Атырау, 25 қараша 10:30
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Көзі көрмесе де, көкірегі ояу

Сурет Бейнежазба
6 619 просмотра


Туғаннан көзі көрмейтін 27 жастағы атыраулық Айбек ИДАЯТОВ қаладағы зағип жандарға жағдай жасау жобаларымен айналысады. Тағдыр салған қиындыққа қарамастан ол өте белсенді, өмірсүйгіш адам.

Әке-шешесі де зағип адамдар, І топ көз мүгедектері. Бірінші сыныптан сегізінші сыныпқа дейін Алматы қаласындағы зағиптарға арналған арнайы мектепте, одан кейін Орал қаласындағы осындай оқу орнында білім алған. Мектепті аяқтаған соң, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжіне оқуға түсіп, онда сау адамдармен қатар заңгер мамандығын игеріп шыққан.

- Колледж  қабырғасында жүргенімде кемсіту көрмей, сау адамдарша білім алуыма ұстаздар мен топтастардың қолдауы зор болды. Ұстаздар оқыған лекцияны Брайль жүйесімен жазып алатынмын. Үлгермей қалған жерімді үзіліс кезінде курстастарым дауыстап оқып беретін. Соның нәтижесінде оқудан қиындық көрмей, ел қатарлы білім алып шықтым. Ал төрт жыл бұрын қаланы мүгедектерге ыңғайлы етуге арналған «Жақсылық жолы» деп аталатын қоғамдық бірлестік аштым, - дейді Айбек.


Қазір ол екі бағытта жұмыс істеп жатыр екен. Біріншісі – қалада зағип адамдардың қозғалыс-жүрісін жеңілдетуге арналған «Сөйлейтін қала» жобасы. Бұл қоғамдық көлікке, аялдамалар мен жүргіншілер өткелінде, барлық әлеуметтік нысандарда орнатылатын жабдықтар мен абоненттік құрылғылардың кешені. Бізде әзірге мұндай жағдайлар жоқ. Мысалы, Айбектің айтуынша, биыл қалаға жүзден аса жаңа автобус келді, алайда оларда аялдамаларды хабарлайтын дыбыстық құрылғылар жоқ. Ал екінші бағыты заманауи технологиялармен байланысты, дәлірек айтсақ, оларды қолдануды үйрету.

- Қазір смартфон мен компьютерді меңгерсең, көзім соқыр деудің қажеті жоқ. Мысалы мен, егер қажеттілік туындаса, қаланың кез келген нүктесін тауып бара алмын. Себебі қазір такси де, ақша да, геоақпарат - бәрі де телефонда. Егер бір нәрсені оқу немесе түс ажырату қажет болса, смартфонда «Be My Eyes» қосымшасын пайдаланамын, - дейді Айбек.

Айбектің айтуынша, қазір Қазақстан бойынша барлық зағиптар сөйлеу құрылғысы орнатылған компьютерлермен қамтылған. Алайда көпшілік оны пайдалануды білмегендіктен, сөйлейтін құрылғысын алып тастап, үйдегі туыстарына беріп қойған.


Сондықтан Айбек Ватсапта арнайы топ ашып, зағип жандарды компьютерлік сауаттылыққа үйретеді. Сонымен қатар, сауда орталықтарының қызметкерлеріне де мүгедектермен қалай қатынас жасау керектігі жөнінде кеңес береді екен.

- Мысалы, супермаркетке кіре қалсақ, қызметкерлер біздің артымыздан ұстап, бағыттап жүреді. Дұрысында олар біздің алдымызда жетектеп жүруі қажет. Қазір алғашқы болып «Лидер» супермаркеті қызметкерлерімен жұмыс істеп жатырмын. 

Айбек бүгінде Қазақ соқырлар қоғамының Атырау облыстық филиалында заңгер болып жұмыс істейді. Өзінің өмірлік қосағын осы жерден тапқан.  Жолдасы көзден ІІ топ мүгедегі. Аяқ жолын ғана көреді.

- Бос уақытымда өз жұмысымды қалай дамытамын, басқа елдер мүгедектер мәселесін қалай шешіп жатыр деген сияқты мәліметтерді интернеттен  іздеймін, - дейді Айбек. -  Жаңа технологияларды меңгерген адамға ютуб, ватсап, телеграмдағы кез келген ақпарат қолжетімді болады. Соның бәрін адамдарға үйреткім келеді, осы игіліктерді пайдаланса деймін.



Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

25 қараша 2019, 13:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.