Атырау, 25 қараша 10:31
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Раушан гүлдер шаһары

Сурет
6 188 просмотра
Саманидтер династиясының әмірі, Орта Азиядағы мемлекеттің негізін салушы Исмаил Самани ескерткіші


«Құрметті жолаушылар, ұшағымыз төмендей бастады. Перделер мен иллюминаторларды ашыңыздар, қайырмалы үстелдерді бекітіп, отырғыштарды тіктеңіздер». Тағы бірнеше минуттан кейін ақ ұлпа бұлттардың арасынан тозаңды тұман жамылған аласа таулармен астасып, құм реңдес үйлер көріне бастады. Армысың, Душанбе!

Қыркүйектің аяғында Тәжікстанның астанасына барудың сәті түскен еді. Барған сапарымда алған әсерлерім туралы оқырмандармен бөліскім келіп отыр. Бәлкім, біреулер осы керемет қаланы көруге тиіс жерлердің тізіміне қосып қалар. Оның үстіне, ол жаққа баруға ақша аз кетеді. Көп сөзбен уақыттарыңызды алмай, есте қаларлық бірнеше сәттерді баяндайын.


КҮЗДЕН ЖАЗҒА

Әуежайдан шыққанда әуелі пиджагымды шешіп алдым. Температура айырмашылығы айтарлықтай еді - біздің 14 градустан Душанбедегі 33 градус температураға тап болдым. Түске таман жұқа шортым мен футболкамды өзіммен бірге алып шықпағаныма өкіндім.

Жаз бойына бірде-бір субұрқағы жұмыс істемеген қалада тұратын жан үшін әр қадам сайын тіршілік нәрінің қайнар көзін көру - қуаныш пен сүйсініске толы болады екен. Душанбе тұрғындары үшін субұрқақтар аптап ыстықтан шынымен құтқарады. Көпшілігі суға малынудан қорықпай, бұрқақтың мәрмәр ернеуінде достарымен тілдесіп, сағаттап отырады.

... Қала әр алуан реңді және пішімдегі раушан гүлдеріне толы. Тәжік климаты оларға жағымды секілді, керемет жұпар иіс аңқиды! Ал таулар тек таңертең ғана көрінеді, содан кейін оларды Ауғанстан жақтан соққан желдің салдарынан шаңды дауылдар көрсетпей тастайды. Осы дауыл тауларды топырақты тұманмен тұмшалап алады.


ІНЖІРДІ КӨРГІҢ КЕЛМЕЙДІ

Қыркүйек айында Душанбедегі сауда сөрелерінде дәрумендердің түр-түрі сатылады. Алмадан бастап, тәтті әрі етті інжірге (айтпақшы, оны таңғы, түскі және кешкі астарға жедім) дейін бар. Көптігі сондай, әрі-беріден соң оған қарай алмайтындай болдым.

Хош иісті, тәтті, шырынды алмұрт жемісі жеке тоқталып өтуге лайық. Тістеген кезде шырыны шашырап, қолыңнан, ерніңнен, иегіңнен ағып кетеді. Майлық қолданбасаң болмайды. Алмұрттың дәмі бал татиды, аузыңда еріп кетеді. Бұл жемістің нақты бағасы есімде жоқ, бірақ келісі 300 теңгеден аспайды.


Әр көшеде дерлік үлкен сары лимондар сататын әжелер отырады. Бірақ милицияның (Тәжікстанда тәртіп сақшыларын осылай атайды) төбесі көрінсе-ақ болды, лимон салынған ыдыстарын шүберек сөмкеге орай салып, қаша жөнеледі.

Ал біздің «Дина» секілді Душанбе базарларында шаурма мен самсаның орнына палау сатылады. Бұл тәжіктердің ұлттық тағамдарының бірі. Ол үлкен шойын қазанда ошаққа пісіріліп, пластик тарелкелермен беріледі. Қаласаңыз, зәйтүн де қосады.


МАҒЫНАҒА ТОЛЫ ДӘСТҮРЛІ КИІМДЕР

Душанбеде ер адамдар еуропалық үлгіде киім кигенді жөн санаса, әйелдердің көпшілігі дәстүрлі киімдерін, атап айтсақ, кең пішілген қосқабатты шаровар мен курта деп аталатын кең пішілген көйлек киіп жүреді. Жеңдері кең, түрлі кестелермен безендіріледі.

Жейделер жағасының пішіміне қарай әртүрлі аталады. Айтпақшы, оның ойығына қарап, тәжік қызының тұрмысқа шыққан-шықпағандығын білуге болады.

Ерлердің дәстүрлі киімдеріне келетін болсақ, оларды көп кездестірмедім. Мақта-матадан тігілген жейде, шаровар, халат және жалпақ белбеуді көбіне жасы үлкен адамдар киіп жүрді.

Бұрын, айтпақшы, киімі арқылы ер адамның әл-ауқатын білуге болады екен. Ауқатты емес жас жігіттер жиектеріне «миёнбанд» немесе «бельбог» кестелері тоқылған төртбұрышты орамалдардан ширатылған белбеу тағып жүрген. Ал дәулетті адамдар алтын жіптермен кестеленген кең барқыт «камарбанд» белбеуін таққан.


ТЕК РЕГЛАМЕНТ БОЙЫНША

Жұма күні кешке жолдастарыммен серуеннен кейін қонақ үйге оралған кезде фойенің әдеттегідей тыныш еместігін байқадық. Әлдеқайдан ұлттық музыканың дыбыстары шығып жатыр. Біз музыка шығып жатқан банкет залына бас сұқсақ, ол жерде үйлену тойы болып жатыр екен. Қыздардың көпшілігі дәстүрлі курталар мен шароварлар киіп алған. Тек күнделікті киетін мақта-матадан емес, барқыт пен вельветтен тігілген. Бүкіл киімдері жалт-жұлт еткен тастармен, ал шароварлар мен туникалардың етектеріндегі ұлттық әшекейлер түрлі-түсті жиектемелермен безендірілген.

Қалыңдықтың не кигені қызықтырды. Тойлап жатқан көпшіліктің арасынан көзбен іздеп тауып алған кезде, аздап көңіл-күйім түсіп кетті. Құрбыларының сәнді дәстүрлі киімдерін көрген соң, «Вау!» деп таңқалатындай нәрсе көрерміз деп күткен едік. Бірақ той салтанатына қыз еуропалық стильдегі ақ көйлекті таңдапты. Біздің есіктен сығалағанымызды байқаған жас жұбайлар бізді дастарханға шақырды, бірақ біз сыпайы түрде бас тарттық. Қатты шаршаған едік.


Айтпақшы, тойға жиналған қонақтар көп емес. Әуелі олардың жартысы үйлеріне тарап кеткен шығар деп ойладық, өйткені сағат тілі түн ортасынан асқан болатын. Бірақ той дәстүрі туралы сұрақтарымызға жауап берген хостес тәжіктердің үйлену тойына әрі кеткенде 160 адам қонаққа шақырылатынын айтты. Мұның қаншалықты рас екенін білмеймін, бірақ тәжіктер несиеге кірмес үшін бұл норманы жергілікті билік белгілепті. Қызық, сонда шенеуніктер қонақтар санын қадағалап отыра ма екен?


КӨШЕНІ КЕСІП ӨТІП, АМАН ҚАЛУ

Душанбеде бағдаршаммен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі аз. Жүргізушілер жоғары жылдамдықпен жүреді, ал жаяу жүргіншілер олар үшін жасыл шам жанғанша 3-5 секунд ішінде жолдан өтіп үлгереді.

Жалпы, олар - экстремалдар. Өйткені, реттелмейтін жолақтарда көліктер ағынына қарамастан, олар жаяу жүргіншілер өткелін жайбарақат кесіп өтіп, жүргізушілерді ишарамен тоқтатады. Ал олар не істесін, тоқтай қалады.



ӘЛЕМДЕГІ ІРІ ШАЙХАНА

Тәжікстан оны салуға шамамен 60 миллион доллар жұмсапты. Ол қала орталығында орналасқан және шай ішуге арналған 12 залы бар.

Ішкі жағында ағаштан жасалған төбелер мен бағандарда ұлттық ою-өрнектер қолмен ойылып салынған, ал қабырғалары - халық аңыздарынан алынған сюжетті мозайкаларға толы. Сәулетшілердің жобалауынша, кешен келушілерді таңғалдырып, елдің қуаты мен байлығын көрсетуі тиіс. Ал Тәжікстан - Орталық Азиядағы ең кедей ел.



ЕҢ БАСТЫСЫ

Тәжіктер - қонақжай әрі жылы шырайлы жандар. Душанбеде болған бірнеше күн ішінде маған ешкім қырын қараған емес. Тәжік жігіттерінің ешқайсысы да (айтпақшы, тек аға буын ғана емес, ел астанасындағы жастар да орыс тілінде тым жақсы сөйлейді) соңымнан: «ей, қыз, сенің мамаңа күйеу бала керек емес пе?» деп айқайлаған емес. Сол үшін оларға көп рахмет.

Анастасия АЛЮШИНА

Суреттерді түсірген автор

3 қазан 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.