Атырау, 20 желтоқсан 23:49
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

Мусин Ақордамен қандай келісімге келді?

4 057 просмотра

Біз Атырауда Мусиннің қазақстандық баспасөзді және жалпы жұртшылықтың пікірін ешқашан да маңызды және олармен билік санасуы қажет деп есептемегенін білеміз. Мусиннің құпиялылықты ұстануы – жай ғана олар таңдаған тәсіл ғана емес, елімізде қалыптасқан жабық саяси жүйенің мазмұнымен толықтай сәйкес келетін оның мінез-құлқының сипаты.

Ол саясатқа араласқаннан бері алғаш рет мемлекеттік емес басылымның сұрақтарына жауап беріп отыр. Неліктен? Президент әкімшілігінің басшысы болып жүргенде немесе саясатта жеткілікті дәрежеде мықты тұлға боп қалған болса, ол guljan.org-тың немесе басқа басылымдардың осындай (оның пікірінше) оспадар сұрақтарына жауап берер ме еді? Ешқашан олай етпес еді. Демек (егер ол хатты өзі жазған болса):

а) Ол мұны «жоғары» жақтың кеңесі бойынша жасауға мәжбүр болды. Атыраудағы және Жаңаөзендегі оқиғаларға Мусиннің қатысы бар деп кез-келген фактілер мен сыбыстарды үнемі жариялап тұратын сайттың сұрақтарына оның жауап бергендігі, билік Олимпіндегілердің пікірінше, қазір оның саяси мағынада еш салмағы жоқ тұлғаға айналғанын білдіреді. Осы тұлғаға Атырау облысындағы тергеу ісінің немен аяқталатындығына қатысты биліктің ұстанымын білдіруге бұйрық берілген (Мусиннің Гүлжан Ерғалиеваның сайтын жек көретіндігін ескерсек, бұл бұйрықтың қорлық сипатында екені айқын). Ойластырылған әрекет бойынша, Аслан Есполайұлының жауаптары Жаңаөзендегі оқ атуға және Атырау облысындағы бәленбай миллиардтаған ұрлыққа оның қатысы болуы мүмкін екендігі еш анықталмайтындығын ұқтыруы тиіс. Осы қылмыстарға әкімшілік жетекшісін айыптау президенттің өзінің бедел-абыройына да қатты нұқсан келтірер еді. Айтпақшы, Мусиннің Б. Рысқалиевпен «тек жұмыс барысында ғана араластым» деген жауабын алдағы уақытта Атырау облысының бұрынғы әкіміне қарсы қылмыстық іс қозғауға қатысты биліктің бүркеме нұсқауы ретінде түсінуге болады: мұны (қылмыстық iсті) жоққа шығаруға болмайды, өйткені ресми болжам бойынша Мусин (және одан ауқымырақ - Ақорда) өңірдегі ұрлықтар туралы бiлмеген. 

б) Өзін қудаламайтындығына, бәрі бітті, ұмытыңдар деп, бұрынғыша президенттің сеніміндегі адам екендігіне бәрін сендіруге тырысқан Мусин guljan.org сайтының сұрағына көпшілік алдында жауап беруге шешімді өзі қабылдаған деп жорамалдайық. Бірақ бұл жағдайда да астаналық тәңірлер үшін мұндай «ерсі» түрдегі жариялылық енді оның саяси тұрғыда ешкім емес екендігін көрсетеді. Қазақстандық дәстүр бойынша, тәуелсiз және оппозициялық басылымдармен атқарушы биліктегі мансабы аяқталған адамдар, соның ішінде тек мансабы аяқталып қана қоймай, билік тарапынан жазаланатынына қауіптенетін адамдар ғана диалогқа түседі. Мусиннің мұндай қаупі бар ма, жоқ па, оны біз білмейміз. Бірақ егер сұрақтарға жауап беруге өзі шешім қабылдаған болса, ол Ақордада президент әкімшілігінің бұрынғы басшысының адалдығына қатысты жағымсыз күдік тудырады. Өйткені, дәстүр бойынша, мұндай ауқымдағы саяси тұлғаның қызметіне тек президент қана анық баға бере алады. Ал ол жақ ашпай отыр. Сондықтан да өз бетімен әрекет жасамай, өзін қорғау мақсатында оған да әліптің артын бағып, үндемей бағасын күту керек еді.

Сондықтан а) нұсқасы анағұрлым ықтимал нұсқа. Бәрі Ақордамен келісіліп жасалған. Мусиннің жауаптары президентпен жасалған келісімінің кейбір нәтижелері екенін көрсетеді.

