Атырау, 27 желтоқсан 02:08
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

АҚШ Қытайдың Африкаға дендей еніп бара жатқанына алаңдаулы

2 827 просмотра
Соңғы жылдары Қытайдың Африка елдерімен арада экономика-сауда салаларындағы қарым-қатынасын күрт күшейтуі  әлемдегі ірі ақпарат көздерінің басты тақырыптарының біріне айналды. АҚШ пен Еуропалық Одақты азиялық алпауыттың ғасырлар бойы  кедейшіліктің қамытынан шыға алмай жатқан Африкаға бет бұрып, үстін-үстіне  миллиардтап қаржы құюы қатты алаңдатып отыр.

 2011 жылы АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Замбияда Африка құрлығына төніп келе жатқан «жаңа бодандық» туралы ескерткені де соның бір айғағы болар. «Бодандық кезінде қаржыны тек мемлекет басшыларына беріп, табиғи ресурстарды  жеңіл жолмен сыпыра алып кеткендерді   сіздер бастарыңыздан өткіздіңіздер»,-деген еді  ол өз сөзінде, атап айтпаса да Қытайды меңзеп. Әрине, әлем уысынан шығып бара жатқан АҚШ-тың саясаттағы бұл да бір қыр көрсетуі шығар.

Кейбір  сарапшылардың  пікірін бағамдасақ,  бұл АҚШ-тың тарыла бастаған стратегиялық кеңістігінің орнын толтырады. Ал еуропа елдерінің көзқарасына қарағанда, Қытайдың қара құрлыққа келуі - бұл «артқы есікті» бұзып кіру. Ал әлемдегі ірі саясаткерлердің бірі Лауренс Брахм: «Қытай мен Батыстың ұлы бәсекелестігі Африкада болады»,- деген пікір білдіріп отыр.

  Кейбір аузы дуалы сарапшылардың пайымдауынша, түбінде Шығыс пен Батыстың болашағы Африкаға тәуелді болмақ. Бұған біріншіден, орасан мол табиғи байлықтары, екіншіден геосаяси жағынан, яғни теңіз көлігі мен  құрғақта қолайлы орналасуы негіз қаламақ.  Ендеше Африканың болашақта әлемдік саясаттың маңызды буынына айналатын түрі бар. Ал өзге ірі мемлекеттер экономикалық  дағдарыстан ес жия алмай жатқан қазіргідей өліара шақта  қытайдың құлашты алысқа сермеуі, қара құрлықты экономикалық ынтымақтастығы жағынан басты әріптесіне айналдыруға ұмтылуы сұңғыла саясат. Бұл қадамды қиындықтан көз ашпаған, инвестицияға сусап отырған  африкалықтар да құп көргендей.   

 Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше  50-ден астам мемлекеті бар Африкада табиғи байлықтарымен қоса жұмыс қолы да жетерлік (1 млрд адам). Ал елдерінің басым бөлігі (51 елдің 35-і) сыртқы көмекке зәру, енді ғана даму жолына бет бұрған мемлекеттер. Сондай-ақ бұл аймақта негізгі инфрақұрылым әлсіз, технологияның және мамандардың жетіспеушілігі  айқын сезіледі. Міне осының бәрін саралап, экономикалық жағынан тиімділігін елеп-екшеп отырған  Қытай оңтайы кеп тұрған мүмкіндікті қолдан шығара қояр ма екен.

 Бұл бағытта аспан асты елінің басшылығы ұйымдастырған Қытай-Африка ынтымақтастығы форумының алар орны салмақты болып отыр. 2006 жылы Бейжіңде сыртқы істер министрлері бас қосқан алқалы жиынның  алғашқы саммиті өтті. Содан бері төрт рет форум ұйымдастырылды. Бәрінде де өзек болған мәселелер: сауда-саттықты одан әрі кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, әріптестікті тереңдету, жаңа өндіріс орындарын ашу, сан салада құрылыс нысандарын салу,  ауыл шаруашылығын көтеру,тағысын тағылар. Бәріне де  қаржы бөлу Қытайдың еншісінде.

Осы арада айта кетер жайт, қытайдың сыртқы көмегін әлемнің 161 ел пайдаланған болса, соның 53-і -африкалықтар. Аспан асты елінің жалпы сыртқы көмегі (1950-2010 жылдар аралығы)  39,27 млрд. доллар болған. Оның ішінде грант (16,29 млрд. долл.),  пайызсыз займдар (11,8 млрд. долл.) және  төмен пайызды займдар (11,28 млрд. долл.) түрінде берілді. Осы қаржыландырудың 50 пайызына жуығы  африкалық мемлекеттердің үлесіне тиесілі. Кейбір бейресми дерек көздеріне қарағанда, Қытай тарапынан Африка экономикасына салынған әрбір доллар бес есеге жуық үстемемен, яғни 4,97 долларға айналып оралуда. «Береген қолым алаған» деген міне осы болар.

Ал аштықтан еңсе көтере алмай жатқан елдердің  азық-түлік проблемасын шешу бағытында Қытай 30-дан астам мемлекеттің 142 ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыруға көмектесті. Қазіргі күні африкалық елдердің бәрінде  дерлік ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жұмыс істеуде. 2007-2009 жылдар аралығында осы аймақтағы  33 мемлекетке 16 топқа бөлінген 104 техникалық маман жіберілді. Олар 874 жергілікті тұрғынды даярлап шығарды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына 700 маман аттандырылды. Ауыл шаруашылығы өнімдері басты тіршілік көзі болып отырған африкалықтар сол фермаларда жұмыс істеуде. Бұл үрдіс жалғасып жатыр.

 Қытайлықтарға берілген жеңілдіктер де аз емес. Олар жерді жалға да, сатып та ала алады, қайтарымсыз  пайдалануға да рұқсат берілген.  Кейбір деректерге қарағанда, 130 мың қытайлық қара құрлыққа қоныстанып та үлгерген.

 2009 жылы аспан асты елі  АҚШ-ты басып озып, Африканың ең ірі сауда әріптесіне айналды.  2003 жылы  тікелей инвестициясы 100 млн. доллар болса, 2011 жылы 12 млрд.-қа жеткенін қайда қоясыз. Тек өткен 10 жылдың ішінде Қытайға африкалық экспорт  2 млрд.-тан 93 млрд.-қа артты. Әрине, шикізат есебінен. Ал Қытайдың Коммерциялық банкі  түрлі саладағы жобаларға 7 млрд. инвестиция құйды.  Аталмыш қаржы құрылымы оңтүстікафрикалық Standard Bahkтың 20 пайыздық үлесін сатып алды. Қытайдың Хуайвей  телекоммуникациялық компаниясы 2008 жылдан бері 1,5 млрд. инвестиция салды, бүгінгі таңда олардың арзан смартфондары африка құрлығындағы нарықты жаулап алды.

Қытай африкада өндірілетін мұнайдың үштен бірін сатып алуда. Қара құрлықтың кедей елдеріне Дүниежүзілік банк қаржысынан артық  кредит беріп отыр. Олар мұнымен тоқтап қалмақ емес.

ҚХР басшысы Ху Цзиньтао  алдағы үш жыл ішінде  африка елдеріне 20 млрд. доллар кредит беруді ұсынды. Бұл екі арадағы байланысты одан әрі тереңдете түседі, әрі экономикалық жағынан әлемдегі екінші ел болып отырған қытайды шикізаттың түр-түрімен қамтамасыз етуге зор мүмкіндіктер туғызбақ. Бұл ұсыныс  батыс тарапынан қатты сынға ұшырады. Ху Цзиньтао өзінің Оңтүстік Африка Республикасында осы құрлық елдері көшбасшыларымен болған кездесуінде   айыптаудың негізсіз екендігін ашып айтты. «Кредит инфрақұрылымдарды, агроөнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті  қолдауға бағытталады»,-деді ол төтесінен қайырып.

 Осы орайда өткенге көз жүгірткен артықтық етпес, ҚХР мен Африка арасындағы қарым-қатынасты екі кезеңге бөлген орынды тәрізді. Біріншісі -Африканың Батыстың бодандығынан құтылып тәуелсіздік алған жылдар, Қытайдың 1991 жылы БҰҰ-ға мүше болған кезеңі. Бұл қытай экономикасының біртіндеп  қалпына келе бастаған жылдарды қамтиды.

