Жақында туысқаныма студенттік кездерден бері араласып тұратын бір құрбысы хабарласып, суррогат ана болуды өтініпті. Туысқаным тұрмыста, екі баласы бар. Құрбысы негізінен осындай әйелді тауып бер деген өтінішпен хабарласқан екен. Сөйтіп біз суррогат ананы іздей бастадық, бұл өте қиын шаруа екен. Бәрін басынан бастап баяндайын.
Данагүл (есімдері өзгертілді) 22 жасында қатты ғашық болып, сүйгеніне тұрмысқа шықты. Кез келген отбасыдай екеуі тұңғыштарын асыға күтеді. Көп ұзамай көтеріп, жүктілігі аса қиындықсыз өтіп жатқан. Бірақ алтыншы айда Данагүлдің бүйрегіне қатысты проблемалар басталып, оны облыстық перинаталдық орталықтың (ол ауданда тұрады) патология бөліміне жібереді. Жолда шарананың қозғалғанын сезініпті – шарананың құрсағын тепкілеуі жиілеп кеткен. Атырауға келген бойда оны дереу операция үстеліне жатқызады, әрі қарай ештеңе есінде жоқ. Екі күннен кейін оянды. Үсті-басы ісінген, шаншыған иненің орындарынан денесінің әр жері көгерген, өзіне дәрітамызғыш салып қойған. Данагүл баланың операция кезінде шетінегенін, ал жатырын алып тастағанын әлі білмейтін еді. Күйеуі бұл туралы оған бірден айтуға батпаған. Бірнеше күннен кейін ол дәрігерлерден дүниеге енді сәби әкеле алмайтынын біледі. Күні-түні көз жасын бұлап, бұған сене алмады. Өйткені қалаға келерде құрсағындағы сәбиі тіршілік белгісін білдіріп жатқан. Сол ауыр күндері жұбайы үлкен қолдау көрсетті. Өзін ешқашан тастамайтынын, әрдайым қасында болатынын, көмектесетінін, сүйетіндігін айтып, ант-су ішкен. Данагүлдің бала асырап алмақ болған ниетін де қолдаған. Сөйтіп бір нәрестені, бес жылдан кейін екіншісін асырап алады.
Қазір балалары мектепке барады, бір-бірін жақсы көретін тату-тәтті отбасы. Бірақ бір кемдікті сезінеді. Өз өміріндегі ең қымбат адамнан бала сүйгісі келеді. Сол кезде олар суррогат ана туралы ақпарат жинай бастаған. Содан соң Атырауға келіп, өз балаларын дүниеге әкелуге мүмкіндіктің бар-жоғын білу үшін мамандандырылған емханаға жүгінеді. Барлық қажетті анализдерді тапсырып, әлі де мүмкіндіктері бар екені белгілі болады. Емханада олардан жасанды ұрықтандыру үшін аналық жасушасы мен күйеуінің ұрығын алған. Енді суррогат ана болуға, яғни олардың баласын көтеріп, дүниеге әкелуге келісетін әйел табу ғана қалды. Олар ұзақ іздеді, әрине, оларға интернет көмектесті: арнайы сайтқа сауалнама толтырғанда оларға басқа қаладан жауап келген. Осы әйелмен кездесіп, егжей-тегжейін талқылады. Бәрі жақсы болса, арманы орындалар күн алыс емес.
«КЕЛІСІМДІ ДҰРЫС РӘСІМДЕУ МАҢЫЗДЫ, АЛ БІЗ ӨЗ ЖҰМЫСЫМЫЗДЫ ЖАСАЙМЫЗ»
Біз экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) жүргізілетін «Экомед» емханасының Атырау филиалына жүгініп, осы маңызды тақырып бойынша репродуктолог-дәрігер, медицина директоры Гүлсара БАСАРОВАҒА сұрақтар қойдық.
- Суррогат ана болу - бұл көмекші репродуктивті технология, оны қолданғанда баланың бітуіне және тууына үш адам: генетикалық әке - ұрықтандыру үшін ұрығын берген және дүниеге келген сәбиге әке болу міндетін қабылдауға келісетін тұлға; генетикалық ана - ұрықтандыру үшін аналық жасушасын берген және бала туғаннан кейін ананың міндетін қабылдауға келісетін тұлға; суррогат ана - баланы генетикалық ата-анасынан ақылы немесе ақысыз тууға келісім беретін және бұл баланың анасы болуға үміттенбейтін бала туу жасындағы әйел, - дейді Г. Басарова.
Қазақстанда суррогат ана болуға заңмен рұқсат етілген. ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 54-59-баптары оның барлық аспектілерін реттейді.
- Суррогат ана болу, әдетте, жатыры алынып тасталғанда немесе жатырдың туа біткен ақаулары болса қолданылады. Біз не істейміз: ерлі-зайыптыларды толықтай тексеріп, диагностика жүргізіп, инфекцияларға, онкомаркерлерге анализ жасаймыз. Болашақ суррогат ана да дәл осындай процедурадан қатар өткізіледі. Суррогат анаға қойылатын талаптар - 20-дан 35 жасқа дейінгі, физикалық, психикалық және репродуктивтік тұрғыда дені сау, ең бастысы, өзінің дені сау баласы болуы керек, - дейді Гүлсара Жардемқызы. - Егер суррогат ана некеде тіркелген болса, онда суррогат ана болу туралы нотариалдық куәландырылған келісімшарт жасау кезінде оның жұбайының нотариалдық куәландырған жазбаша келісімін ұсыну қажет. Жасанды репродуктивтік әдістерді қолданатын медициналық ұйым осы үшін қолданылған биоматериалдар туралы толық және жан-жақты ақпарат беретіндей қорытынды жасауы қажет.
