Ақтауда Козлов, Сапарғали және Әминов үшеуінің үстінен өткен сот үдерісі барысында «Алға» радикалды тобы мен олардың кешегі жақтастарының ара жігі енді қайта қабыспастай болып ажырады. Мұнайшылар жаппай Әбіләзов пен Козловты және олардың серіктерін Жаңаөзен тұрғындарына қарсы қылмыстар жасады және мемлекеттік құрылысты күшпен құлатпақ болды деп айыптады.
Жаңаөзенде Козлов пен оның сыбайластары қандай мақсаттар көздеп әрекет жасағаны, олардың 2011-жылдың желтоқсанында болған қанды қырғынға қарапайым адамдарды не үшін айдап салғаны, ақыры одан кімнің қандай ұпай жинап, табыс тапқаны туралы соттағы негізгі куәгерлердің бірі, ереуілшілер қозғалысының бұрынғы белсендісі Роза Төлетаева егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Оның берген куәліктері басқа да жауаптармен бірге айыпкерлерге үкім шығаруда басты рөл атқарды.
Басты куәгер «Алға» ұйымына қатысты сот алдында жауап берердің алдында Козлов мұнайшылардың сеніміне кіру үшін қандай әрекеттер жасағаны туралы бейнематериал жұрттың назарына ұсынылды.
2010-жылдың наурыз айында Жаңаөзенге барған Козлов мұнайшылармен кездесіп, бірден олардың сеніміне кіруге тырысқан.
«Мен бұл жерде Әбіләзовтің атынан сөйлеп тұрмын, осында келердің алдында ғана мен онымен сөйлестім. Ол сіздерге өте мықты заңгерлер мен экономистер, саясаткерлер қажет болатынын атап өтті», - деп Козлов ереуілге шыққан мұнайшылардың ортасында бейнекамераның алдында сайрап тұрды.
Осы бейнематериалдан мәлім болғанындай, мұнайшылардың бірінің Козловтың «Республика» газетіне қаншалықты қатысы барлығын сұраған сауалына «Республика да біздікі. Мен Владимир Козлов бір кезде мына МАЭК-ке қатысты да Әбіләзовпен бірге істегенмін. Мен Ақтаулықпын. 40 жыл Ақтауда тұрдым, кейін ҚДТ қозғалысы ұйымдастырылған кезде соларға көмектесу үшін Алматыға кеткенмін», - деп жауап береді.
Сот отырысы басталғаннан бері Козлов та, оның қорғаушылар ұсынған куәгерлердің барлығы да Әбіләзовтің «Алға» радикалды ұйымының басқарушы рөлін жоққа шағырап келгендіктен бұл бейнематериал отырғандардың барлығының түсініспеушілігін және наразылығын туғызды. Осыдан кейін барып, Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың бірі, Роза Төлетаеваға сөз берілді.
Оның айтуынша, «Алға» тобы мен «Халық майданы» қоғамдық қозғалысының мүшелері Владимир Козлов, Айжангүл Әмірова, Серік Сапарғали, Болат Атабаев және Жанболат Мамай бастаған топтың жұмыстан қуылған мұнайшыларға ешқандай да көмек көрсету ниеті болмаған, тек қана оларды өздерінің саяси мақсаттарына пайдалануға ұмтылған.
Олар бастапқыда уәде бергеніндей заңгерлер мен экономистерді шақырып, ереуілшілерге ешқандай заңдық көмекті қамтамасыз ете алмаған. Есесіне, республикалық және халықаралық деңгейде өткізілген құқық қорғау тақырыбындағы түрлі шараларға ереуілшілердің қатысуына барынша қолдау жасаған.
«Мен олардың қайсыбіреуінің біздің еңбек дауымыз туралы бір ауыз сөз айтқанын естіген емеспін. Олар «сендердің мәселелеріңді ешкім шешпейді, сендер ешкімге керек емессіңдер» деп билікті бізге шағыстырып бақты.Осылай бізді мемлекетке қарсы қоюға тырысты, біздің мемлекетке деген жеккөрушілігіміз бен ашу-ызамызға май құя түсті», - деді Роза Төлетаева өзінің сот алдында берген жауабында.
