Атырау, 24 қараша 04:47
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Балықтың қырылуы туралы іс: есептегіштерге не жау шапты?

Бейнежазба
4 190 просмотра


№2 Атырау қалалық сотта өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуы туралы іс бойынша сот отырысы жалғасуда. Бұған дейін сот отырысы сотта төрағалық еткен Дәуренбек Даумовтың еңбек демалысына шығуына байланысты кейінге қалдырылған еді. Кезекті отырыста үш сотталушының бірі – «Атырау Су Арнасы» КМК директорының орынбасары Виктор СУЩЕНКО жауап берді.

Сущенконың айтуынша, ол өзінің еңбек қызметін осы кәсіпорында 90-жылдардың басында жұмысшы ретінде бастаған және директордың орынбасары лауазымына дейін көтерілген.

- Хлор немесе басқа реагенттің мөлшері асып кетсе не болады? – деп адвокат Бауыржан ОРАЗОВ өз сауалдарын қоя бастады.

- Хлор мен реагенттердің мөлшерлемесі лаборанттың көрсеткіші бойынша жүргізіледі. Реагенттердің мөлшерін асырып жіберу мүмкін емес, өйткені барлығы есептегіштермен және датчиктермен бақыланады. Сонымен қатар, егер реагенттердің құрамы артса, онда сасық иіс пайда болады.

- Датчиктер қайда тұр?

- Олар хлораторларда тұр.

- Сіз бұрын осындай көлемде өлген балықты көрдіңіз бе?

- Жоқ, мұндай ауқымда - 30 жыл ішінде алғаш рет көріп тұрмын. Бірақ қалың мұздың астында оттегі жетіспеуіне байланысты балықтың қатып қалуы жиі кездесетін.

- Есептегіштер үшін кім жауапты?

- Автоматтандырылған басқару жүйесі (АБЖ) және метеорология қызметі.


Сущенконың айтуынша, есептегіштердің жұмысында іркіліс болғандықтан сол кездегі «АтырауСуАрнасы» КМК-ның директоры Руслан ҚҰРМЕТОВТЫҢ (қазіргі сотталушы) нұсқауы бойынша «АСА» қызметкері Ақботин құрал-жабдықтарды өшірген. 

- Маған біздің қызметкер Ақботин есепке алу құралдары бойынша іркіліс болып жатқанын айтты. Есептегіштер кейде асырып, кейде жетпей тұрғанын көрсетіп тұрды. Мен осыны ескеріп, директорға мәлімдейтінімді айттым. Біз барлық іс-әрекетті директормен келісіп атқарамыз. Алдағы жұмысты жоспарлаудың кезекті жиналысында Құрметов Ақботинды шақырып, жағдайды сұрады, содан кейін есептегіштерді өшіруге нұсқау берді.

Сотталушы сондай-ақ «АСА» КМК ВОС схемасы бойынша қатысушыларға суды хлорлау технологиясын көрсетті.

Сот отырысы 30 қыркүйекте жалғасады.

Фархат ӘБІЛОВ 

Сурет пен бейнежазба автордыкі

26 қыркүйек 2019, 17:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.