Атырау, 23 желтоқсан 09:11
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Белгілі театр сыншысы Әшірбек СЫҒАЙ: «Бізде сәл сын айтқан адамды жау көреді»

9 752 просмотра

Өткен аптада Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрын аттестациялауға Алматыдан арнайы келген театр сыншысы, профессор Әшірбек СЫҒАЙ жергілікті актерлардың ойынына өзінің лайықты бағасын беріп кетті. Атырау театрының репертуарындағы «Қарагөз», «Махаббат мұнарасы», «Супер келін» спектакльдерін көріп тамашалаған сахна өнерінің жанашыры Қазақстан театрының бүгінгі ахуалы жөніндегі ой-пікірімен де бөлісті.

КЛАССИКА– ТЕАТР ДІҢГЕГІ

- Әшірбек аға, Атырау театрының репертуарындағы үш спектакльді көрдіңіз? Не айтасыз?

- Үш спектакльді де үш түрлі режиссер түсірген екен. Әр театр «Қарагөз» спектаклі сияқты ұлттық классикамыздың інжу-маржандарын әр буын актерларының үлгісі ретінде өзінің репертуарында ұстауға міндетті. Өйткені, классикасыз актерлар өспейді, драма алға жылжымайды. Осы тұрғыдан алғанда, спектакль дұрыс таңдап алынған. Ондағы Нарша, Сырым, Қарагөз – негізгі үштік. Осылардың басынан өткен драма бірте-бірте қоюлана келе, трагедияға ойысады. Оларды өз еркіндіктеріне жібермей тұрған Қарагөздің әжесі - Мөржан. Оны түсінуге болады. Ол немересі үшін жанұшырған ана. Осы ретте Мөржанды сомдаған актриса Әдемі Сисекенова бір түрлі тартымды, тіпті кейбір сәттерде жағымды. Әдетте Мөржанды көп актрисалардың орындауында қатігез, менмен, тәкаппар, үстем, соншалықты қаһарлы етіп көрсетеді. Сисекенованың тапқан табысы – Мөржанды жұмсақ, ішкі жан дүниесі жылы етіп көрсетуі. Немересінің үстіне түсіп, өліп кетейін деп жүрген көбелек қанат, ақкөңіл, ақкөйлек Мөржанды көресің. Бұл жағынан мен режиссердің трактовкасы мен актриса ұстанған бағытты дұрыс деп таныдым. Ал Қарагөзді ойнаған актриса (Шынар Рамазанова – А.А.) әлі тәжірибелік жағынан аса ысылмаған, толық ашылмаған. Бірақ, кескін-келбеті, фактурасы, материалы, табиғаты өте жақсы. Наршаның рөлі (рөлде ойнаған актер - Архат Мұхамажитов – А.А.) шикілеу, үн құбылу сәттері, барлығы балаң, әлі толыспаған. Сахналық еңбекке төселмеген актердің кейпінде қалып қойған. Сондықтан оған әлі де іздену керек. Сырымды ойнаған актер (Нұрбек Сиезхан- А.А.) өзі бойшаң, Сырымды ойнаса сол ойнайтыны байқалып тұр. Образдың табиғатын ашу үшін актер бірінші, екінші планда әрекеттенуі керек. Мәтінде жоқ, мәтіннің қалтарысында жатқан мәселелерді ұғындыруы керек. Осы жағына ол да әлсіздік танытып жүр. Қозғалысынан, жүріс-тұрысынан, көзқарасынан сенімсіздігі байқалады.

Жалпы айтқанда, спектакль өмір сүруге хақылы. Мұны қойған Нұрлан Жұманиязов ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар тәжірибелі режиссер.

«ТАЛАНТТЫҢ ҚОЛЫН ДАРЫНСЫЗДАР БАЙЛАЙДЫ»

Келесі «Махаббат мұнарасы» спектаклінің (Ақсақ Темір туралы, қойған режиссері Шапай Зұлқаш  - А.А) – актуалдылығы ұнады. Талантты адамдардың қолын байлайтын талантсыз адамдар. Соны әдемі ашқан. Талантты кісілер шарасыздау, қауқырсыздау болады. Талантсыз адамдар соларға шырмауықша жабысып, жолын бөгеп, соларды байлап, матап, талантты адамдардың тірлік жасауына мүмкіндік бермейді. Ақсақ Темірді ешкім ақымақ дей алмайды. Ол бүкіл Орта Азияны тентіреткен. Ал енді қулық-сұмдықтарға, айлаларға оның да амалы жоқ екен. Неге десеңіз, пьесадағы өсекшілер, жағымпаз-жарамсақтар, кімнің болса да миын айналдырып, тура келе жатқан бағытынан ауытқытып жібереді екен. Міне, Ақсақ Темірдің өмірі осының айғағы. Кіші ханымның рөліндегі жас актриса Шынар Рамазанова төсегінде жатып, еркексіреп, дөңбекшіп, ыңырсып, кісінің сезімін қоздыратын көңіл-күйлерді тәжірибесі жетпегеннен көрерменге ашып жеткізе алмады. Содан да оның образы солғын болып шықты. Бір әртіс кем, бір әртіс артық ойнаған болар. Бірақ, спектакльдің тақырыбы өзекті, қоғамға зәрулігі басым. Жазушылардың айтпағы – бүгінгі небір талантты адамдарды жерге тығып жіберуге даяр тұрған талантсыздардың берекесіз іс-әрекеттері.