Осы орайда Мысырдың Қытаймен алғашқы әріптес-африкалық ел болғанын айта кеткен орынды.  1955 жылы Индонезияда өткен Азия және Африка елдерінің конференциясы барысында Египетпен «дипломатиялық қатынас орнату» жөніндегі Келісімге қол қойылған болатын. Содан бері мемлекеттер қатары едәуір өсті. Бір айта кетерлігі, Африка мен Қытайдың тағдыры ұқсас- екеуі де кезінде батыстың бодандығында болды. Еркіндікке қолы жеткен Қытай Африканың тәуелсіздік жолындағы күресіне ерікті түрде еш қайтарымсыз  көмектесті де.  Қара құрлықта  мектептер, темір жолдар салынды (олардың ішіндегі ең ірілері - ұзындығы 1800 шақырымды құрайтын Таньзан темір жолы бірлескен жобасы),  дәрігерлер жіберілді.

Екінші кезең -1990 жылдардан. Бірақ көмек басқаша сипат ала бастады. Өйткені жылдам қарқынмен дамып жатқан Қытай экономикасына аса мол шикізат қажеттігі туындады.  Ал Африкада  қазба байлықтың қоры орасан зор. Бұған қоса  қара құрлық АҚШ пен Франциядан кейінгі тауар өткізетін ірі нарыққа айналады. Стратегиялық мақсаттағы ірі жобалардың шұғыл жүзеге асырыла бастауының түп-төркіні осында жатқан сияқты.

 Сарапшылар АҚШ-тың соғыстан кейінгі Еуропаға көрсеткен көмегін еске ала отырып, Бейжіңнің Африкаға деген  саясатын «Маршалл жоспары» деп  жиі атап та жүр. Қытай түрлі саладағы құрылыс жұмыстарымен қатар жыл сайын Африкаға 100 мың мұғалім, дәрігерлерін аттандырады. Ал әріптес елдердің жастарын өз университеттерінде тегін оқытады.

 2000 жыл мен 2008 жылдар аралығында сауда айналымы 45 пайызға жоғарылады, ал 2010 жылы 114 млрд. доллардан асты.  Ал оңтүстік африкалық Standard  Bankтің бағалауы бойынша 2015 жылға қарай ҚХР-дің африка елдеріне құятын тікелей инвестициясы 50 млрд. долларға жетпек.

Осы арада аздап деректерді қаузасақ. Суданның  мұнай қоры орасан. 1998 жылы осы елдің мұнай өнімдерінің экспортының 50 пайызы  төрт мемлекеттің: Сауд Арабиясының (23,4 5%), Италия және Ұлыбритания  (10%), Германия (5,4%) еншісінде болатын. Қазір мүлдем басқаша сипат алды, экспорттың 50 пайызынан астамын Қытай жұтып жатыр. Африка аспан асты елінің мұнай импортының үштен бірін қамтамасыз етуде.

Айта кетерлігі, Африкада  мектеп, аурухана, ірі өндіріс ошақтарын  салып жатқан қытайлықтар бұл құрылыстарға  өз елінде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыздарын тартады. Ал  жергілікті тұрғындардың орналасуы тым сирек. Мысалы, Замбияда арақатынас 13-1.

Тағы бір тоқталар жайт, қытайлықтар қара құрлыққа өздерінің әлемдік көзқарастарын орнықтыруда және  өздерінде қалыптасқан оқыту жүйесін  енгізуде. Содан да болар, ағылшыннан соң қытай тілін  негізгі етіп оқытатын  мектептер саны да күрт арта түсті.  Ал алпауыт қытайлық фирмалар африкалық шағын бизнесті тікелей айтқанда «жұтып» жатыр, яғни жергілікті тұрғындар тарапынан туындауы ықтимал  бәсекені бесіктен белі шықпай жатып тұншықтыруда.

 Тоқетері, қара құрлық біртіндеп қытайланып барады. Бұдан туар ой, бізге де алып көршіміздің әр қадамын саралап,  бағамдап отыру  артықтық етпес...

Дереккөз: inform.kz

17 қазан 2012, 09:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.