Атырау, 19 қараша 10:39
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Жанболат Мамай: «Билік ешқашан өздігінен реформа жасамайды»

6 435 просмотра

Фото vlast.kz


Жақында бір топ қоғамдық белсенді Қазақстанның Демократиялық партиясын құру туралы мәлімдеме жасады. «АЖ» тілшісі осы ұйымдастырушылардың бірі – белгілі журналист, «Трибуна» газетінің бұрынғы редакторы Жанболат МАМАЙМЕН әңгімелесті.

- Бір топ пікірлес әріптестерімізбен ақылдасып, Демократиялық партия құруды шештік. Бұл бүгін не кеше ғана шыққан мәселе емес. Елге жаңа партия, жаңа саяси күш керек екенін біз осыған дейін айтып келдік. Себебі, бүгінгі таңда елдің ішінде халықты топтастыратын, өзгерісті қалайтын азаматтарды біріктіретін саяси күш жоқ,- деді Ж. Мамай. - Елде дәл қазір бір партия бар - «Нұр Отан». Қалғандары соның фракциялары.

- Биыл Қазақстанда саяси-қоғамдық өзгерістер жылы болды. 30 жыл ел басқарған президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ орнына Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ келді. Көптеген саяси сарапшылар еліміздің саяси өмірінде енді «жылымық» болады деп жорамал жасаған. Мұнымен келісесіз бе?

- Қасым Жомарт Тоқаевтың ресми түрде сайланып, инаугурациясы өткеніне төрт ай уақыт болды. Содан бері қандай саяси реформалар басталды? Сөз жүзінде, әрине, бір қозғалыстар бар. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Бейбіт жиындар, Саяси партиялар, БАҚ, сайлау туралы заңдарға бірқатар өзгерістер енгізіледі деген әңгімелер болды. Бірақ, түптеп келгенде, елдегі жағдайды күрт өзгертетін, қоғамдық-саяси формацияға шынайы реформалар жасайтын бірде-бір қадам жасалған жоқ. Егер президент реформа жасағысы келсе, бар билік оның қолында тұр. Ол үшін ұлттық кеңесті құрудың қажеті де жоқ. Бірнеше мемлекеттік мекемеден, қоғамдық ұйымдардың арасынан жұмыс тобын жасақтап, негізгі заңдарға өзгеріс енгізуге болар еді. Ол қандай өзгерістер? Мысалы, саяси партиялар туралы жаңа заң қабылдау қажет. Қазір жаңадан саяси партияны тіркеу мүмкін емес. Халқының саны бізден бірнеше есе үлкен Ресейде саяси партияны тіркеу үшін небәрі 500 адамның қолы жеткілікті. Ал бізде 40 мың адамның қолы керек. Оны жинағанның өзінде билік болмашы кемшілікті тауып, партияны тіркемейді. Саяси себептермен. Екіншіден, митингілер туралы заң. Халық бейбіт түрде жиналып, өз ойын ашық айтуға құқылы. Бұл — халықаралық стандарт. Ал ол үшін бізде белсенділерді қудалап, митингіге шыққандарды жазалайды. Реформа деген сол — бейбіт жиындар туралы митинг толық өзгертіліп, қазіргідей әкімшіліктен рұқсат сұрап емес, тек ескертіп қана көшеге шығуға мүмкіндік берілуі тиіс. Үшіншіден, бұл сайлау туралы заң. Саяси партиялардың тізімімен ғана сайлауға қатысу — азаматтардың құқығын шектейді. Неге бұрынғыдай парламент сайлауында мажоритарлы жүйеге оралмасқа? Тоқаев реформа жасағысы келсе, осы заңдарға бірден өзгеріс енгізуі керек еді.

Саяси тұтқындардың мәселесін қарайық. Арон АТАБЕК, Мұхтар ЖӘКІШЕВ, Макс БОҚАЕВ, Алмат ЖҰМАҒҰЛОВ және басқа да азаматтарымыз түрмеде әлі отыр. Қайта керісінше, ол президент болғалы жаңадан саяси тұтқындар пайда болды.

Тоқаев Қазақстанда саяси реформалар жасайды деген мифтен арылатын кез келген сияқты. Ол елде ешқандай да өзгеріс жасамайды, жасай алмайды да. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, демократиялық реформалар Тоқаевтың өзіне де түкке қажеті жоқ. Себебі, елде нағыз өзгерістер басталса, Тоқаев президенттік қызметінде бір күн де отыра алмайды. Оның өзін сайлауда әділетті түрде жеңіп, таза жолмен билікке келді деп айту қиын. Егер Қосановтың қорқақтығы мен табансыздығы болмағанда, қазір президенттік қызметте кімнің отыратыны белгісіз еді. Тоқаевтың өзі де электоралды саясаткер, нағыз лидер, халықтың алдында ашылып сөйлей алатын шешен емес. Екіншіден, шынайы саяси реформалар жасауға «Кітапхана» басшысы мүмкіндік бермейді. Қазір режим үркітіп-қорқытып, алдап-арбап болса да билікті сақтап қалуға тырысуда. Сондықтан, Тоқаевтың реформа жасайды дегеніне сенбеймін. Ешқандай реформа да, өзгеріс те болмайды.


«ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ – ҚОЙЫЛЫМ»

- Дегенмен, ұлттық  қоғамдық сенім кеңесі халық пен билікті жақындастырып, оң өзгерістер жасай ала ма?

- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бір отырысы өтті. Бұл кеңестің мүшесі болып отырған адамның айтуынша, Тоқаев қатысқан жиын алдында президент кеңесшілері Қарин мен Скаков жиынға қатысатын әрбір адаммен жеке кездесіп, оларға басқосуда саяси тұтқындар жағдайы, полицияның бассыздығы, белсенділерді қудалау және басқа да мәселелерді айтпаңыздар деп кездесулер өткізген. Яғни, бұл кеңестің өзінде ешқандай ашықтық пен демократия жоқ. Барлығы — қойылым, алдын ала келісілген жоба.

- Президент сайлауына оралайық, Әміржан Қосановтың қылығы туралы не айта аласыз?

- Қосанов алдын ала келісілген сценарий бойынша әрекет етті. Оның сайлауға түсуі, тіркелуі, штабының қаржылық шығындары — барлығы биліктің қолдауымен, нұсқауымен іске асырылды. Қосанов халықты алдайтынын, жұртты сан соқтыратынын әу бастан білді. Біле тұра, соған келісім берді. Меніңше, билік те, Қосанов та халықтың көңіл-күйін аңғара алмай қалды. Егер билік халықтың осыншама деңгейде өзіне наразы екенін түсініп, Назарбаевтың үміткеріне бір ауыздан қарсы дауыс беретінін білгенде, олар, әрине Қосановты сайлауға жібермес еді. Әміржан Қосанов өзіне сызылған шеңберден ауытқып, келісімнен бас тартқанда, 9-нан 10-на қараған түні Тоқаевты «жеңісімен» құттықтамағанда, онда қазіргі жағдай қалай болары белгісіз еді. Бірақ, халықты сатқан Қосанов ондай батылдыққа бара алмады. Меніңше, Әміржан Қосанов тақырыбын енді көтерудің де керегі жоқ. Ол тап-таза «саяси өлік». Ал саясатта әлі талай көшбасшылар пайда болады.


«ҚОЛ ҚУСЫРЫП ОТЫРҒАН ЖОҚПЫН»

- 2017 жылы шілдеде сізді «Заңсыз жолмен табылған ақша қаражатын немесе басқа да мүліктерді заңдастыру» бабымен кінәлі деп тауып, 3 жылға бостандығыңызды шектеді, сол мерзімге журналисттік қызметпен айналысуға тыйым салды...

- Иә, пробациялық қызметте бақылауда тұрмын. Айына бір рет полицияға тіркелемін, Алматыдан рұқсатсыз кете алмаймын, шетелге шығуға рұқсат жоқ. Бірақ, бұған қарап, қол қусырып отырған жоқпын. Абақтыдан шыққан соңғы 2 жылда 3 деректі фильм түсірдім. Алдыңғы екі жоба қоғамға белгілі, сондықтан, осы жақында ғана көпшілікке ұсынған су жаңа фильм - «Сталин қылмыстары: ұлт зиялыларын қалай жойды» жайында айта кетейін. Ол қазір интернетте жарияланды. Көптеген адам хабарласып, өзінің жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Бірақ, билік бұл фильмнен қорқып, оны Алматыда халыққа презентация жасатпады. Біз 25 қыркүйекте «Цезарь» кинотеатрында оны қалың жұртшылыққа көрсетпек едік. Бірақ, аяқ астынан кинотеатр басшылары өз сөздерінен тайқып, фильмді көрсетуден бас тартты. Алайда биліктің цензурасы жүрмейтін, олар тыйым сала алмайтын жер бар, ол — Youtube. Міне, сол жерге фильмді жүктедім. Алдағы уақытта деректі жобаларымды жалғастырып, кеңестік тарихқа объективті баға беру мәселесін көтере бермекпін.

- Белгілі сарапшылар мен азаматтық қоғам белсенділері еліміздегі қоғамдық-саяси өмірді талқылайтын «Политонды» жабуды сізден талап еткендер болды?

- «Политонды» жабуды менен талап ету мүмкін емес. Себебі, бұл — белгілі журналист Сергей ДУВАНОВТЫҢ жобасы. Кезінде мұны ол Нұрболат Масановпен бірге ашқан. Мені соның қазақшасын жүргізуге шақырды. Бірақ билік бұл істен де мені шеттетті. Сайлау кезінде мен қазақ тілінде бірнеше бағдарламаны жүргіздім, биліктің қулығын әшкереледім. Содан соң бірден пробация қызметі шақырып, маған «журналистикамен айналысып жатырсың» деп ескерту жариялады. Егер екі рет ескерту алсам, қайтадан абақтыға қамалам. Қазір бір ескертуім бар, міне. Сондықтан, мен уақытша бұл жобаны тікелей жүргізе алмайтын болдым.

- Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-тардың қызметі туралы не айтасыз?

- Қазақстанда бүгінде бір қолдың саусағымен санауға болатын тәуелсіз БАҚ қалды. Билік осы күнге дейін тәуелсіз БАҚ-тарды жоюдың барлық амалын жасады. Мысалы, біздің «Трибуна» газетін Ақорда түрлі амалдармен жабуға тырысты. Сотқа берді, қудалады. Жабу қолдарынан келмеді. Тек қана мені соттап, түрмеге қамап, «Трибунаны» құртты.

- Қазақстанның Демократиялық партиясына оралайықшы. Билік оппозициялық партияны тіркейді деп ойлайсыз ба?

- Барлық ресми рәсімдерді орындаймыз, сосын көреміз. Бірақ тіркейді деп ойламаймын. Сондықтан, негізгі мақсат тіркелу емес. Ойымыз — мықты саяси күшке айналып, демократиялық бағыттағы өзгерістер жасау. Ол қолымыздан келеді деп үміттенеміз.

Фархат ӘБІЛОВ

28 қазан 2019, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.