Атырау, 29 қараша 06:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Қайықтар соқтығысып, 4 адам суға кетті (толықтырылды, +брифинг)

3 100 просмотра

Фотосурет "АЖ" мұрағатынан21 қазанға қараған түні Жайық өзеніндегі түнгі оқиға нәтижесінде 4 адам суға кетті. «Құрманғазы» мен «Қызыл балық» балық кооперативтері орналасқан жерде екі қайық соғысты. Олардың бірінде су полициясының қызметкері болған.

Түнгі сағат бір шамасында қараңғылықта «Байда» мен «Казанка» моторлы қайықтары соқтығысқан. ТЖД жорамалы бойынша, анағұрлым жеңіл казанка ауыр байданың соққысынан төңкеріліп қалып, оның төрт жолаушысы суға батып кеткен.

Бұл қайықта балық қорларына қылмыспен қол сұғушылықпен күрес бөлімінің қызметкері 1969 жылы дүниеге келген Атырау облыстық ІІД полиция сержанты Мұхтар НҰРҒАЗИЕВ болған. Басқа үш жолаушының (1976, 1985, 1989 ж. т.) су полициясына еш қатысы болмаған. Алайда ресми органдар мұны рейдтік сапар деп отыр. Казанка қызмет көлігі екен. Байдада кімдердің болғаны белгісіз, қайықтар соқтығысқаннан кейін олар ғайып болған. Онда кімдердің болғандығы туралы мәліметтер жоқ. Бұлар браконьерлер деген болжам ғана бар.

Соған қарағанда, бұл қылмыстық сипаттағы оқиға болуы мүмкін. Алайда әзірге тергеу жүргізілуде, оқиғаға ешқандай баға берілмейді.

Әзірге суға кеткендердің біреуі – 1985 жылғы Азамат НҰРҒАЗИЕВТЫҢ ғана денесі табылды.

 

Қосымша

Түнгі соқтығыста суда қаза болғандардың барлығы табылды. Кеше, 22 қазанда сағат 17.05-те соңғы боп Мұхтар Нұрғазиевтың денесі судан шығарылды.

Түнгі оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды. Кеше ТЖ қызметі ұсынған мәліметтер нақты болмай шықты. Су полициясының балансында казанка емес, байда қайығы болған екен. Осы байда ішінде екі адамы бар казанкаға соққан.

Соқтығыстан кейін олардың бірі борттан құлап кетіп, екіншісі аз уақыт есінен танып қалған. Есін жиған кезде, қайыққа жолдасын сүйреп шығарған, - дейді облыстық ТЖД судан құтқару қызметі бастығының орынбасары Самат ҚҰМАШЕВ.

Бос қалған байда бұл уақытта айналып жүріпті, мотор әлі жұмыс істеп тұрған. Бәлкім, қаза болғандардың бірінің аяқ-табан бөлігінің болмауы осыдан шығар. Құтқарушылар оны мотор қалағы жұлып кеткен шығар деп топшылап отыр. Кемені кім жүргізсе, сол адам міндетті түрде тұтандыру кілтін қолына бекітеді деген ереже бар екен.

Мұндай апат болған жағдайда, адам борттан құлап кетсе, кілт өзімен бірге ұшып кетіп, мотор өшеді, ал кеме қозғалысын тоқтатады, - деп түсіндіреді Құмашев.

Бірақ сол түні бұл ережені де, басқа міндетті норманы да сақтамаған. Жолаушылардың бірде-бірі құтқару жейдесін кимеген.

Соқтығысу орнын нақты анықтау мүмкін болмағандықтан, іздеу алаңы 1 000 шаршы метрдей алаңды құрады. Су түбін балықшылардың ау-құралымен, тралдармен тексерді, сүңгуірлер іздеу жүргізді. Іздеу жұмыстарына 15-тен аса қайық жұмылдырылды, марқұмдардың туыстары да белсенді қатысты. Оқиға алаңы анықталған кезде жұмыстар тез аяқталды. Суға кеткендердің барлығы бір-біріне жақын маңда бірнеше метр жерде болған. Тірі қалған қатысушылар анықталып, жауаптар алынуда.

