Алматыдан келген белгілі суретші Табылды МҰҚАТ(суретте)жергілікті суретшілерге шеберлік сабақтарын берді. Біз де оның бүгінгі бейнелеу әлемі жөніндегі ойымен бөлісуін өтіндік.
- Табылды аға, Атырауға портреттер көрмесіне қатысу үшін келіп, екі жұмысыңызды әкелдіңіз. Бұл бүгінде сіздің шығармашылығыңыздағы негізгі жанр ма?
- Жоқ, мен портреттік қана емес, басқа жанрларда да сурет саламын, ал негізгі бағытым - экспрессионистік ағымға жақынырақ деуге болар. Менің «Темірәлінің портреті» атты жұмысымда кейіпкерімнің бет жүзін су жуып кеткендей әсер қалдыратынын байқаған боларсыз. Өйткені, Еуропа елінің ең соңғы буындарының 20-ғасырдың аяғындағы суретшілер портрет жанрына экспрессионизмнің элементтерін қосып, бейнелеу әлеміне жаңа ұғым енді. Адамның бет-жүзін фотографиялық дәлдікпен келтірудің маңызы бар ма? Ол үшін фотоаппарат бар. Қазір суретшілер портретті пластикалық өнер ретінде қабылдайды. Бұл тұрғыда менің Темірәлі портретім пластикалық экспрессионизм ағымына жақын.
- Сізге өткен замандағы ірі тұлғалардың суретін салу туралы тапсырыстар болды ма? Өмірде көрмеген, бірақ тарих парақтарында жазылған мінездемелеріне қарап образдарын келтіру туралы ұсынысты айтам...
- Тапсырыс болған жоқ та, өзімнің бастамаммен жасаған сюжеттік портрет – Асанқайғы жайлы жазған картинам бар. Жасым 65-ке келсе де, республикалық сурет байқауларына қатысуға үміттімін. Қазір осы байқау талаптарына байланысты өз шеберханамда үш сюжеттік жұмысымды аяқтау үстіндемін. Өнер сыншылары тарапынан әлі де сын естіп, жаңаша көзқарастың тууын күтемін.
- Суретшілердің қоғамдағы рөлі жайлы пікіріңізді білсек?
- Қазақстанда суретшілерді бағалауды әлі үйренген жоқ. Оның бір себебі – бейнелеу өнері саласындағы менеджменттің жоқтығы. Картиналарды сатумен, көрмеге шығарумен, таныстырумен менеджерлер айналысу керек. Оларды импрессарио десек те болады. Солар өнерді түсінетін әрі кәсіпкерлікпен де айналысатын жандар болғаны жөн. Ал суретшіге тек шығармашылық жұмыспен айналысуды қалдыру керек. Еуропада өнерге деген құрмет пен оны аялау білу ісі әлдеқашан қалыптасқан. Бізде жолға қойылмаған. Сондықтан да бейнелеу өнерінің ортамен қарым-қатынасы тым алшақ.
- Суретшілердің табысы материалдық тұрғыдан алып қарағанда тұрақсыз ғой. Өзіңіз осы жолды таңдағаныңызға өкінген кездеріңіз болды ма?
- Болды, бұл ой өмірбақи ілесіп жүрді. Әсіресе, социализмнен капитализмге аяқ басқан кезде өте қатты сезілді. Өйткені, суретшілердің бұрынғы бағыты, ұйымдастыру жағы, тапсырыспен қамту, ақша бөлу жағы тым үзілді де, жаңа бір қоғам ашылғанда, суретшілер қайда барарын білмей қалды. Далада қалды көбі. Сондықтан, өмірден де өз нәпақасын таба алмай, баз кешіп, кейбіреулері өмірден ерте кетті. Енді, мінеки, жаңа түзелген, кішкене үміт сәулесі пайда болғандай болды. Бірақ, ол қалай қалыптасып кетерін болжап айту қиын.
Айнұр САПАРОВА