Атырау, 29 қараша 08:41
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Тимур және оның командасы - Атырауда (+фото)

3 779 просмотра

9 қарашада Атырауға «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымдары қауымдастығының төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ бастаған бүкіл қазақстандық мұнай саласының серкелері келді.

Меймандар орналасқан (олардың бір бөлігі ертерек келген) «Ренессанс» қонақ үйінің әдеттегі тыныш алаңын полиция мен қауiпсiздiк қызметінің қызметкерлерi қоршап алды. Қонақ үйге жақын аумақты иісшіл иттердің көмегімен әлденеше рет тексеріп шықты. Шамасы, мұның бәрі Құлыбаев үшін жасалған болуы керек. Өйткені ол мінген ұшақ Атырау жеріне қонды деп алаңда тұрған полицейлерге хабарлаған кезде, олар жұмыстарды жеделдетіп жіберген еді. 

 

КҮЛКІЛІ ПАЙЫЗ

Түске дейін меймандар танымал мұнайшы Ұзақбай ҚАРАБАЛИННІҢ 65 жылдық мерейтой құрметіне орай Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткізілген салтанатты жиналысқа қатысты. Мерейгерді Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҚР Мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ, «ҚМГ» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Ләззат ҚИЫНОВ, Гурьев облыстық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Есен ТАСҚЫНБАЕВ, «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ» ЖШС бас директоры Мәнсия БАБАШЕВА және басқалар құттықтады. Қарабалинге «Атырау облысының құрметті азаматы» төсбелгісі тапсырылды.

Содан соң «ТШО» ғимаратында Ғылым, инновация және еліміздің мұнай-газ саласындағы қазақстандық қамтуды дамыту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісі өтті. Онда Б. Ізмұхамбетов шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру қажет екендігі туралы айтты. Алайда оның айтуынша, iрi жер қойнауын пайдаланушылар батыстық мұнай-сервистік компаниялармен ұзақ мерзiмдi шарттар жасағанды қалайды екен. Сондықтан тауарлардағы қазақстандық қамту үлесі ТШО-да 4%, НКОК-та - 2% құрайды.

Адам ресурстарын пайдалану саласында да осындай жағдай. Компаниялар шетелдік мамандарды жұмысқа алғанды жөн көреді, ал тіл білетін және шетелде жинақтаған тәжірибелері бар жергілікті кадрлар қажетсіз боп қалып отыр.

- Кешікпей мұнай-газ секторы үшін мамандар даярлайтын өңірлік орталыққа іріктеу басталады. Сол кезде болашақ түлектердің мұнай компанияларына қажеттілігі туралы мәселе туындайды, - деп атап өтті Ізмұхамбетов.

ҚР заңнамасындағы соңғы өзгерістерге сәйкес, компаниялар жылдық жиынтық табыстың 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аударуы тиіс. Бұл норма мұнай-газ компанияларының бәсекеге қабілетті өнімдерге сұранысын қанағаттандыра алатын жаңа өндірістер құруға және осылайша бизнесті инновациялық қызметпен біріктіруге бағытталған. Бұл талаптың тетігі жұмыс істеуге әлі жеткіліксіз. Алайда, Ізмұхамбетовтің пікірінше, жер қойнауын пайдаланушылардың қатысы тек қаржы салумен шектелмеуі тиіс.

 

СЫПАЙЫ МЫҢБАЕВ

- Сарапшылар жеңіл мұнай заманы өтіп кетті деген бірдей пікірде, бүгінде оны өндіру процесі жаңа инженерлік технологиялармен жүзеге асырылады. Ал бұл қымбат дүние, - деді ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Оның айтуынша, жергілікті қамтудың сақталуына қатысты бүгінгі қиыншылықтар - бастапқыда жер қойнауын пайдаланушылармен шарт жасасқан кезде мұндай талаптардың мүлдем болмағандығымен немесе нақты емес сипатта болғандығымен байланысты екен. Ал жергілікті қамтудың 1 пайызға көбеюі қазақстандық өндірушілерде тапсырыстардың 15 млрд теңгеге көбейгендігін білдіреді.

Соңғы үш жылда осынау пайыздық талаптар ертерек жасалған 170 келісім-шартқа өтіп кеткен мерзіммен енгізілген.

Мыңбаев Қашаған және Қарашығанақ жобаларындағы өнім бөлінісі туралы келісімде, сондай-ақ «ТШО» ЖШС-мен келісім-шартта қазақстандық қамту жағы анағұрлым төмен деңгейде екендігін мойындады:

- Бірақ ірі жобаларды қарастыру кезінде біздің олармен межелі жұмыс істеу мүмкіндігіміз бар.

Шетелдік компаниялардың ұстанымдарына келсек, біздің мәліметтеріміз бойынша олар қазақстандық тараптың талаптарына қатты мазасыздықпен қарап, ал осы мәселе бойынша келіссөздер ширыққан сипатта өтеді екен. Министр бұл туралы саяси тұрғыда сыпайылық танытып, жақ ашпады. Алайда, біздің ақпаратымыз бойынша, ол осында келіссөздерде қазақстандық мүддені аяусыз қорғайды екен. Шетелдіктер біздің қазақстандық қамтуды арттыру жөніндегі талаптарымыз инвестицияны тарту жөніндегі жалпы саясатпен қабыспайтындығын мәлімдейтін көрінеді. Оның үстіне Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін бұл талаптар өзектілігін жоғалтады-мыс. Ал Қазақстандық тарап жауап ретінде өнім бөлінісі туралы келісімді қайта қарау керектігін мәлімдейді. Содан кейін ғана инвесторлар қазақстандық қамтудың арттыру туралы ойлануға келісім береді делініп отыр. Міне, әзірге арқан тартыстың осылайша жүріп жатқан жайы бар.  

- Биыл біз алғаш рет жергілікті қамту жөніндегі міндеттемені орындамағаны үшін 127 млн теңге айыппұл өндіріп алдық. Сатып алу процесінің ашықтығын бұзғаны үшін жер қойнауын пайдаланушыларға 1,8 млрд теңге айыппұл салынатын болады, - деп мәлімдеді ҚР МГМ жауапты хатшысы Қанатбек САФИНОВ. Жалпы тиімді серпін бар. 2009 жылы 8,8 млрд теңгеге, 2010 жылы 36,5 млрд теңгеге қазақстандық тауарлар сатып алынды, 2011 жылы қазақстандық зауыттар мұнайшылардан 43 млрд теңгеге дерлік тапсырыстар алды. 

 

ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕ

Кеңес отырысында жергілікті қамту бойынша 2013 жылға «KAZENERGY» жұмысының жоспары қабылданып, ірі мұнай-газ жобаларына жаңа технологиялар мен инновацияларды ынталандыру және мониторинг жөніндегі сараптама тобы құрылды. Отырыс соңында МГМ мен «KAZENERGY», Атырау облысының әкімдігі мен «KAZENERGY» арасындағы серіктестік және өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.

-  Қазақстандық қамту жөніндегі талаптардан басқа, барлық келісім-шарттарда әлеуметтік салаға қаржы бөлу жөнінде тармақ енгізілетін болады. Бұл тұрғыда осыған дейін тек компаниялардың өз еріктеріне үміт артуға тура келген еді. ТШО-ға лайықты бағасын беру керек, бұл туралы келісім-шартта көрсетілмегендігіне қарамастан, компания жыл сайын аймақтың әлеуметтік мұқтаждықтары үшін 20 млн долларға дейін қаржы бөліп тұрды, - деді меморандумға қол қойылғаннан кейін Б. Ізмұхамбетов.

Содан соң жоғары мәртебелі мұнайшылар АМӨЗ бен Хош иісті көмірсутек өндіру кешенінің құрылыс алаңына аяқ басты. «Синопек» компаниясының қытайлық менеджерлерімен әңгіме кезінде құрылысшылардың кадрлық құрамы туралы сөз қозғалды. Синопектіктер бүгінде оларға әлі жоғары білікті 400 дәнекерлеушілер мен монтаждаушылар қажет екенін айтты:

- Жыл басталғанда біз газетке әлденеше рет хабарландырулар бердік, жұмыспен қамту орталығына хабарластық, бірақ 400 адамның орнына тек 8 адам ғана келді. Қазір тұрба құбырын, металл конструкциясын салу жұмыстары жүріп жатыр, білікті дәнекерлеушілер мен монтаждаушылар сол үшін қажет.

АМӨЗ өкілдері құрылыстардағы кадрлардың жұмыстан кетіп жатқандығына қынжылыс білдірді. 180 мың теңге жалақы алатын жұмысшылардың көпшілігі үш-төрт айдан соң жұмыстан кетіп жатқан көрінеді. Естеріңізге салсақ, таяуда ХӨК алаңындағы ереуіл кезінде ереуілге шыққан жұмысшылар 50-60 мың теңге жалақы алатындықтарын растаған болатын. Олардың пікірінше, көпшілігі жалақылары төмен болғандықтан жұмыстан кеткен.

«Синопек» менеджерлеріне мамандардың тапшылығы жөніндегі мәселені алдымен «ҚазМұнайГазбен», мұнай және газ министрлігімен мақұлдап алуға, содан соң ғана жергілікті билікке жүгінуге ұсыныс берілді.

- Барлық қазақстандық үш мұнай өңдеу зауытының қайта жарақтаудан кейін іске қосылуы ішкі нарықты «Еуро-5» стандартындағы бүкіл мұнай өнімдерімен 100 пайыз қамтуға мүмкіндік береді. Ал әрі қарай артық өнімдерді экспорттауға да мүмкіндік болады. АМӨЗ-ді қайта жарақтау жұмыстарының ерте басталғандығы түсінікті. Өйткені ол ең ескісі және бұл жерде жұмыс көлемі көбірек, - деді С. Мыңбаев.

Ал бұл сапар Нұрсая ықшамауданындағы жаңа үйдің кілттерін Мақат ауданының Ескене поселкесінің қоныс аударушы 80 отбасына тапсырумен аяқталды. Қоныс аудару шығындарын «ҚазМұнайГаз» толығымен өз мойнына алған. Б. Ізмұхамбетов қоныстанушыларды көп кешікпей бұл жерде мектептер мен балабақшалардың салына бастайтындығына сендірді. Әзірге балаларды жақын маңдағы мектептерге жеткізу үшін жылы автобустар бөлінбек.

Ал бұл кезде Тимур Құлыбаев кілт тапсырушылар арасында жоқ еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

12 қараша 2012, 10:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.