Атырау, 10 желтоқсан 00:55
 ашықВ Атырау -7
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Ермұхамет Ертісбаев: Ресей мен Қазақстан халқы ықпалдасуды қалайды

2 720 просмотра

Бейсенбі күні ММУ-де еуразиялық ықпалдастық жобасы аясындағы Ресей мен Қазақстанның келешегі талқыланды. Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында осы мәселе жөнінде өз пікірін білдірді.

Жүргізуші: Ермұхамет Қабидинұлы, сәлеметсіз бе. Бүгін біздің студиямызға келегеніңіз үшін қуаныштымын.

Е.Ертісбаев: Сәлеметсіз бе.

Жүргізуші: Алдымен Еуразиялық одақ жайын сөз етсек. Қазір Ресейде алдағы уақытта Батыс пен Шығысқа таралатын ТМД аумағындағы әлдеқайда терең ықпалдастық мәселесі көп талқылануда. Бірақ біз бұл жайында көршілеріміз не ойлайтынынан бейхабармыз. Айтыңызшы, Қазақстанда Еуразиялық одақпен байланысқа қалай қарайды?

Е.Ертісбаев: Мен бүгін Мәскеу мемлекеттік университетінде болып, Еуропалық одақ тақырыбына арналған дөңгелек үстелде сөз сөйледім. 1994 жылдың наурыз айында дәл осы ММУ-де біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұңғыш рет Еуразиялық одақ идеясын көтерген болатын және 15 жылдан кейін оның идеясы жүзеге асып жатқанына көңілім толды. Кедендік одақтың жұмыс жасап жатқанына 2 жыл болды. Ал 1 қаңтардан бастап, өздеріңіз білетіндей, Бірыңғай экономикалық кеңістік іске қосылды. Нәтижелері көңіл көншітерліктей. Осы жылдың 9 айының өзінде-ақ Беларус, Ресей және Қазақстанның біріккен тауар айналымы 40 млрд долларға ұлғайды. Пайыздық көрсеткіште бұл 2011 жылмен салыстырғанда 111%-ға артық. Яғни, әкімшілік кедергілерді жойып, бірыңғай кедендік тариф енгізіп, ресейлік, белорустық және қазақстандық бизнес үшін 170 миллиондық нарықтың ашылуымен бизнес-қауымдастық осы бағытта белсенді жұмыс жасауды бастап кетті. Әрине, қиындықтар да жоқ емес. Олар – тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі, демпинг, қалып қойған әкімшілік кедергілер. Бірақ Кедендік одақ жұмыс жасауда. Мен Шығыс Еуропа елдері – Чехия, Венгрия, Польшада болдым және жергілікті бизнесмендер үшін Еуропалық одаққа қарағанда Кедендік одақ әлдеқайда қызықты. Сондықтан, екі ел Президенттерінің осы идеясы өткен жылдың сәуір айында (ықпалдастық біздің Президентімізідің сайлау алды бағдарламасындағы маңызды тармақтардың бірі болған еді) Қазақстанда үлкен қолдауға ие болды. Менің білуімше, Владимир Путин өзінің сайлау алды бағдарламасында осы мәселеге үлкен мән берген болатын және қазіргі уақытта аталған бағытта жұмыс жасауды жалғастырып келеді. Сондықтан, екі ел халқы ықпалдасуды қалайды, бизнесмендер жұмыстарын жүргізгісі келеді. Менің ойымша, 2015 жылы рәсімделетін Еуразиялық одақтың келешегі жарқын.

Жүргізуші: Ал Еуразиялық одақтың қай үлгісі Қазақстан үшін әлдеқайда ұнамды?

Е.Ертісбаев: Еуразиялық экономикалық одақ. Ең алдымен экономикалық одақты қалаймыз. Бұл ел басшылығының да, мемлекеттік-саяси элитаның да, Парламенттің де пікірі. Біз саясат экономиканың алдында жүрген өткеннің қателіктерін қайталамауымыз керек. Егер біз мәселенің басына алдымен экономикалық тиімділікті, өзара пайдалы ынтымақтастықты, хаықтың әл-ауқатын арттыруды қойсақ және Кедендік одақ пен болашақтағы Еуразиялық одақ осыған қол жеткізсе, онда бұл жоба басқа елдер үшін де ұнамды болады. Жақында «Российская Бизнес-газета» әлеуметтік сауалнама жүргізді. Оған Армения, Грузия, Украина, Молдавия және өзге де посткеңестік елдерден шамамен 15 мың респондент қатысты. Сұралғандардың жартысынан көбінің кедендік одаққа қатысты көзқарасы оң және өз елдерін осы одаққа мүше болғанын қалайтындарын жеткізген. Сондықтан, болашақтағы Еуразиялық одақ бәсекеге қабілетті болатынын тағы атап өткім келеді.

Нақты мерзім де қойылды: 2015 жыл. Осы уақытқа дейін ол толықтай қалыптасып үлгереді деп ойлаймын. Қазір Қырғызстан да, Тәжікстан да Кедендік одаққа кіргісі келеді. Бірақ ол үшін нақты бір тәртіп бар. Тағы да айтып өтсем, біз тек ықпалдасып қана халықаралық аренада бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Жүргізуші: Ермұхамет Қабиденұлы, Қазақстанның тағы бір экономикалық басты мақсаттарының бірі – бұл ел экономикасында бәсекелестікті арттыруға ықпал етуі тиіс жекешелендірудің екінші толқыны. Ол қалай жүргізілетін болады, қандай нысандар жекешелендіріледі?

Е.Ертісбаев: Ресей мен Қазақстанда (қанша дегенмен, біз Бірыңғай экономикалық кеңестіктеміз), жекешелендірудің екінші толқынының (біріншісі 90-жылдары жүргізілген болатын) мезгілі келіп жетті. Себебі, нарықтық экономикадағы мемлекеттің рөлі, нарық механизміндегі тіршілік әрекетінің түрлі саласына мемлекеттің араласуы қайтадан артып кетті. Ресей мен Қазақстанда да мемлекеттің экономикаға араласуын шектейтін заң бар. Осы араласу сыбайлас жемқорлықтың, заң бұзушылықтың белең алуына алып келеді де, мұндай жағдайда кәсіпкерлердің ұлттық мемлекеттік компаниялармен бәсекелесуге шамалары жетпейді. Сондықтан, ресейлік және қазақстандық заңдарды қайта қарастырып, нарық экономикасына мемлекеттің араласуын қатаң шектеу керек. Ресей, Қазақстан, Беларус бизнес-қауымдастықтарының жұмысына арналған кең алаң ұсыну қажет. Менің ойымша, Еуразиялық одақтағы басты адам шенеунік болмауы керек, керісінше, еңбек адамы, әскери адам, кәсіпкер осы одақтың басты тұлғасы болуы қажет. Еуразиялық одақ жоғарыдан емес, төменнен құрылуы тиіс.

Жүргізуші: Ермұхамет Қабидинұлы, өткен жылдың соңында Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында жұмысшы мұнайшылардың жаппай наразылық шарасы өтті, олар өздерінің әлеуметтік жағдайларына, жалақыларына шағымданды, наразылық шарасы соңында үлкен бүлікшілікке айналды. Қазір жағдай тұрақтанған сияқты, бүгінгі күні осы аймақта жаңа нысандар салу, инвестиция тарту жұмыстары қандай қарқынмен жүріп жатыр?

Е. Ертісбаев: Осы жылдың ішінде үлкен жұмыс атқарылды, үкіметтік комиссия құрылып, Жаңаөзенге, оның әлеуметтік құрылымына бюджет есебінен үлкен қаражат бөлінді. Еске сала кетейін, бұл мұнайшылар кәсіподағы мен олардың құрылтайшыларының арасындағы еңбек дауы болатын, алайда, өкінішке қарай, бұл дауға теріс пиғылды саяси күштер араласып, жағдайды ушықтыра түсті. Наразылық шарасы мамыр айынан шілдеге дейін жалғасып, сот шешімімен ол заңсыз деп табылды, дәл осы сәтте жаңағы айтқан теріс пиғылды күштер іске белсенді араласып, өздерінің теріс насихаттарын жүргізіп қана қоймай, әлеуметтік алауыздық тудыруға тыйым салатын Конституцияның 5-бабын өрескел бұза бастады. Нәтижесінде оқиға жантүршіктірерлік жағдаймен, адам шығынымен аяқталды. Сот процесстері өтіп, оқиғаға кінәлілердің бәрін анықтады. Айтпақшы, осы оқиғаға қатысы бар бір жігіт қайтыс болған түрменің бастығы мен полиция қызметкерлері де өз жазаларын алды. Яғни, сот жүйесі, менің ойымша, әділдік танытты. Жаңаөзенде Үкімет те, жергілікті билік органдары да үлкен жұмыс тындырды, қазір жағдай толық тұрақталды деп айтуға негіз бар.

Жүргізуші: Сонымен қатар 2011-2012 жылдары Қазақстанның бірқатар қалаларында бірнеше лаңкестік оқиға орын алды, соның негізінде Сіздер лаңкестікке қарсы 5 операция жүргіздіңіздер. Қазақстанда не болып жатыр өзі, бұл лаңкестіктердің соңында кім тұр?

