Атырау, 25 қараша 10:09
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ұрып-соқса, демек сүйеді. Мұны ойлап тапқан кім?

4 853 просмотра
Фото: Fotolia, Warren Goldswain

Қазақстан Республикасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы баптарды қылмыс деп танымау Ресей заңнамасындағы осынған сәкес өзгерістерден кейін орын алды. Енді ол үшін қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Заңға жүгіне отырып, осындан кейін кодекстерде қандай өзгерістер болғанын салыстырайық.

#МЕНІҢӨЛГІМКЕЛМЕДІ
2018 жылы Ресейде жасалған ең ауыр қылмыс Михаил Хачатурянды өлтірген қылмыс болған шығар. Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, үш қызы - Кристина, Ангелина және Мария әкесінің қорлығынан шаршап, оны өлтіруді алдын-ала жоспарлап, М.Хачатурянға ұйықтап жатқанда шабуыл жасаған. Алдымен Ангелина мен Мария бұрыш баллонының көмегімен әкесін «залалсыздандыруға» тырысады. Бірақ ол қарсылық көрсетеді, сол кезде апалы-сіңлілердің үлкені Кристина М.Хачатурянға бірнеше рет пышақ жарақатын салады.

Бір жылға жуық созылған тергеуден кейін апалы-сіңлілерге «адамдар тобының немесе ұйымдасқан топтың алдын-ала келісіп, кісі өлтіруі» деген бап бойынша айып тағылады. Бұл бап сегіз жылдан жиырма жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Қорғау тарапы қыздардың ұзаққа созылған тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сексуалдық әрекеттерге мәжбүрлеу салдарынан шарасыз жағдайда қалғандарын растайды.

Елді шулатқан хикаяда жұртшылық қыздардың жағында болды. Мәскеуде, Санкт-Петербургте және басқа қалаларда апалы-сіңлілердің жазасын жеңілдету және тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнаманы өзгерту үшін үнемі пикеттер өткізіліп тұрды.

Оның үстіне, Instagram әлеуметтік желісінде өздеріне көгерген жерлер мен жарақаттарды гриммен жағып, суреттеген 12 мыңға жуық қолданушы (ресейліктер ғана емес) апалы-сіңлілі Хачатуряндар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан өткерген басқа әйелдерге қолдау ретінде #меніңөлгімкелмеді деген хэштэгпен акцияға қатысты.


ЖАЗА ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖЕҢІЛДЕДІ?

Бұған дейін Қылмыстық кодексте денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзету жұмыстарына тарту, сондай-ақ 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және тіпті, 60 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Ал қазір ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1 бабы негізінде (денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру), 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Егер қылмыс бір жыл ішінде қайталанса, 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады.

Бірақ Қылмыстық кодексте «Ұрып-соғу» бабы бойынша 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе сол көлемде түзету жұмыстары, 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 45 күнге дейін қамауға алу қарастырылған.

Қазіргі уақытта ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Ұрып-соғу» деп аталатын 73-2-бабы – тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды қарастырады.

Қайталап жасалған әрекеттер 15 тәулікке дейін қамаққа алуға алып келеді.

Айтпақшы, 2014 жылға дейін жоғарыда аталған екі бап Әкімшілік кодексте болды. Содан кейін олар үш жылға Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Бұл ауысу барысында сол кездегі ҚР Бас Прокуроры Жақып АСАНОВ тек қана кемшіліктерді атап өтті. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары өздеріне қарсы қылмыс жасалғанын куәгерлерді іздеуден бастап сот ісіне дейін өздігінен дәлелдеуге міндетті болды.


«ХИКАЯЛАР ӘРТҮРЛІ»

Атырау облысында тұрмыстық заң бұзушылықтардың көбейгені байқалады. Полиция департаментінің мәліметінше, соңғы 5 айда полицейлер 2721 отбасына барып, төбелескіш жанжалқойлармен түсіндіру әңгімелері өткізілген.

Атырау қ. тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған дағдарыс орталығының заңгері Ақмарал БИКБАЕВАНЫҢ айтуынша, көпшілігі сенім телефоны арқылы қоңырау шалғанды жөн санайды екен. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында осындай 221 адам хабарласқан.

