Атырау, 29 наурыз 06:05
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Алматыда бір топ жас конституция реформасын талап етіп, марш өткізді

Бейнежазба
2 838 просмотра


30 тамызда түстен кейін Алматыдағы Арбатта Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының белсенділері марш өткізіп, конституцияны реформалауды талап етті.

Конституция баптарынан үзінді жазып алып, "Конституция реформасы үшін", "Оян, Қазақстан!" деп айқайлаған жастар Жібек жолы бойымен жүріп, Панфилов көшесіне бұрылып, "Астана" алаңына барды.

- Қазақстанның президенттік басқару жүйесінен бас тартатын кезі келді. Еліміз парламенттік республика болуы керек. Қоғам демократияға зәру. Еліміз демократияға дайын емес сияқты тіркестердің мәні жоқ. Өзгеріс жасайтын кез келді, - деді жастардың бірі Димаш Альжанов марш кезінде.

Ел конституциясы қабылданған бұрынғы парламент ғимараты, қазіргі Қазақ-Британ техникалық университетінің алдында плакат ұстап, біраз аялдаған жастар қазіргі конституцияны өзгерту қажеттігін айтып, Панфилов бойымен қаланың жоғарғы бөлігіне қарай бет алды.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Қабанбай көшесіндегі Абай атындағы опера және балет театры алдында әрі қарай шерулерін жалғастырған жастар "Біздің таңдауымыз бар!", "Парламенттік республика" деп айқайлады. Маршқа қозғалыстың шамамен 15-20 белсендісі қатысты.


Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Әсем Жапишева Азаттық тілшісіне шеруге бір күн қалғанда белгісіз бірнеше адамның өзін аңдып, қорқытпақ болғанын айтты.

- Кеше артымнан екі-үш адам аңдып жүрді. Мен шыдамай, оларды камераға түсіре бастадым. Олар бізден қашып кетіп қалды. Оның бәрі бүгінгі шерумен байланысты. Біз бұған дейін шерудің нақты қай жерде болатынын айтпадық. Себебі, омондардың келіп, азаматтарды ұстағанын қаламадық. Бірақ олар жаңағыдай жолдармен бізді қорқытқысы келеді. Одан түк шықпайды, - деді Әсем Жапишева.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, оқиға орнында Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров та болған. Бірақ полиция қызметкерлері шараның өтуіне кедергі жасамады. Шамамен 45 минутқа созылған шара жергілікті уақыт бойынша кешкі алтыға таман аяқталды.

Дәл осыған ұқсас акция 30 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында да өтті. Қаладағы "Нұржол" бульварына кешке қарай жиналған Oyan, Qazaqstan, "Республика" қозғалысының өкілдері конституциядан үзінділер оқып, елдегі адам құқығы ахуалын, саяси тұтқындар мәселесін сөз етті.

- Шын мәнінде көп жас осылайша пікірлерін айтуға қорқады. Біздің артымызда пікірлерін айтқысы келетін, бірақ қорқатын жүздеген, мыңдаған жастардың бар екенін білемін, - деді шараға келгендердің бірі.

Жастардың бірі пікірін ашық айтқан жастарға қысым көбін айтса, бірі елдегі қиындықтарға байланысты шетелге кетіп жатқан жастар мәселесін қозғады.

30 тамыз Қазақстанда Конституция күні аталып өтеді. 1995 жылы қабылданған конституцияның құрметіне елде демалыс жарияланған.

1995 жылы қабылданған Қазақстан конституциясына бірнеше рет президенттің өкілетін кеңейтіп, биліктің ықпалын күшейтетін өзгерістер енгізілген. Конституция реформасын талап еткен акциялар бүгін Шымкент пен Нұр-Сұлтанда да өтті.

Биыл маусымда құрылған Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділері саяси реформаларды, партия мен қоғамдық бірлестіктер құруға қойылатын талаптарды алып тастау мен сайлау заңына өзгеріс енгізуді талап етеді. Қозғалысты құрғандар ресми тіркеуге өтініш бермейтінін, саяси партиямен серіктес болмайтынын, сондай-ақ ішкі және шетелдік ұйымдардан қаржы алмайтынын мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық радиосы

31 тамыз 2019, 10:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.