Е. Ертісбаев: «Қазақстандық лаңкестік» сымақтың ерекшелігі... «лаңкестік сымақ» деп отырған себебім, ол жаппай орын алып отырған жоқ, жекелеген оқиғалар ғана, және жіті сараптау барысында оған түрмеде жазасын өтеп шыққан бұрын сот алдында жауап берген азаматтардың қатысқаны анықталды. Пенитенциарлық жүйені Ішкі істер министрлігінен Әділет министрлігіне ауыстыру кезінде бақылау әлсіреп қалды, сол сәтте оған діни экстремистер еніп, өз жұмыстары мен насихаттарын жүргізуге кірісті. Негізінен, бостандыққа шыққан бұрынғы сотталған азаматтар қылмыстық топ ұйымдастыруда діннің атын жамылуды әдетке айналдырған. Алайда біздің құқық қорғау органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жоғарыда атап өтілген лаңкестікке қарсы бес операциясын жүргізді. Бірде-бір бейбіт тұрғын зардап шеккен жоқ. Әдеттегідей, оларды (банданы) қоршап алғанда, бірден қару-жарақтарыңды тапсырып, беріліңдер деген ұсыныс жасалды, олар оған жауап ретінде оқ атып, барлық халықаралық тәртіптерге сәйкес, көзін құрту операциясы басталып кетті. Соңғы айларда осы мәселе бойынша жағдай толықтай тұрақталды, ІІМ, Бас Прокуратура, Әділет министрлігінің күштерін нығайту үшін әр облыста лаңкестікке қарсы комиссиялар құру ұсынысы жасалды. Аталған мәселе бүгінгі күні қоғамды қатты алаңдатып отыр, бірақ, тағы да қайталап айтамын, бұл мәселе біздің жіті бақылауымызда және Алла жазса, Қазақстанда мұндай оқиға енді қайталанбайды деп сенейік.

Жүргізуші: Ермұхамет Қабидинұлы, әңгімемізді қорытындылай келе тағы бір мәселені қамтып өтсек. Жақында Түркияда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан бір жарым ғасырға жуық уақыт бойы Ресей отарында болғаны және сол уақыт ішінде өзінің ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрі, діні мен тілінен қол үзіп қала жаздағаны туралы мәлімдеме жасады. Мәлімдеме Ресей мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастың ұйымдастырылуына қаншалықты қатысты?

Е. Ертісбаев: Елбасы қазақ-түрік бизнес форумында сөз сөйлеп, уақытының 99 пайызын Кеден одағының тиімді тұстарын насихттауға арнады, түрік а тарапын Кеден одағымен белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды. Өтіп кеткен тарихи дәуірді бағалауға келетін болсақ, 1721 жылдан бері Ресей мемлекетінің ресми атауы Ресей империясы болғаны белгілі. Егер Кеңес одағының Үлкен энциклопедиясына зер салсаңыз, тіпті, қазіргі Википедиядан оқысаңыз, «Ресейдің отарлық саясаты», «Ресей аумақтық экспансиясы» сияқты анықтамаларды кездестіресіз. Жалпы, орыстың орталықтандырылған мемлекеті үнемі кеңейе отырып құрылған, сол уақыттағы орыс саясаткерлері айтқандай, осы орталықтандырылған мемлекет өзіне «тиесілі» шекараға қол жеткізбек болған. Және де «Ресейдің Орталық Азияны иемденуі» атты тіркесті біздің ойлап таппағанымыз анық. Сондықтан, менің ойымша, тарихтың баяғыдағы бағасына байсалдылықпен қарап, бүгініміз бен болашағымызды ойлап өмір сүру керек. Екіжақты қарым-қатынастар тұрғысынан қарасақ, Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы әлемдегі ең жемісті ынтымақтастық – бұл ең бастысы. Қазір Ресей мен Қазақстан сияқты жақсы көрші болып отырған, тиімді ынтымақтастық орнатқан басқа мемлекеттер жоқ. Біздің Елбасы егемендігіміздің 20 жылы бойында Ресей ең бірінші стартегиялық әріптесіміз екенін, Қазақстан нарықтық реформада үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, ұлттық қорымыз 85 млрд доллар екенін, және бұл Ресей Федерациясымен орнаған бауырлас байланыстың нәтижесі екенін үнемі айтып келеді. Менің ойымша, жоғарыда айтылған мәселені кәсіби тарихшылардың талқылауына қалдырып, біз, саясаткерлер мен журналистер, қоғам қарым-қатынастарымыздағы ең маңызды дүниелерді бағалай білу керекпіз, оны көрсете білу керекпіз.

Жүргізуші: Сізге үлкен рахмет!

Дереккөз: bnews.kz

 

11 қараша 2012, 10:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.