- Көпшілігі полицияға шағымдануға ұялады, сондықтан осындай әдіске жүгінеді. Біз психолог пен заңгер кеңестерін береміз. Мысалы, көп әйелдер өздерінің қатыгез күйеуінен кетуді қалаған кезде, ажырасу немесе мүлікті бөлу үшін арызды қалай рәсімдеу керектігін білмейді. Күйеуінің үнемі ұрып-соғатынына қарамастан, оны тастап кеткісі келмейтін ханымдар да бар. Кейде бұл қаржылық жағдайға да байланысты. Ал жалпы, хикаялар әртүрлі, - дейді Ақмарал.

Дағдарыс орталығына жүгінген әрбір әйел тіркеледі. Бір жыл бойына ол әйел орталық қызметкерлерінің бақылауында болады.

- Біз қоңырау шалып, отбасындағы жағдайға қызығушылық танытамыз, үйлеріне барып, күйеуімен және енесімен түсіндіру әңгімелерін жүргіземіз. Жалпы, отбасын сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Әйел алғаш жүгінген кезде біз күйеуіне ескерту жасаймыз. Әдетте бұл оны жуасытады. Егер қайталаса, істі бізбен бірлесе жұмыс жасайтын Полиция департаментіне жолдаймыз.


«“ҰРЫП-СОҚСА –СҮЙЕДІ” ДЕГЕН ҚАТЕ ПІКІР»

Ақмаралмен сөйлескеннен кейін өзімнің әлеуметтік желідегі парақшама құпия жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты өз хикаяларымен бөлісуді өтініп, жазба жарияладым. Шынымды айтсам, тұрмыстық жанжалдың егжей-тегжейін жайып салатын жан табылар деп күтпеген едім. Солай болды. Бірақ «алты қол алысу теориясы» бойынша 20 жылдан астам уақыт бойы озбыр күйеуінен қалай зардап шеккенін айтудан тартынбаған әйелді тауып алдым.

- Біздің қарым-қатынасымыз мектеп кезінен басталды. Ол менің бұрымымнан тартып, үйіме дейін шығарып салатын, ауыр портфелімді көтеріп жүретін. Содан кейін бір факультетте 4 жыл оқыдық, тағы екі жыл бірге тұрдық, сөйтіп ерлі-зайыпты болдық, - деп еске алады Светлана. - Содан кейін балаларымыз дүниеге келді. Күйеуім маған барлық жағынан қолдау көрсетті, үнемі қамқорлық жасап, мейірімділік танытатын. Бірақ бір күні жанжал кезінде, себепсіз маған қолын көтерді. Алғаш рет бетім көгеріп кетті. Содан кейін күйеуім үнемі қол көтеретін болды. Жас кезімізде мен мұны құштарлық деп ойлайтынмын. Сезім әртүрлі болады ғой. Бірақ есейген сайын, олай еместігін түсінеді екенсің. Содан кейін алдамшы құштарлыққа ішімдікке құмарлық қосылды.

Бастапқыда Светлана жанжал кезінде қайын енесіне қоңырау шалатын, ол келіп, ұлын сабасына түсіріп кетеді екен. Бірақ түнгі қоңыраулар жиілеп, бұл егде әйелді ығыр қылып, ол менің сұхбаттасушыма бұл мәселені өзі шешуі тиіс екенін айтады.

- Содан кейін полицияға шағым түсіріп жүрдім. Бірақ келесі күні арызымды кері қайтарып алатынмын. Өйткені мен үшін бастысы - ол мас болып, жат қылық көрсеткенде, өзімді және қызымды уақытша қорғау керек болатын. Оны полиция алып кететін, ал таңға қарай айыққан соң босататын. Кейін көршілерімнен қатты ұялатынмын! Шын мәнінде, ұзақ уақыт бойына ажырасу үшін алғашқы қадам жасауға батылым жетпеді, бәріне шыдап, төзіп бақтым. Баламен қайда барам? Ата-анам да жоқ. Қалған туыстарым Ресейде тұрады, олар менің көріп жүрген азаптарым туралы білмейді де. Аспаннан түскендей болып, баламмен жетіп бармаймын ғой. Бірақ бір жағдай нүкте қоюға мәжбүр етті. Кезекті жанжал кезінде күйеуім қызымды ұрып жіберді. Білесіз бе, миымдағы қызыл түйме іске қосылғандай болды. Келесі күні ажырасуға арыз бердім. Міне, 5 жыл бойы жаным жай тауып, тыныш өмір сүріп келемін.

