Атырау, 27 желтоқсан 02:31
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қазақстанда «ойдан шығарылған» діни секталар жұмыс жасаған – өкіл имам

2 587 просмотра

Қазақстанда ғаламдық деңгейде мойындалмаған, тарихи болмысы жоқ діни секталар жұмыс жасаған. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Ораз Серікбай BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

«Қазақстанда 40-тан астам конфессия бар. Ол қырықтан астам дін бар деген сөз. Біз әлемге осылай танылдық. Жүргізілген қайта тіркеу процесінің арқасында бұл көрсеткіш 17 конфессияға ықшамдалды. Білсеңіздер, ғаламдық деңгейде мойындалмаған, тарихи болмысы жоқ секталардың өзі 1992 жылы қабылданған заңның көп еркіндік беруінің арқасында дін ретінде, конфессия ретінде еніп, ел аумағында өз жұмыстарын жүргізген. Сол себепті, діни бірлестіктердің қайта тіркеуден өтуі бізге республикадағы діни алаңды тазартуға, оң-солымызды танып, етек-жеңімізді жинап алуға мүмкіндік берді», - деді Ораз Серікбай.

Өкіл имам, сондай-ақ діни әдебиеттер жайына да тоқталып өтті.

«Дін саласында біздің бас ауруымызға айналған тағы бір мәселе бар. Ол – діни әдебиеттер жайы, яғни діни наным-сенімдерді уағыздаушылар. Осы уақытқа дейін қоғамдық көліктерде, саябақта, көшеде, тіпті пәтеріңіздің есігін қағып, түрлі әдебиеттерді қолыңызға ұстатып кететін дін насихаттаушыларына қатысты ешқандай шара қолданылған жоқ. Себебі, заңнамалық тұрғыдан қарастырылмаған. Енді жаңа заң өз күшіне енгеннен бастап, діни әдебиеттердің таратылуына тыйым салынып, олар сол діни бірлестіктің территориясында немесе жергілікті әкімшілік белгілеп берген орында ғана сатылады. Міне, жаңа заңның еліміздегі дін саласын қаншалықты ретке келтіріп жатқанын осыдан-ақ байқауға болады. Сондықтан, Қазақстандағы барлық дін өкілдері, оның ішінде дәстүрлі ислам дінінің өкілдері аталмыш мәселе бойынша мемлекет бағытын қолдайды», - деді сөз соңында Ораз Серікбай.

Еске сала кетсек, 2011 жылдың 11 қазанында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды. Оған сәйкес, дiни бiрлестiк оны мемлекеттік тіркеген сәттен бастап заңды тұлғаның құқық қабiлеттілігiне ие болады. Республикалық діни бірлестіктер мәртебесін растау үшін тіркелген күнінен бастап бір жыл өткенге дейін тіркеуді жүзеге асыратын органға олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) аумақтық әділет органдарында есептік тіркеуден өткенін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті. Осы талаптар орындалмаған жағдайда, республикалық діни бірлестік ҚР заңдарында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылады немесе таратылады.

Аталған заңға сәйкес, осы жылдың қазан айының 25-не дейін республикадағы барлық діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтуі тиіс болатын.

Дереккөз: bnews.kz

16 қараша 2012, 17:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.