Атырау, 20 желтоқсан 23:49
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

Көлік иелерінің митингісі: «Біз ештеңе төлемейміз және бізге сары нөмірдің керегі жоқ!»

Сурет Бейнежазба
6 349 просмотра


Кеше, 31 қаңтарда Атырауда облыстық әкімдік алдындағы алаңға шетелдік нөмірлі автокөлік иелері тағы да жиналды. Олар шетелден алып келген көліктерін тегін тіркеуді талап етумен қатар уақытша нөмір алудан бас тартатындарын мәлімдеді.

Полицияның «Қазақтелеком» кеңсесі маңындағы Құлманов көшесін жауып тастағанына қарамастан «армян» автокөліктерін жүргізушілердің бір бөлігі облыстық әкімшілік алдына өтіп үлгерген. Алаңға 100-ден аса адам жиналды.  

Бізге тиіспесін, тек тіркесе болғаны, бізге басқа ештеңенің керегі жоқ. Біз бір жылдың ішінде не істей аламыз? (әкелінген көліктерді тіркеуге билік 2021 жылдың наурызына дейін уақыт берді. - автор). Ондай ақшаны біз таба алмаймыз. Біз оны төлеуден бас тартамыз! – деді Қуаныш есімді жүргізуші. – Билік елге бүгінге дейін әкелінген көліктерді тіркесін, бізге әуелде ешқандай мәселе туындамайды деген болатын.

Митингіге келген жүргізушілер уақытша 18 аймақтық сары нөмір алудан бас тартты, олар Қазақстанда мұндай аймақтың жоқ екенін, бұл тек мәселені уақытша ғана шешетінін мәлімдеді.


 «Армян» автокөліктері жиі кінәлі болатын жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына қатысты жүргізушілер жауапкершілікті мойындарына алуға дайын екендерін жеткізді.

Егер біз ережені бұзсақ бізге ұйғарым жіберсін, біз айыппұлды төлейміз. Бізді сақтандыру дерекқоры арқылы табуға болады. Түсінесіздер ме, қазір бұл жерге келгендердің бәрі өздері үшін жүргендер, бұл көлікпен біз отбасымызды асырап отырмыз. Алдында әкімдікке барған біздің көшбасшымыздың біріне бүгін ескерту жасап, полицияға алып кетті, - деді наразы болғандар.

Жиналғандармен келіссөз жүргізуге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВ пен қала әкімінің орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ шықты. 

 


- Тараңыздар. Сіздердің осының алдындағы екі рет жиналып, президент Тоқаевтың атына жолдаған өтініштеріңізге шамамен 800 адам қол қойды. Бүгін біз ол хаттың кеңсеге түскені жөнінде хабарлама алдық. Жауап дайындалып жатыр, кішкене уақыт керек, - деді Жасұлан Бисембиев.

- Армения бір кездері еліне кедендік жеңілдікпен тек өз азаматтары үшін автокөліктер әкелді.  Армения қазақстандықтарға техникалық құжатты рәсімдеп, транзиттік нөмірді берген жоқ. Міне, бар мәселе осыдан туындап отыр. Енді біздің азаматтар көлікті Қазақстанда тіркеуге міндетті, - деді қала әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев.

 Жиналғандар жақында ғана қалалық әкімдікте қабылдауда болған наразылық көшбасшыларының бірі Абайды босатуды талап етті.

 Сәл кейіндеу жүргізушілер алдына облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ шықты. Ол да наразы болған автокөлік иелеріне билік әрекетінің барлығы заң аясында жүргізіліп жатқанын түсіндіруге тырысты.


Көптеген ереуілшілер тіркеудің ресейлік нөмірлі көліктерге неге қатысы жоқ деп сұрады? Бұл сұраққа әкімшілік полиция бастығының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ жауап берді:

- Ресейлік нөмірлі автокөліктер Ресей азаматтарының атына тіркелген, сондықтан да олар Қазақстан аумағында бір жыл жүре алады. Кейін олар елден 30 күнге шығып кетуге тиісті. Ал Армениядан келген көліктер Қазақстан азаматтарының атына тіркелген, сол себепті олар бізде 10 күн ішінде тіркеуге алынуы керек.  

Кездесу соңына қарай әкімдік өкілдері жиналғандарды тарауға шақырды және олардың ұжымдық өтініштеріне жауаптың 6 ақпанда берілетініне уәде етті.


 Алаңда полиция алып кеткен Абаймен телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндік туды, ол өзіне ескерту жасалғанын растады.

 - Иә, маған митингіге шықпа, әйтпесе әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығымды ескертті. Күн сайын мені ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырып жүр, - деді Абай жиналғандарға дауысты байланыс арқылы.

Бисембиев уақытша сары нөмір алмаған жүргізушілерге әзірше еш кедергі жоқтығын айтты. Екі сағаттан соң жиналғандар тарап кетті.



 Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

 Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт  НҰҒЫМАНОВ

 

1 ақпан 2020, 12:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.