Сұхбаттасушымның айтуынша, ажырасқаннан кейін оның өмірі жақсы жағына қарай тез өзгере бастаған.

- Азық-түлік дүкеніне жұмысқа орналастым, әжемді қамқорлығыма алдым, ол қуана-қуана өзімен бірге тұруға рұқсат берді және мен ауысымда болған кезде қызымды бақты. Ақша жинап, жалдамалы пәтерге көштім. Қызым сол кезде бірінші сыныпқа барды. Содан кейін бір парасатты жанды кездестірдім, бір жылдан соң үйлендік. Бір-бірімізді сыйлап, өмір сүріп жатырмыз. Өз тәжірибемнен айтарым, егер күшті ер адам қол көтерді ме, оның бір ғана жолы бар, ол - ажырасу. Мұндай қарым-қатынас ешқандай жақсылыққа апармайды. Соқса – сүйгені дейді. Мұны ойлап тапқан кім?

Айтпақшы, «Қазақстан дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің мәліметтері бойынша, біздің елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан шамамен 400 әйел қайтыс болады екен.


ӘЙЕЛДЕР ДЕ ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ

Материалды дайындау барысында редакция ішіндегі әріптестерімнен: «тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген сөзді естігенде көз алдыңызға қандай көрініс келеді?» деп сұрадым.  Бәрі бірауыздан – «күйеуінің әйеліне жұдырық ала жүгіргені» деп жауап берді. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық тек ер адамдар тарапынан жасалатын қатыгездікпен шектелмейді ғой.

Мәселен, осы жылдың сәуір айында Махамбет ауданында ұрыс-керіс кезінде қайын енесі келінін ішінен ұрған. Келіні шыдамай, ұрып-соққаны үшін енесін сотқа береді. Кейін Атырау облысының Махамбет аудандық сотында қайын енесіне қатысты әкімшілік іс қаралды. Сот отырысы барысында енесі келінімен татуласқандықтан істі тоқтатуды өтінеді. Жәбірленуші енесін кешіргенін растайды. Сөйтіп, сот қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс тоқтатылады. Енесі қайтадан келініне қол көтермеуге уәде береді.

Тағы бір мысал, екі жыл бұрын Құлсары қаласының тұрғыны өзінің қайын енесін жауапқа тартуды өтінген. Іс материалдарына сүйенсек, жәбірленуші Құлсары қаласының 7-ші ауылында тұратын әйелімен сөйлесу үшін үйіне барған. Алайда, қайын енесі сөйлесуге кедергі келтіруге барынша тырысып, айналып келгенде, күйеу баласын бірнеше рет ұрып, киімдерін жыртып, үйінен қуып жіберген. Ренжіген күйеу баласы құқық қорғау органдарына жүгініп, «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша қайын енесін жауапқа тартуды сұрайды. Сот отырысы барысында сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінеді. Сондай-ақ, әйел күйеу баласымен медиация тәртібімен татуласқанын түсіндіреді. Осыдан кейін сот қылмыстық істі тоқтатады.

- Бізге кеңес алу үшін ер адамдар да келеді. Әйелі қыдырысқа түсіп кеткен ер адам жүгінген жағдай болды, - дейді Атыраудағы дағдарыс орталығының заңгері Ақмарал. - Қалай болғанда да, мұндай нәрселер туралы үнсіз қалмау керек, әр уақытта да бізден көмек сұрауға болады.

Анастасия АЛЮШИНА 

Ашық дерекккөздерден алынған суреттер

8 тамыз 2019, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.