Қойылған сұрақтарға Аслан Мусиннің берген нақты жауаптарына келер болсақ, көңілге қонымсыз - бұл iшкi сырын ақтарған және жан дүниесін ашқан сұхбат емес. Бұл тергеу ісі Атырау (және тергеу ісі мен сот істері баяғыда аяқталған Жаңаөзенді қосалық) аумағынан аспайтын шекараны қоршап қоюға әрекеттенген талпыныс.

«АЖ» редакциясы

 

Аслан Мусин: «Мен Ұлы адамның пiкiрлесi болып қала беремін»

www.guljan.org сайты ҚР Президенті әкiмшiлiгінiң бұрынғы жетекшiсi, қазіргі Есеп комитетiнің басшысы Аслан Мусиннің өз сұрақтарына берген жауаптарын жариялаған еді:

«1. Сiз президент әкiмшілігінiң жетекшісі қызметінен не себепті кеттіңіз, бұл қызметтен ерiктi түрде кеттіңіз бе, әлде мәжбүрлі түрде ме?

1. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жетекшісі болып 4 жыл қызмет атқардым. Бұл ұзақ мерзімге созылған күрделі де жауапты мемлекеттік қызметтердің бірі болды. Осы уақыт ішінде еңбек демалысын алмастан жұмыс істеуге тура келді. Сондықтан мен президенттен басқа жұмысқа ауыстыруын сұрадым.

2. Сіздің есіміңізді Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевпен жиі және сенімді түрде байланыстырады. Бұл байланыс қаншалықты сенімді болды?

2. Атырау облысының әкімі Бергей Сәулебайұлымен басқа мемлекеттік лауазымды тұлғалармен секілді, тек жұмыс барысында ғана араластым.

3. Сiз қалай ойлайсыз, неліктен Рысқалиев мырза інісімен бірге Қазақстаннан тысқары шығып кетті? Ол заң бойынша қудаланудан қауіптенді ме?

3. Бейхабар болғандықтан, бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

4. Атырау облысының экс-әкімінің бұрынғы орынбасары Сәлiмжан Нақпаевтың облыстың басшы тұлғаларының заңдарды өрескел бұзып, лауазымды қылмыстар жасап отырғанын сiзге өзi баяндағанын растайсыз ба? Егер растасаңыз, қандай шаралар алдыңыз?

4. Мен С.Нақпаевты және басқа да көптеген жастарды Атырау облысының әкiмi болып тұрған кезiмде басшылық лауазымдарға жоғарылаттым. Ол жеке өзіме Атырау облысындағы ешқандай да заң бұзушылықтар туралы мәлiмдеген жоқ.

5. Австриядағы ҚР-ның бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің сізді қорғап жария түрде сөйлеген сөзіне және президент Назарбаевтың шетелдегі оппоненттерінің жағына шығу туралы ұсынысына түсінік берсеңіз?

5. Р. Әлиев қазақстандық сотпен айыпталып, кінәлі деп танылды. Әлиевпен ешқандай да байланысым болған емес, жоқ және болуы да мүмкін емес.

6. Жаңаөзен оқиғалары туралы сiзге нақты не белгілі: бұл туралы қашан және қандай жағдайда бiлдiңiз?

7. Ереуілге шыққан мұнайшыларға оқ атумен аяқталған Жаңаөзендегі еңбек дауын шешу сіздің жеке бақылауыңызда болды (2011 жылы 16-17 желтоқсанда Маңғыстау облысында наразылық білдіріп, ереуілге шыққандарға оқпен атылатын қару қолдануға бұйрықты сіз берді) деген қоғам өкілдерінің пікіріне қандай комментарий бересіз?

6-7. Жаңаөзен қаласындағы оқиғалар бойынша сот шешiмi шықты. Сондықтан да оларға комментарий берудің мәні жоқ. Мен Жаңаөзенде тәртiпсiздiктер басталғандығы туралы 2011 жылдың 16 желтоқсанында күндізгі 12 сағат30 минут шамасында құқық қорғау органдарының жетекшiлерiнiң баяндамасынан бiлдiм.

Оқпен атылатын қаруды қолдану туралы ешқандай бұйрықты мен де, ел басшылығы да берген жоқ.

8. Сіз өзіңізді бұрынғыша президент Назарбаевтың пiкiрлесімін деп есептейсіз бе және оның барлық тапсырмаларын орындау үшін кез-келген тағайындауларды қабылдай отырып, әрі қарай да оның пікірлестерінің қатарында қалуға ниеттісіз бе?

8. Мен мемлекетіміздің негізін салушы және құрушы Ұлы адамның, Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірлесі болдым және солай қала беремін. Және ол маған сеніп тапсыратын кез-келген лауазымда еңбек етуге дайынмын.

А.Мусин

29 қазан 2012 ж.»

5 қараша 2012, 11:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.