Атырау, 1 желтоқсан 22:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Зерде ойыны

6 867 просмотра

Бізде қазақтың зерделік ойыны тоғызқұмалақ қалай дамып жатыр? Осы тақырып төңірегінде біз облыстың жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Жаңылсын ҚАДЫРАЛИЕВАМЕН әңгімелестік.

«ЖС» мәліметі: Жаңылсын Темірғалиқызы Қадыралиева, 35 жаста, спорт шебері, тоғызқұмалақтан ҚР чемпионы, жаттықтырушы болып жұмыс істегеніне 17 жыл болды.

– Осынау сирек ойналатын, бірегей  ойын туралы айтып беріңізші?

– Тоғызқұмалақтың ғасырлық тарихы бар. Оны ағаштың көлеңкесінде демалып жатқан бақташылар ойлап тапқан дейді және олар қойдың қатып қалған құмалағымен ойнаған. Кейін олар ойынды қиындатып жіберді, сөйтіп ол халықтың сүйікті ойынына айналды. Тойларда, халық мерекелерінде шебер ойыншыларға бағалы сыйлықтар, төрт түлік мал тарту етілген.

– Бұл ойын Атырауда қалай пайда болды? 

- Алғабаста танымал палуан және жаттықтырушы Сисен Болатов деген адам тұрды. Ол еліміздің көптеген жерлерін аралады, Қазақстанның оңтүстік облыстарынан бұл ойынды үйреніп алып, ұнатып қалған. 1989 жылы шахматтан спорт шебері, жаттықтырушы  Құрманбай Әшетовке ойынды үйретті. Кейін Берік және Нұрбек Нұралиндерге және Бақыт Қағазғалиевке үйретті. Ойынды меңгерген олар тоғызқұмалақ бойынша облыстың алғашқы спорт шеберлері болды. Қ.Әшетов бізді Балықшы поселкесіндегі Марат Отаралиев мектебінде шахматтан жаттықтырды. 1991 жылы ол мектепке келді де, бізден «ұлттық ойын ойнайсыңдар ма?» деп сұрады. Оған барлығымыз келісім беріп, тоғызқұмалақ секциясына келдік. Біздің мектепте бір ғана гимназия сыныбы болды, ондағы барлық оқушы Әшетовте жаттықты. 9-сыныпта мен спорт шебері нормативтерін орындадым. Облыс құрамында Карим Рахимбаев жүлдесі үшін болған халықаралық  турнирде жеңіске жеттім. Кейін Алматы облысының Ақши қаласында өткен Қазақстан чемпионатында алтынға ие болдым. Мектепті бітіргеннен соң мен колледжді, одан кейін институтты бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдадым. Бірақ мені спорт қызықтырды, сөйтіп мен жаттықтырушы болдым.

– Бұл ойын сыртынан қарағанда нардыны еске түсіреді.

– Бұл ойындардың арасында ешқандай ұқсастық жоқ. Біздің ойынымыз нардыдан гөрі түріктің мангалына келеді. Оларда төрт ұяшық (қазан), ал, бізде  тоғыз. Бұдан басқа, бізде шариктің формасы дөңгелек, оларда қырлы болып келеді. Мангалды ойнау оңай. Жарыстарда біз Түркиядан келген спортшылармен кездесіп, оларды жеңіп кететінбіз. Оның мәнісі - оларда тастар аз, демек, ойын жүрісі аз. Олардың ойыны аса тарта қоймайды.

- Спорттың бұл түрі Атырауда қазір қалай дамып жатыр? 

- Кейбір ұлттық мектептерде тоғызқұмалақ мектеп бағдарламасына енгізілген, кейбіреулерінде үйірме жұмыс жасайды. Кейбір балаларды ата-аналары спорт секциясына алып келеді.

Мен жұмыс жасайтын №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі балалар тобының өзекті мәселесі - жарыстарға баратын қаржының жоқтығы. Мәселен, балалар жасөспірімдер және ересектер санатына өтетін кезде олар менің ұстазым әрі әріптесім  Қ. Әшетовке барады. Оларға жарыстарға баруға облыстық спорт басқармасы ақша бөледі. Спортшыға шеберлігін арттыру үшін жарыстарға жиі барып тұру керектігі құпия емес. Міне, сондықтан да бізге демеуші керек.

Биылғы жылы біз жарысқа бірде-бір рет барғанымыз жоқ. Жаттықтырушылар - Жанна Мұрсалимова, Қайрош Қуанов, Әлия Қуанова, Бисен Қайырғалиев, мен және біздің барлық балаларымыз барымызша өз мүмкіндіктерімізге қарай жүріп жатырмыз.

Біз Әшетовпен бірге облыстық әкімдікке, өнеркәсіп орындарына барып, олардағы басшы адамдарға біздің федерациямыздың президенті болуды ұсындық, ешкім келісімін берген жоқ. Олар  жақсы боксшы қолымен жақсы жұдырықтасады, ал, сіздің балаңыздың қаншалықты зерделі екендігін біз білмей тұрып, ақшаны не деп саламыз дейді. Міне, сондай «логика».

– Өзіңіздің таңдаулы деген тәрбиеленушілеріңізді атасаңыз.

- Мынау  Болатбек, үш ағайынды Шораевтардың (Айболат пен Дастан - тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпиондары) ең кішісі. Ол - Қазақстан чемпионатының жүлдегері. 2011 жылы наурызда Қазақстан чемпионатында төртінші орынды жеңіп алған Жұлдыз Нұрмағамбетова, Надежда Сергей ел чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған жоқ, бірақ оның есесіне халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы болды. Сондай-ақ, Жандос Ғилажев пен Әлихан Исанбергенов сынды ойыншыларымыздан үлкен үміт күтуге болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

8 қараша 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.