Бұрын бүлдіршін өзінің қайдан пайда болғанын сұраса, әдетте қысылған ата-ана «аһ дегенде аузымнан түстің» немесе «құс әкеліп тастады» деп жататын. Енді «шыны түтіктен пайда болдың» деген жауапты да айтуы мүмкін. 2010 жылы алматылық дәрігерлердің шеберліктерінің арқасында пайда болған 60-тан аса атыраулық сәби дүниеге келген. «АЖ» сұрақтарына «ЭКО» алматылық экстракорпоральды ұрықтандыру орталығының директоры Тамара ЖҮСІПАЛИЕВА жауап берді.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
25 шілдеде экстракорпоральды ұрықтандыру көмегімен дүние есігін ашқан алғашқы адам – британдық Луиза Браун 33 жасқа толады.
КСРО кеңістігінде «шыны түтіктен пайда болған» алғашқы сәби Луганск облысының Красный Луч қаласының тұрғыны Елена Донцова. Ол 1986 жылы РАМН Ғылыми акушерлік және гинекологиялық орталығының емханасында дүниеге келген.
Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі ЭКО емханасында 1995 жылы алғаш рет енгізілді. Тоғыз айдан кейін, 1996 жылдың 31-ші шілдесінде «шыны түтіктен» пайда болған алғашқы қазақстандық сәби дүниеге келді.
БЕДЕУЛІК - ЕРКЕК ПЕН ӘЙЕЛГЕ БІРДЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ
- Тамара Мұфтахқызы, бедеуліктен кім көбірек жапа шегеді, әйел ме әлде ер адам ба?
-Егер бұрын баланың жоқтығына үнемі әйелді кіналайтын болса, қазір бұған себеп болған жағдайдың жартысы еркектерге байланысты екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы еркек бедеулігінің 16 себебін және әйел бедеулігінің 22 себебін көрсеткен. Біз соңғы жылдардағы мәліметтерге талдау жасап, мынадай тұжырымға келдік: отбасылық жұптардың шамамен 70 пайызына дәстүрлі емдеу әдістерімен – дәрі-дәрмектермен емдеу, консервативтік немесе хирургиялық әдістермен көмектесуге болады, ал 30 пайыз баласыз жұптар репродуктивтік технология көмегіне мұқтаж. Алайда халық бедеуліктен емдеу әдісі туралы әлі де дұрыс хабардар емес. Көпшілігі бір сәтін салар деп жылдап зарыға күтсе, екіншілері бақсы-балгерлерге және басқа да тәуіптерге үміттенеді.
- «Шыны түтікте» ұрықтандыру процедурасы қалай жүргізіледі?
- Егер екі ауыз сөзбен және ғылыми терминдерсіз айтар болсақ, шамамен былайша көрініс табады: түрлі гормональды препараттардың көмегімен аналық жыныс безінің жұмысын ынталандырады. Нәтижесінде бірден бірнеше аналық жасуша пісіп жетіледі. Қынап қабырғасына арнайы жіңішке инені шаншып, аналық бездің ішіндегісін сорып алады да микроскоп арқылы аналық жасушаларды іріктейді. Бұл процедура ауыртпайтын дәрі арқылы жүргізіледі және бар болғаны бірнеше минут уақыт алады. Алынған аналық жасушалар қоректік ортасы бар стерильденген шыны түтікке салынады. Содан соң бұл түтікке тіршілікке икемді аталық ұрықты салады. Бұл эмбрион бірнеше уақыт инкубаторда болады. Егер бәрі дұрыс болса, бірер күннен кейін дамып жатқан эмбрион әйелдің жатырына салынады.
Еркектің бедеулігі кезінде, аталық ұрық, мәселен, баяу қозғалатын болса, біз ИКСИ әдісін (аталық ұрықты аналық жасушаға енгізу) қолданамыз. Аталық ұрықты жедел әдістермен алуға тура келетін жағдайлар кездеседі. Бірақ бұл да емханамызда жүзеге асырылатын басқа әдіс. Сондай-ақ суррогат арқылы ана болуға және донорлық аналық жасушамен экстракорпоральды ұрықтандыруға да болады.
ЖЫНЫСЫН ТАҢДАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН
- Болашақ сәбидің денсаулығына осы әдіс арқылы ықпал етуге бола ма?
- Иә. Қазір кейбір тұқым қуалайтын ауруларды нақты жоя аламыз. Дәрігерлер эмбрионды жатырға салмас бұрын зерттеп, тексереді. Бойында тұқым қуалайтын аурулар гені бар, мәселен, Даун кеселі бар ұрықтар шығарылып тасталады.