Куәгердің жауаптарына жүгінсек, «Алғаның» Маңғыстау облысындағы өкілі Айжангүл Әмірова одан алаңға ереуілге шығып тұрған, жұмыстан қуылған ереуілшілердің арасына «Республика» және «Халық майданы» газеттерін таратуын өтінген. Сонымен қатар, куәгер алаңда түрлі үнпарақтардың да таратылып жатқанын өз көзімен көргенін мәлімдеді.
Роза Төлетаева ұйымның тағы бір мүшесі Мұрат Тұңғышбаев алаңда тұрған мұнайшыларға «Твиттер» микроблогімен қалай жұмыс істеу керектігін де үйреткен.
«Менің бұл бағдарламадан түсінгенім, егер наразылық акциясына қатысушы мұнайшылар үйлеріне тарап кеткен, я болмаса жеке шаруаларымен алаңнан кетіп қалған жағдайда қажет болса оларды «алаңға жиналыңдар» деген жалғыз хабарлама арқылы жинап алуға болады екен. Мен осының барлығы Әмірова, Козлов, Атабаев, мамай, Сапарғали секілді адамдардың жұмыстан қуылған мұнайшыларды ешқайда тарап кетпей, неғұрлым ұзақ уақыт бойы алаңда тұрғызу үшін істеп жатқан амалдарының бір тәсілі екенін мен әбден кеш түсіндім» , - деді Роза Төлетаева,
Ол өзінің берген жауаптарында Жаңаөзенге келген Еуропарламенттің депутаты Пол Мерфи басқа емес, дәл осы «Алғаның» белсенділерінің шақыруымен келгенін атап өтті.
«Мен Әміровадан Еуропарламенттің депутатын кім шақырғанын сұрағанымда ол «Әрине, Алға» деп жауап берді» дейді куәгер.
Роза Төлетаева «Алғаның» тағы бір белсендісі Болат Атабаев ереуілшілерге егер олар «Халық майданына» кірмесе ешқандай көмек ала алмайтындарын айтқанын мәлім етті.
«Болат Атабаев «Халық майданы» қозғалысын құрылғанын, өздері соның мүшесі екенін айтты. Осыдан кейін ол біздің талаптарымызға қолдау білдіретінін, мұнда заңгерлер мен экономистерді, адвокаттарды әкеліп, өздерінің кеңселерін ашатынын , бірақ ол үшін біздің «Халық майданына» кіруіміз қажеттігін мәлім етті. «Барлығың Халық майданына кіріңдер. Тек сонда ғана біз құзырлы органдардан сендердің талаптарыңның орындалуын сұрай аламыз. Қазіргі таңда біз сендердің еңбек дауларыңа араласа алмаймыз деді», - дейді куәгер өз сөзінде.
Оған қоса, Роза Төлетаеваның айтуынша ереуілшілердің жұмыс берушілермен өткізген келіссөздерінің барлығы осы Алғаның бастамасымен құрылған ереуілшілер штабының кесірінен тоқтатылып отырған. Ереуілшілердің штабына сол кезде «Алға» ұйымының өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, солардың ақыл-кеңестерін алып отырған Әжіғалиева, Отарбаева, Түлкібаев, Өтекеева, Сақтағанов, Қалиев, Досмағамбетов секілді азаматтар кірген болатын.
Төлетаева бұл штабтың өте құпия, оңашаланған түрде жұмыс істегенін айтты. «Бұл штабта тек қана белсенділер болды. Сырттан біреу-міреу келе қалса олар айтып отырған әңгімелерін, талқылап отырған тақырыптарын доғарып, үндемей отыра қалатын», - деді ол.
«Осы штаб өкілдерінің кесірінен билік пен жұмыс берушілер тарапынан өткізілген барлық жиналыстар аяқсыз қалып, кейінге ысырылып отырды. Атап айтқанда, 2011-жылдың қыркүйек айында өткен кездесуде ереуілшілердің талаптарына байланысты сауалдар қойылып, мәселе талқылана бастағанда Әжіғалиева және басқалар оны тыңдамастан, орындарынан тұрып-тұрып кетіп қалды» деп атап өтті Төлетаева.
Куәгер Төлетаеваның осы және басқа да көптеген жауаптары соттың айыпкерлерге қатысты шешім шығаруы кезінде барынша әділ үкім шығаруына ықпалын тигізгені анық.
Дереккөз: bnews.kz