Атырау, 25 қараша 10:34
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Алаңның келбеті алаңдатып тұр

Сурет
5 047 просмотра


Атырау орталығындағы жақында қайта жаңғыртылған Исатай мен Махамбет алаңының жаңарған «келбеті» тез көнеріп жатқандай.

Ұзақ уақыт бойына биік қоршаумен қоршап, қандай өзгеріс болады деп қызықтырып қойған қаланың негізгі сәулет құрылымы жоспарланған уақыттан әлдеқайда ертерек тапсырылды. Келісімшарт бойынша алаңды тапсыру мерзімі 2020 жылдың көктемі болатын. Бірақ бұл жерде мұнайшылардың мерейтойы өткізілуі тиіс болғандықтан мердігерден ертелетуді сұрады.

Тездетіп тапсырды. Нысанның ашылуы кезекті пікірталастар тудырып, әдеттегідей, қала тұрғындары екі жаққа бөлінді. Бірінде, фейсбуктегі сыни тұрғыдан қарайтын сарапшылар виртуал әлемде жобаның түгін қалдырмады. Басқалары алаңды оффлайн зерттеуге шықты, олар да алаңды түкке алғысыз етуді мақсат еткенге ұқсайды. Алғашқы аптада-ақ газондар тапталып, гүлзарлардағы гүлдер жұлынды. Тағы бір аптадан соң тағылық деңгейі күшейе түсті - қапталған тас тақтайшалар сына бастады. Нәзік мәрмәр ғана емес, мықты деген гранит те қысымға төтеп бере алмай, шыныдай шытынай бастады.

Әр кеш сайын алаң күмәнді аттракциондар мен сырғанайтын нәрселердің бәрін жалға беретін сауық жәрмеңкесіне айналады. Осы жерде жайма базар қылып, қытайлық кәкір-шүкірлерді Диснейлендтің бағасымен сатады. Бұған қоса, қуырылған жүгері мен қантты мақтаның хош иісі алаңда аңқып тұрады.

Бұл жерде «есепке алынбаған кірісі қазынаға көк тиын да әкелмейтін осындай шағын бизнеске ыңғайлы алаңды ұйымдастыру үшін 3 миллиард теңге жұмсаудың қажеті бар ма еді?» деген сұрақ туындайды. Әсіресе, олардың кез-келген жерде жұмыс жасай беруге қабілетті екенін ескерсек. Қаладағы кез келген қоғамдық нүктелердегі көріністер осындай.  

Бала бақытын сатушылардың рұқсат құжаттары бар шығар деп болжауға болар еді. Бірақ нысан жақында пайдалануға берілді, оның әлі қайырымды муниципалитеттің қолына түспегені анық, иесі жоқ. Демек, ешкім ешкімге мұндай рұқсат бере алмайды. Бәлкім, бұл жерде тәртіп орнату полицияның және қаланың санитарлық қызметінің құзырында шығар?


«ҚИРАТЫП-БҮЛДІРУДІҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?»


- Өз өмірінде құрылыс салған әр адам өзінің осы ғимаратқа үлес қосқанын үнемі сезінеді. Мұны кез келген құрылысшы немесе сәулетші айта алады, - дейді жобаны жүзеге асырған мердігер компания - «БатысАльянсСтрой» ЖШС құрылтайшысы Әділ ЖҰБАНОВ. - Кәсіпкерлер бәрін тек қаржылық ресурстарды игеру үшін жасайды деп ойлайтындар қателеседі. Біз де осы жерде тұрамыз, балаларымыз өсіп жатыр, қамқорлығымызда ата-анамыз бар, біз де әдемі, таза, жайлы қалада өмір сүргіміз келеді және ол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Исатай мен Махамбет алаңын қайта жөндеу жобасын Қазақстанның Сәулетшілер Одағының мүшелері әзірледі. Жоба бойынша 2 жылдың орнына, бар күшімізді салып, бір жылдан астам уақытта аяқтадық. Бұл жобаға менің және жұмысшыларымның еңбектері ғана емес, жанымыздың бір бөлшегін де салдық. Жанымыз ауырады деп айтудан қысылмаймын. Түстер әсерін, тұман түзілісін жасайтын субұрқақ кешенінің бөлшектері жарамсыз болып қалды, жаяу жүргіншілер субұрқақтарының прожекторлары мен жабылған гранит плиталары сынған.

«Домбыра» және «Гүл» экзотикалық субұрқақтары да барлық субұрқақтар кешені сияқты, асыр салып ойнауға емес, сүйсініп тамашалауға арналған. Субұрқақтар өткір және шаншылатын бөлшектермен жарақталған, ал қала тұрғындары қарапайым мінез-құлық ережелерін сақтамай, абайлап жүрмей, өздерінің, балаларының денсаулықтарына қауіп төндіреді.

Адам бойындай болатын сәндік шахматтар шашылып қалған, сынған. Әлдекім гранит плиталарын қиратқан. Көгалдар мен түбірімен жұлынған гүлдер туралы айтпай-ақ қояйын. Осындай нәрсені қандай жеккөрініштілікпен жасайды? Жерлестерімнің өздерінің шынайы бет-бейнесін көрсеткеніне сенгім келмейді.


БАСҚАЛАРДА ҚАЛАЙ

...Алаң алғаш ашылған кезде көп адамдар "жалаңаш алаң - алаң емес" деген еді. Бәлкім адамдар қала алаңын гүл бағымен немесе саябақпен шатастыратын шығар? Әлемдегі көптеген астаналар мен туристік қалалардың алаңдарына әдетте мынадай параметрлер ортақ: үлкен ашық кеңістік – жаяу серуендеу үшін; демалуға арналған орындықтар; орналасуы - қаланың орталық көшелері тоғысады; сәулеттік құрылысы - ескерткіштер, сәндік нысандар немесе субұрқақтар; көшедегі шағын кафелер немесе балмұздақ пен сусындар сататын өркениетті (қызметкерлер мен келушілер үшін қажетті коммуникациялармен және дәретханалармен қамтамасыз етілген) шағын дүкендер; ағаштар отырғызылуы да немесе болмауы да мүмкін. Нью-Йорктегі Таймс-сквер, Римдегі Треви алаңы, Барселонадағы Каталония, Амстердамдағы Дам немесе Лондондағы Трафальгар алаңы, өкінішке орай, шаршаған жанға салқын көлеңке сыйламайды. Олардың көпшілігінде бірде бір ағаш жоқ, бірақ бұл оларға миллиондаған жандардың аяқ басуына бөгет болмайды. Мұнда миллиондаған әртүрлі адамдар серуендейді, демалады, кофе мен сыраларын ішеді, сэндвичтерін жейді, тіпті, кейбірінде ашықтан-ашық марихуана шегеді. Жүздеген жылдар бойы осылай келе жатыр, бірақ ешкім гүлдерді таптамайды, қоқыс жәшіктерін сындырып, от тастамайды. Ондағы тозығы жеткен мәрмәр бетіндегі сызаттар мен жарықтар - уақыт қалдырған іздер. Көпшілікке арналған кеңістіктерге, қоғамдық нысандарға қатысты жерлестеріміз бен замандастарымыздың вандализмінен ондаған жылдар бойы арыла алмай келеміз. Көп ұзамай дамудың жоғары деңгейіне өтеміз деп үміттенеміз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттерді түсірген Н. НҰҒЫМАНОВ және куәгерлер

4 қазан 2019, 12:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.