- Тек қыз балалары ғана бар отбасылық жұптар өз тегін жалғастыратын ұл баланың да болғанын қалайды ғой... Дені сау жұптар ұл баланы дүниеге әкелу үшін ЭКО әдісін пайдалана ала ма?
- ҚР «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, сәбидің жынысын таңдауға тыйым салынған.
КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРЫЛҒАН ӘКЕЛІК
- Серігінің жоқтығына қарамастан аналық сезімін бастан өткергісі келетін жалғызбасты әйелдер ЭКО әдісіне жиі жүгіне ме?
- Жиі деуге болады. Мұндай жағдайларда тиісті банктен донорлық биоматериалды қолданамыз. Оны тапсыратын ер адамдар мұқият тексеруден өткізіледі. Олардың дендері сау, текті, сондай-ақ, әйелі мен кем дегенде екі дені сау баласы болуы керек. Арнайы ерітіндімен араластырылған биологиялық материал - сұйық азотпен 167С температурада ыдыста сақталады. Донордың биоматериалын жасанды ұрықтандыру 55 мың теңге тұрады.
Айтпақшы, ұрық банкінде ер адамдардың әрбіреуі өзінің жеке генетикалық материалы үшін ұяшықтан орын алуына болады. Мәселен, қауіпті іссапарға шығар алдында, сәулелі немесе химиялық терапия алар алдында немесе жай ғана сақтық үшін. Жылдар өткен сайын зиянды әдеттер мен кеселдер жинақталып, шәуеттің сапасы нашарлайды ғой. Ал біздің банкте ұрық қажет уақытқа дейін сақталады. Осы қызмет құны – жылына 50 мың теңгеге дейін құрайды.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Осындай мұқияттылықтың пайдасы бар екендігіне шеффильдік ағылшын әйел Диана Бладтың хикаясы дәлел болады. Ол 29 жасқа толғанда күйеуі қайтыс болыпты. Бағына қарай аталық ұрық банкінде оның шәуеті сақталып қалған екен. ЭКО әдісінің арқасында миссис Блад Лайм есімді ұлды дүниеге әкелген. Ал үш жыл өткеннен кейін Джоэль есімді тағы бір сәби дүние есігін ашқан. Диананың өтінішімен британдық сот ресми түрде балаларды заңды некеде туылған деп таныған.
ҚЫМБАТ БАҚЫТ
Жұптар көбінесе емханаға өздері келеді. Өйткені ЭКО әдісіне квота алуға көбінің қолы жете бермейді. Өткен жылы, мәселен, Атырау облысында мұндай квотаны тек 3 әйел ғана алған. Оларда да кейінірек мұқият тексеруден кейін ЭКО әдісіне қарсы көрсетілімдер бар екендігі анықталды.
- Тамара Мұфтахқызы, ол қандай қарсы көрсетілімдер?
- Кез-келген бедеу әйел бұл әдісті қолдана алмайды. Біріншіден, жүктілік пен босану үшін қарсы көрсетілімдер соматикалық және психикалық аурулар болуы мүмкін. Екіншіден, жатыр қуысының туа біткен даму кемістігі немесе кейіннен пайда болған деформациясы. Үшіншіден, бұлар аналық жыныс безінің ісігі. Төртіншіден, әйелде қолма-қол емдеуді талап ететін жатырдың зарарсыз ісігі болмауы тиіс. Бесіншіден, кез-келген өткір қабыну аурулары да қарсы көрсетілім болуы мүмкін. Соңғысы – процедура кезіндегі кез-келген қатерлі ісіктің болуы.
- ЭКО қанша тұрады?
- Процедураның өзі - 285 мың теңге. Ал дәрі-дәрмектерді қоса есептегенде, 500 мыңнан 750 мың теңгеге дейін барады. Біз нәтижесі үшін жауап бермейміз, бұл келісім-шартта айтылған. Жүктілік бірінші әрекеттен кейін шамамен 40 пайыз әйелде басталады. Екінші әрекетте тиімділігі артады. Бізде бесінші әрекеттен кейін ғана әйел жүкті болған жағдайлар кездесті. Әрине, әйелден көп күш пен төзімділік талап етіледі. Оның үстіне қаржылық факторды да ескеру керек. Алайда сәби үшін күрескен жөн.
Анастасия ПАСТУХОВА