Бұл жерде суретшілердің де еңбегі - мұнараны үлкен етіп жасауында. Бірақ, соңғы жағында Ақсақ Темірдің өзі «мен кетермін бақилыққа, махаббат мұнарасы қалады екен жарқылдап, өйткені ол өнер туындысы» деген ойға келе, көз жұмып кете барады. Махаббат мұнарасы мәңгілікке қалды. Бұл символдық шешім. Осы жерде жарық берілуі керек еді. Техникалық жағынан ба, соңғы жағы қалыпты жағдайда көрінбеді. Бірақ, режиссердің түпкі ойы дұрыс.

Ал комедияға құрылған«Супер келін» спектаклі - жеті ұл, жеті келінді ұстап, бір үйдің билігін уысынан шығармай отырған қария кеуана Фармонбибінің басынан өткен шырғалаңдарды көрсетеді. Бірақ, ең жас келін бұған «бунт» көтереді. «Неге біз барлығымыз қартайған кемпірдің айтқанынан шықпай, бір үйде омалып отыруымыз керек» деп, басқа абысындарын үгіттеп, күйеулеріне қарсы шығады. Оны күйеулері қайталап әйелдерін мазақтайды. Осы жерде қайталаулар созылып кеткен. Соның нәтижесінде бір спектакль екі сағат он минут жүрді. Ұзап кетті. Комедия ырғақты және тым әсерлі болуы керек. Және нұсқа, қысқа болуы керек. Осы жағы жанрдың талаптарын сәл төмендеу алған. Негізі мұны қойған режиссер Оралдан шақырылған Мұханғали Томановтың талантты жігіт екенін көрдім. Актерлармен өте жақсы жұмыс істейтіні байқалады. Назардан тыс қалған әрекет жоқ. Тұрмыстық белгілерді сақтай отырған. Әртүрлі көріністер мен әрекеттер логикалық тұрғыда әдемі қарастырған. Кісінің қаперіне ілінерліктей детальдармен, штрихтармен көмкеріп отырған. Музыкалық жағынан да жақсы безендірілген. Әртістердің көңіл-күйін ашуға септігін тигізіп жатыр. Дегенмен, кей жерінде музыкамен көбірек әуестеніп кеткенін байқадым. Бірақ бұл филармония емес, драма театры.

БҮГІНГІ КҮННІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ ҚАЙДА?

- Біздің жергілікті актерлардың ішінде кімді ерекше атар едіңіз?

- Мысалы актриса Гауһар Қабиева маған өте ұнады. «Супер келіндегі» кемпірдің оң қолы болып, сатқын келінді ойнады. Өзі көрікті де көрнекті. Және өте түсінікті, айқын сөйлейді, дикциясы таза. Үріп ауызға салғандай. Жағымсыздау, сәл шалапұттау келінді ойнап жүргенменен, соншалықты таза ойнайды, шеберлігі жақсы. Сол сияқты мәселен, «Махаббат мұнарасындағы» актриса Айнагүл Мұхтарованы да ерекше айтар едім. Бәйбішені ойнаған кезде бүкіл мінезі жүзінде, көзінде тұр. Қол сермеу сияқты шамадан тыс әрекеттер, артық қимыл жоқ. Кіші ханымға деген өшпенділікті көзінің айналасында ұстап тұр. Міне, бұл - шеберлік. Ақсақ Темірді ойнаған жас актер Бекет Зинуллинде табиғилық, шынайылық бар. Бірақ, оның да сөзінде әлі тығыздық жетіспейді. Болбырлық бар, бостау. Мұның бәрі әлі тәжірибелері толық қалыптаспағаннан.

- Көрермендеріміз қандай әсер қалдырды сізге?

- Үш күн бойы көрермен ретінде келіп отырған жастарды көрдім. Бәрі қол соғып отырды. Бізде мектеп оқушыларын қуып әкеледі деген түсінік бар. Спектакльді жастар көрмегенде кім көреді? Біз спектакльді әкім немесе академиктер үшін қоймаймыз. Жастар өмірдің жақсы сәттерін көру керек. Театрға келмеген адамды жазғыра жөнелуді қою керек. Театрға келетіндей спектакль қоймасаң, өзіңе өкпеле.

Әрмен қарай театр сыншысы бүгінгі заманымыздағы үлгі боларлық тұлғалардың келбеті жасалмағанын сөз етті. Оның ойынша заманауи қазақ қыздарының келбеті сахнадан орын алмай келеді.

- Театрлардың көркемдік кеңес жұмысына да көңілім толмайды,- дейді сыншы. Өтірік мақтау, мадақтау, бармақ басты көз қыстылық көп. Әртістердің өз пікірі жоқ, бар болса іркіп қалады, айтса бәлеге қалады. Спектакль жұрт алдына дейін терең талқыдан өтсе, жұрттың алдында дүркіреп өтер еді. Бізде сәл сын айтқан адамды жау көреді. Сыни көзқарас қалыптаспаған.

Жазып алған Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

23 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.