Атырау, 7 қазан 10:06
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Кәсіподақ төрағасын тыңдауға міндетті емеспіз»

3 516 просмотра

Қашағаннан жетіп жатқан хабарларға қарағанда, ол жақатағы еңбек қатынастары мәз емес. Ал жұмысшылардың құқықтарын қорғау үшін сөз жоқ, мықты кәсіподақтар қажет. Бірақ мұндай қауқарлы кәсіподақтар бар ма, әңгіме сонда.

ССС-ТЕГІ ҚҰПИЯ КЕЗДЕСУ

Өткен аптада телемұнара маңында орналасқан ССС (Consolidated Construction Company) ливандық компаниясының кеңсесінде кәсіподақтардың жиналысы өтті. Атырау облыстық құрылысшылар кәсіподағының төрағасы Есет ӨТЕУЛИЕВТІҢ шақыртуыменкомпания кеңсесіне «АЖ» тілшілері де келіп жетті. Алайда, компанияның күзетшілері біздің тілшіні «құрылысшылардың облыстық кәсіподағының төрағасын тыңдауға міндетті емеспіз, бізге емес, өзіне шақырсын» деп, ішке кіргізбеді. Ал Өтеулиев мырзаның өзі сол жиналыстан кейін біздің тілшілердің бірнеше қоңырауын жауапсыз қалдырды. Дегенмен «АЖ» редакциясына мынадай мазмұндағы хаттар келіп түсуде: «Мен Қашаған теңізі кен орнында жұмыс істеймін. Неге қазақстандық жұмысшыларға сондай аз төлейді? ССС араб компаниясында жұмыс істеп отырған электр мамандары айына 50/60 мың теңге алады. ССС мен Кейп компаниясындағы таңнан кешке дейін ауыр тұрбаларды таситын ағаш монтаждаушылардың да алатыны бар болғаны 70/80 мың теңге. Неге біздің жоғары шенді шенеуніктер осы проблемаларды қадағаламайды?» - деп жазады ССС компаниясының жұмысшылары.

Біздіңше, дәл осы еңбекақы төлемдері мен әлеуметтік кепілдіктер, еңбек шарттары мәселелерін кәсіпорын кәсіподақтары көтеріп, шешуі тиісті. Өйткені, осы мердігер құрылыс компанияларының барлық жұмысшылары кәсіподақ мүшелері болып есептеледі ғой. Олар 2009 жылы құрылысшылардың облыстық кәсіподақ төрағасы етіп Есет ӨТЕУЛИЕВТІ тағы да 5 жылға пролетариаттың құқығын қорғайтын болады деген үмітпен қайта сайлаған болатын. Сонда есептік-сайлау жиналысында ол кәсіподақтың облыстық комитеті 19 алғашқы кәсіптік мекемелерден тұратынын, ал олар құрылған компанияларда 12 мыңдай адам жұмыс істейтінін мақтанышпен айтқан еді. Бүгінде сол кәсіподақтардың саны әлдеқайда өскен болар.

ӘЖЕТХАНАДАН ДА ӨЗ ТАУАРЫМЫЗДЫ КӨРГІМІЗ КЕЛЕДІ

ССС жұмысшысы тағы бір жайтқа назар аудартты: «Біздің президент Н. Назарбаев мырза әрбір халыққа жолдауында Қазақстан экономикасы көтеріліп келеді деп айтады. Қайдағы экономика өсімі, егер Қашағанға табиғи шырынды Өзбекстаннан әкеліп жатса (Made in Uzbekistan деп жазылған). Демек, Қазақстанда шырын шығармайтын болғаны ғой сонда? Мен онда бірінші жыл жұмыс істеп отырғаным жоқ. Қазақстанда тігілген бірде-бір киім жоқ. Маман киімдері – Қытайдікі, сабын – араб немесе үнді елінен келген, кешіріңіз, әжетхана қағазы да – Ресейдікі...».  

Бізге белгілісі, жергілікті билік қазақстандық кәсіпорындардың қызмет көрсетуге кеңінен тартылып жатқанын, яғни «қазақстандық құрамның» басымдығын айтудан жалығар емес. Мүмкін, олар Қашағанға тек сырттан келетін тауарлардың ғана түсетінінен хабарсыз болар немесе бұл қалыпты жағдай деп санайтын да шығар.  

ҚАРЖЫ ШЫҒЫНЫНСЫЗ ҚЫСҚАРТУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ

Ал біздің келесі оқырманымыз тағы бір елдің бәріне белгілі проблеманы қайта жаңғыртыпты.

«Мен Қарабатанда және Қашағанда да жұмыс істедім. Қазір мынадай үрдіс жүріп жатыр: шетелдік компаниялар қазақстандықтарды жұмысқа аларда, оларды біздің субмердігер комманияларына орналастырады. Бұл «жағымсыз» адамдардан  тезірек құтылу үшін және мамандарды қаржы шығынынсыз қысқарту үшін жасалып отыр. Ал субмердігер компаниялары мамандарды қысқарту кезінде адамға ештеңе де төлемеу үшін барлық айла әрекеттерді іске асыруға тырысуда. Бұның бәрі өзімнің басынан өткен. Шетелдік компанияларды біздің азаматтарымызды тікелей жұмысқа алуды міндеттейтін заң керек. Бұл субконтрактілі жергілікті компаниялардың көпшілігі негізінен жұмыс күшін тапсырумен айналысады. Осындай субконтрактілермен аты шыққан компаниялардың бірі - ССС. Оның өзіне қабылданған адамдарды субмердігер компанияларына рәсімдеген жағдайлар болды. Бұл мәселе жөнінде біз тапсырыс беруші – АДЖИП-ке арыздандық. Онда бәрі заңды деп қолдарын жаяды. Өткен жылы наразылық білдіргендер де осы Қашағандағы субконтрактілі компаниялардың жұмысшылары болатын».

Заңгер Александр РОТЕНБЕРГТІҢ айтуынша, «егер жұмысшылар өз құқықтары бұзылды деп санайтын болса, оны қолдағы нақты құжаттармен нақтылаулары керек. Тек жеке еңбек шартымен таныса отырып, еңбек заңдылығының бұзылғандығы туралы мәселе көтеруге болады».

Сания ТОЙКЕН

Айнур АСЫЛБЕККЫЗЫ

23 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.