқан, олардың малы осы жерден суарылады. Мен бұл жануарларға қалай әсер етуі мүмкін деп сұрағанымда, ер адам «әрине, бұл жақсы емес» деп терең күрсінді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Суретті түсірген автор

15 ақпан 2020, 17:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.