Қорытындының бір данасы нотариалдық куәландырылған суррогат ана болу келісімшартына жалғанады және мәміле жасалған жерде сақталады. Осы процедуралардан кейін әйел суррогат ана болуға жарай ма, жоқ па, шешім шығарылады. Егер жараса, әрі қарай жүреміз.
Дәрігердің айтуынша, олар генетикалық ананың эмбрионын алады, генетикалық әке ұрығын тапсырады, сол күні зертханада ұрықтандырылады, алынған ұрықтандырылған аналық жасушаны дәрігерлер арнайы инкубаторларда бақылайды. 3-5 күннен кейін дәрігерлер эмбрионды алады. Генетикалық анаға салатын күнді оның «қолайлы» күндерін ескеріп, белгілейді. Манипуляция алдында әйел иммунитетті қолдау және гормондық терапия курсынан өтеді.
Стационарлық жағдайда және эндоскопиялық құралдың көмегімен ауырсынуды басқаннан кейін бір немесе екі эмбрионды жатыр қуысына салады. Әдетте, содан кейін 10-14 күн өткенде бойға бала бітеді. Осы уақыт ішінде әйел гормондар қабылдауды жалғастырады. Осы мерзім өткеннен кейін әйелде жүктіліктің басталғанына көз жеткізу үшін анализ тапсырады.
Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Швеция сияқты бірнеше Еуропа елдерінде суррогат ана болуға заңмен тыйым салынған.
Бұл жерде, әрине, суррогат ананың психологиясы да қызықтырады. Бұл рөлде туыстары болатын кездер болады, бірақ өте сирек. Көп жағдайда ақша рөл атқарады. Қазақстанда сәбиді көтеру кезінде айлық «жалақы» 100 мыңнан 250 мың теңгеге дейін, босанғаннан кейінгі сыйақы 3-5 млн теңге аралығында болады.
- Бірақ дәрігерлер келісімшарттың бұл бөлігіне араласпайды, - деп менің сұхбаттасушым бірден ескертті. - Олар келісімді өздері жасайды, біз бұл үшін барлық қажетті құжаттарды ұсынамыз. Бала туғаннан кейін генетикалық ата-анасы баланы дереу өздеріне алып, өз аттарына рәсімдейді. Кейбір пациенттер суррогат ана бірден немесе біраз уақыттан кейін баланы өзіне алғысы келіп, талап етуі мүмкін деп қорқады. Бірақ барлық құжаттар дұрыс ресімделсе, мұндай шағымды ешқандай сот қабылдамайды.
2017 жылдың қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі суррогат аналықты шариғатқа қайшы келеді деп айыптайтын пәтуа шығарды. Христиандықтың екі негізгі тармағы - православтық және католиктік шіркеулер басқа әйелдің ұрықтандырылған аналық жасушасын көтеруді «күнә» деп есептейді.
ПСИХОЛОГИЯ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
Гүлсара Жәрдемқызының айтуынша, біздің өңірімізде суррогат ананың қызметі сирек қолданылады. Көбінесе «түтіктегі» экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) туралы әңгіме қозғалады. Бірақ барлық жағдайда да емхана табысты жұмыс істейді екен. Ол басқа бір тақырыпқа тоқталды:
- Бізге тұрғылықты жердегі емханадан әртүрлі анықтамалар қажет болуы мүмкін. Кейде ол жердегілер не туралы екенін түсінбей, пациенттерді кері қайтарып жатады. Пациенттер онсыз да уайымдап жүрген жандар, бәрін жүректеріне жақын қабылдайды, тіпті, емханалардағы кезектерді де. Сондықтан олармен ерекше қарым-қатынас жасау керек, өйткені біз олардың ата-ана болатынына, мүмкіндіктері бар екеніне сендіреміз. Ал ол жерден мүлдем басқа нәрсені естіп келіп, депрессияға түсуі мүмкін.
- Бұл бағдарламада психологиялық проблемадан басқа тағы қандай қауіптер бар?
- Бәрі де болуы мүмкін - түсік тастауы, эмбрионның жетілмеуі, қағанақ суының мерзімінен бұрын төгілуі, шала тууы мүмкін. 100% кепілдік жоқ, бірақ эмбрион салынғаннан кейін егетін препараттар бар. Оның үстіне, әйел үнемі дәрігерлердің бақылауында болады, егер патология болса - уақтылы ем жүргізіледі.
- ЭКҰ кезінде егіздер жиі дүниеге келеді. Суррогат ана болса да солай ма?
- Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, екі эмбрионды салуға болады. Егер суррогат ана қарсы болса, онда біреуі ғана салынады.
- Ұрықтағы генетикалық ауытқуларды алдын-ала білуге бола ма?
- Эмбрионның алдын-ала имплантациялық генетикалық диагностикасы жасалады - егер ешқандай ауытқу анықталмаса, дені сау сәби дүниеге келеді. Бірақ біз бұл диагностиканы бәріне емес, тек арнайы көрсетілімдер (жасы, тұқым қуалайтын аурулар және т.б.) бойынша жасаймыз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА