Атырау, 24 қараша 09:31
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кооперативтердің орнына басқарушы компаниялар келеді

2 844 просмотра

Биылғы жылы ПИК-терге үйлерді пайдалану қызметін көрсететін басқарушы компаниялар көмекке келмек. Жазға таман қаладағы отыз шақты көпқабатты үйлер таңдалынады, оларды тәжірибе аясында басқарушы компаниялар ретке келтіруі тиіс. Жөндеуге жұмсалатын ақшаны несиеге алмақшы. Оны кейін тұрғындар төлейтін болады.

БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯЛАР КӨМЕККЕ КЕЛЕДІ

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту аясында үйлерді ұстап тұру және қызмет көрсету жауапкершілігін өз мойындарына алатын басқарушы компанияларды құруды ұсынды: «Бүгінде штатында біліктілігі төмен қызметкерлері бар ПИК бұл қызметті тиімсіз атқарып отыр», - деді біздің облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, қазіргі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі ҚР агенттігінің төрағасы Серік НОКИН.

Агенттік Қарағандыда басқарушы компанияны құру жөніндегі пилотты жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Биылғы жылы осындай басқарушы компаниялар Астанада, Ақтөбеде, Шымкентте және Атырауда да пайда болуы тиіс.

Атырау қаласының ПИК-тер қауымдастығының төрағасы Асылбек МҮЛІКОВТІҢ айтуынша, ақпанның аяғына қарай халық арасында түсіндіру жұмыстары басталмақ. Басқарушы компаниялар жылыту маусымына үлгеру үшін жазда жұмыстарына кірісулері тиіс.

НЕСИЕ КОНДОМИНИУМНЫҢ БІР БӨЛІГІ РЕТІНДЕ

«Басқарушы компаниялар – бұлар үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін компаниялар (кез-келген құрылыс мекемесі). Қарағандыда олар өз жұмыстарын бастап кетті. Ол жаққа біздің қалалық әкімдіктен өкілдер барып келді», - дейді А.Мүліков.

Оның айтуынша, басқарушы компаниялармен жұмысты бастамас бұрын міндетті түрде әр үйге кондоминиум тіркеуі тиіс. Әрі қарай тұрғындар жалпы жиналыста қандай жұмыстың атқарылуы керек екендігін анықтайды (шатырды, қасбетті жөндеу, ауланы тазалау, тұрбаларды ауыстыру және т.б.). ПИК басқарушы компанияларға шығады. Ал олар өз кезегінде смета жасақтап, оны тұрғындардың төрелігіне береді. Барлық жөндеу шығындары тұрғындарға жүктеледі.

«Үйді жөндеуге қаржылар шағын несие мекемелері арқылы жылдық 4-5 пайызбен 20 жылдық несиеге жасалады. Мемлекеттен тұрмысы аз қамтылған отбасыларға күрделі жөндеудің 50 пайызы мөлшерінде жәрдемақы бөлінетін болады, қалған сома несиеге берілмек. Сол үшін кондоминиум қажет. Несие де шатыр мен жертөле секілді жалпыүйлік мүліктің бір бөлігі болады, - дейді А.Мүліков. – Жылдық 4-5 пайыздық несие – бұл шамамен әр тұрғынға шаққанда айына 1,5-2 мыңнан келеді. Бұл сома жөндеу сомасына, пәтерлер санына және олардың алаңдарына байланысты болады».

Атырауда пилоттық үйлерді зерттеумен және таңдаумен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің жанынан құрылған «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты реформалау және дамыту жөніндегі тұрғын үй орталығы» АҚ мамандары айналысады.

«Біз 50 үйге тапсырыс беріп қойдық, оның ішінен шамамен 30-ын таңдайды. Бұлар негізінен бес қабатты үйлер, - дейді ПИК қауымдастығының төрағасы. – Мемлекет үйлерді күрделі жөндеудің қолайлы жолын ұсынып отыр. Бізде әлі күнге дейін бірінші қабатта тұрып, «бізге шатырдың қажеті қанша?» дейтіндер, ал бесінші қабатта тұрып, «бізге жертөле неге керек?» дейтіндер бар. Өкінішке орай, тұрғындардың бәрі бірдей дерлік үйдің олардың меншігі екендігін түсіне бермейді. Оларға ешкім де сырттан келіп, жөндеуге ақша бермейді ғой».

ПИК - ҚАРСЫ

Баспананы ұстап тұруға қаржының жетіспеу проблемасын әр үйге ағымдағы шот ашу арқылы шешу ұсынылады. Несие осы шотта несиенің 20 пайыздан кем емес сомасы жинақталған жағдайда берілетін болады. Қажетті қаржылар қайдан түседі? Пайдалану шығындарының есебінен шығар деп болжауға болады. ПИК-тердің өздері осы іске онша разы емес. Бұған таң қалуға болмайды. Өйткені несие солардың атына рәсімделеді ғой.

«Әнуар-Авангард» ПИК-інің төрайымы Людмила ШАРАВАТОВА:

«Бұл бағдарлама ақылға сыйымсыз. Адамдар 900 теңгені төлей алмай отыр, ал бұл жердегі әңгіме несие туралы ғой. Адамдардың санасы басқаша. Біз былай есептеген едік, шатырды жөндеу шамамен 13 млн. теңгеге шығады. Оны 100 пәтерге бөлеміз, сонда 240 айға (20 жыл) әр пәтерден 130 мыңнан келеді. Бұл мейлі айына 500-600 теңге болсын делік. Бұл пайдалану шығындарынан бөлек сома. Ал қазір кімде артық ақша бар дейсің? Ауқатты адамдар біздің үйлерден әлдеқашан көшіп кетті.Оның үстіне несиені бізге рәсімдейді. Біз өз бережақтарымызға қатысты соттан шықпаймыз, ал ертең осы несиелермен тіпті банкротқа ұшырайтын боламыз».

«Восток» ПИК-інің төрағасы Василий ХАН: «Егер басқарушы компаниялар келетін болса, онда бізге, ПИК-терге тек басқаруды, аула тазалаушылар мен бухгалтерлерді қалдыру ғана қалады. Ал барлық инженерлік коммуникацияларды басқарушы компанияларға беруге тура келеді. Бізге жұмыс істеген оңай секілді. Бірақ ертеңгі күні сұрауы бізден болады. Біз басқарушы компанияның жұмысына бақылау жасайтын боламыз. Меніңше, кеңестік дәуірдегідей барлық үйлерді мемлекеттің балансына берген жөн».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.