Археолог ғалымдар Индер ауданы, Жарсуат елді мекеніне қарасты Қылыш қорғанына жүргізген зерттеу барысында қорғаннан ежелгі сармат тайпасының көне бұйымдарын, адам сүйектерімен қоса, сармат әйелінің сүйегін тапты. Осы мақсатта облыстық тарихи-өлкетану мұражайында баспасөз конференциясы өтті.
Қылыш қорғанын б.з.д 3 – б.з 4 ғасырлардағы біздің өлкемізде өмір сүрген сармат тайпалары тұрғызған екен. Алғашқы боп қорғанды «Атырау облыстық тарих және археология» орталығы анықтаған. Жалпы обаның көлемі 145 метр, биіктігі 3 метр шамасында. Осы ескерткіштен 100 метр шамаларында 3 қорған жаңадан анықталған.
Мұражайдың Археология ғылыми-зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері Марат ҚАСЕНОВ болса, обадағы жәдігерліктер мен сармат тайпасы жөнінде қысқаша деректер келтіріп өтті. Ғалымның айтуынша, қазіргі кезде талас тудырып, сарматтардың ұрпағымыз деп жүрген поляктар мен украиндерге сарматтардың еш қатысы жоқ. Шынтуайтында, сармат тайпасы – біздің ата-бабамыз. Қазіргі кезде 300-ге жуық сарматтар зерттелген. Ресей ғалымдары зерттеу барысында айналып келгенде Қазақстанға ат басын бұрады екен. Тағы бір қызығы, Қылыш қорғаны тоналмай, сол қалпында сақталып келген екен. Ғалымдар бұған деген таңданыстарын білдірді.
- Обадан табылған әшекей бұйымдар өз алдына, қазанның да (суретте) табылуы ғажап құбылыс,- деді М.Қасенов - Обадан табылған әйел адамның жасы жиырма бестер шамасында. Ақсүйек, болмаса патша тұқымынан болуы мүмкін. Тарихтан мәлім, ежелден сармат тайпасында матриархаттың рөлі, әулеттегі орны ерекше болып, үстемдік орнатқан. Қорғаннан тағы бір оба таптық. Оның биіктігі 3 метр, бірақ оны қазбадық. Ол үшін тағы да қаражат керек. Алдағы уақытта ашып, зерттеу ойымызда бар. Биіктігіне қарағанда ол обада патша жерленген болуы мүмкін.
Атырау облыстық өлкетану мұражайының директоры Серік МҰХАМБЕТОВ:
- Бұл біздің облыстық мұражайдың алғашқы қазып отырған қорғаны. Шыны керек, облысымыздағы археология саласы соңғы 4-5 жылдан бері ғана дамып келеді. Осы уақытқа дейін 2 қазба жұмысы мен 4 экспедиция жүргізіппіз. 2013 жылға бюджеттен археологиялық қазба жұмыстарына арнап қаржы салынды.
Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, тарихшы-ғалым Жеңісбек МҰСТАФИН еліміздегі этнонимді тарихты зерттейтін ғалымдардың жоқтығын айта келе, алдағы уақытта университеттен тарихшыларға арнап археологиялық бөлім ашуға ұсыныс жасайтынын мәлімдеді.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА