Атырау, 26 желтоқсан 13:28
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қазақстанда бала өлімін азайтуға мүмкіндік беретін жаңа жоба іске қосылды

1 932 просмотра

Қазақстанда бала өлімін азайтуға мүмкіндік беретін жаңа жоба іске қосылды. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Жаңа жобаны ҚР денсаулық сақтау министрлігі БҰҰ балалалар қоры ( ЮНИСЕФ), «Құс жолы» қайырымдылық қорымен бірлесіп, Казкоммерцбанктің қаржылық қолдауымен қолға алып отыр. Оның мақсаты – нәрестелер өлім-жітімін азайту және мектеп жасына дейінгі балалар өмірінің салауатты басталуын қамтамасыз ету болып табылады. Пилоттық жоба Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылмақ. Ол шамамен 3 жасқа дейінгі 5000 бала мен 10000-ға жуық ата-ананы қамтиды деп көзделуде. Статистикалық деректерге сүйенсек, халық барынша тығыз орналасқан бұл өңірде ана мен бала өлімінің көрсеткіші жоғары.

«Ана мен бала өлімінің көрсеткіші тек қана медицина қызметкерлерінің жұмысына байланысты ғана емес, дүниежүзілік денсаулық ұйымының таратқан мәліметіне жүгінсек, бұл орайда медициналық қызметкерлердің үлесі он пайыздан аспайды екен. Сондықтан бүгінгі қолға алынып отырған жобаның мақсаты – әйелдердің денсаулығын олар жүкті болғанға дейін бақылау. Өкінішке орай, қазір бала мен ана өлімінің себебін анықтағанда, ол жүктілікке байланысты болмай жатады. Яғни, жүктілік кезінде осыған дейінгі әйелдер бойындағы ауруларының асқынуы жиі байқалады. Ендігі алға қойып отырған мақсатымыз елді мекендердегі халықпен ауқымды жұмыс жүргізу. Дәрігерлерді оқытып, әйелдерді ана болуға дайындау. Осы тәжірибені кейін өзге облыстарға енгізді көздеп отырмыз. Нәтижесінде ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендейді деген үміттеміз», - деді ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов.

Жоба бір жыл көлемінде сынақтан өткізілмек. Осы уақытта медициналық мекемелердің қызметкерлері мен аналарды босанар алдындағы, босану патронажы мен үш жасқа дейінгі балалардың күтімін оқытып-үйретуге Казкоммерцбанк 16 млн. теңге бөлмек. Мұнымен қатар жоба аясында перзентханаларды қондырғылармен жабдықтау көзделген.

БҰҰ балалалар қорының Қазақстандағы өкілі Джуна Кукитаның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысына бес жылға қор 3,5 млн доллар бөліп отыр. Оның 15 млн. теңгесі қайырымдылық жобасын жүзеге асыруға жұмсалады. Қалған қаражат министрлікпен бірге «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында өзге жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ.

Бұл тәжірибені өзге өңірлерде пайдалану үшін жобаның нәтижесі Үкіметке ұсынылады.

Дереккөз: bnews.kz

5 қараша 2012, 14:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.