 

Брифинг 

22 қазанда Атырау көлік прокуратурасы брифинг өткізді.

- Қуаттылығы 55 ат күшіне тең «Казанка 5 м» типті моторлы қайықта екі адам болған. Қайық Каспийге қарай бағыт алған. Қуаттылығы 155 ат күшіне тең «Байдадағы» төрт адам, керісінше, теңіз жақтан қайтып келе жатқан. Соқтығысқаннан кейін бұл төртеу қаза болған. Казанкада болған адам ауруханаға жеткізілді. Оның үш қабырғасы сынған, - деді журналистерге көлік прокуроры Болат ҚАЛЫҚОВ. – Абайсызда екі немесе одан да көп кiсi өлiмiне әкеп соққан су жолы көлiгi қозғалысының ережелерiн бұзу (ҚР ҚК 295-бабының 3-тармағы) фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.

- Кейбір ресми органдар байданы қызмет көлігі болған, ал оның бортындағы су полициясының қызметкері қызметтік міндетін атқарып жүрген деген мәліметтер таратып үлгерді.

- Бұл жаңсақ ақпарат.  Қайық тіркелмеген, яғни, ол жеке қайық. Мұхтар Нұрғазиев сол күні демалған – бұл демалыс күнінде болған оқиға.

- Мұндай уақытта екі қайық өзенде не істеп жүрген? Қандай да болмасын жорамал бар ма?

- Біз мұны анықтаған кезде хабарлаймыз. Әзірге ешқандай жорамал жоқ. Барлық жағдай, соның ішінде олардың түнде су айдынына шығу себебі тексерілетін болады. Бір ғана айтарым, екі қайық та оларды тәуліктің қараңғы мезгілінде пайдалануға тыйым салатын шағын көлемдегі кемелерді пайдалану ережесін бұзған.

- Байданың аумақты жарықтары болған ба?

- Иә, куәгерлер оның жұмыс жасап тұрғанын айтып отыр.

- Ал сонда байданың жақындағанын көрген казанка соққыдан құтыла алмаған ба?

- Олардың айтуынша, олар бір бүйірге бұрған, бірақ бәрібір соққыдан қаша алмаған (Бұл жерде Жайықтың ені, сол жерде жұмыс жасаған құтқарушылардың айтуынша, 200 метрден астам – З.Б.).

- Байда казанкадан үш есе күшті және судағы анағұрлым сенімді құрал деп есептеледі. Неліктен оның бүкіл жолаушысы қаза болған?

- Бұл қарсы соқтығыс емес, олай болғанда бәрі қаза болар еді. Казанка соққыдан қашуға тырысқандықтан, бүйірден соқтығысқан.  Қиғаштап және бұрыштан соққы тигендіктен байданы ұршықтай айналдырып жіберген. Ішінде отырған адамдар борттан ұшып кеткен, бірақ алысқа емес. Ал моторы өшпеген қайық айналып тұрғандықтан олар ауыр зақым алған болуы керек. Мұны марқұмдардың бірінің табан бөлігінің жоқтығы қосымша дәлелдейді.

Екі қайыққа да тексеру жүргізілді. Прокурордың айтуынша, олардың бортында браконьерлік балық аулайтын құрал-жабдықтар, ау-құралдары болмаған. Оның субъективті пікірінше, оқиға байқаусызда орын алған.

- Адамдардың мерт болғаны өте өкінішті, олардың ішінде ағайынды жігіттер болған, бұл кез-келген отбасы үшін үлкен қаза, - деді Қалықов.

Бұдан сәл бұрынырақ облыстық ТЖД судан құтқару қызметі бастығының орынбасары Самат ҚҰМАШЕВ мұның жазатайым оқиға екендігі туралы пікірін білдірген болатын.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

22 қазан 2012, 19:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.