Атырау облыстық статистика басқармасының мәліметтері бойынша, 2010 жылы желтоқсанда қызметкерлерге есептелген орташа айлық номиналдық еңбекақы 164 035 теңгеге тең болған. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. 2009 жылдың желтоқсанындағы өсім 12,2 пайызды құраған.
Еңбекақылары «орташа» деңгейге де жетпейтін Атырау облысы тұрғындарының көпшілігін бұл цифрдің қайдан алынатындығы таң қалдырады. Әрине, мұнайшылардың еңбекақыларынан алынады. Статистикалық басқарма мамандарының комментарийлері осы болжамды растап отыр. Аймағымыздағы ең төменгі еңбекақы ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне тиесілі, ол орташа алғанда 31 128 теңгені құрайды. Облысымызда 9200 адам деп саналатын медиктер (бұл санатқа қарттар үйіндегі қызметкерлер де жатады) 65 263 теңге алады; білім беру қызметкерлерінің орташа еңбекақылары (олар облыста 21 мың) – 54 016 теңге. Өнеркәсіп саласында (өңдеуші, тау-кен өндіруші және т.б.) 24 мың адам жұмыс істейді, ал олардың орташа еңбекақылары 214 209 теңге құрайды. Қазақстандық мұнай компанияларының қызметкерлері (Қазмұнайгаз, «Сазанқұрақ» және т.б.) «Тау-кен өнеркәсібі» санатына кіреді. Ондағы мамандар саны 12 800 адам, ал еңбекақы – 294 722 теңге құрайды.
«Еңбекақының ең жоғарғы деңгейі сәулет, инженерлік іздеулер, ғылыми зерттеулер мен зерттемелер, жарнама қызметі, нарықтық коньюнктураны зерттеу саласында, басқару мәселелері, кеңес беру саласында байқалады.
Бұл салаға басты шетелдік мұнай компанияларының (Аджип, Фиркрофт және т.б.) да қызметкерлері кіреді. Осы компания мамандарының саны 7 900 адам құрайды. Бұл ортадағы еңбекақы төлеу әжептәуір ерекшеленуі мүмкін. Ал орташа еңбекақы 436 329 теңгеге тең», – дейді Атырау облыстық статистика басқармасының еңбек статистикасы басқармасының бастығы Галина АДИЕВА. Жоғары кіріс деңгейі шетел мамандарында байқалады. Олар басқа елдің азаматтары болса да, бірақ осы жерде жұмыс жасайтындықтан, Атыраудаолардың еңбекақыларына салық салынады. Осылайша олардың мәліметтері жергілікті статистикалық есептемелерге автоматты түрде енеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА