Сәнді трендте қалай болу керек? Оп-оңай! Қоқыстарды сұрыптап, тор сөмкемен сауда жасаңыз. Іс жүзінде бұл оңай шаруа емес екен. Бірақ «АЖ» тілшісі тырысып көрген еді, бұл тәжірибені сәтті шықты деуге болады.
АЛҒАШҚЫ ЖАРНА
Әлеуметтік платформалар пәле нәрсе, өйткені олар шындықты бұрмалайды деседі. Бірақ әлеуметтік желілер шынымен де пайдалы болуы мүмкін. Менің жағдайымда солай болды.
Инстаграмдағы жазылушыларымның арасында сән әлемінің үрдістерін ұстанатындар өте көп. Мысалы, нені немен сәйкестендіріп кию керек дегендей. Сонымен, қара коктейль көйлектің, классикалық туфли мен тор сөмкенің өзара үйлесімділігі мені таң қалдырды. Тоқтай тұрыңыз! Жазда деревнядағы әжемнің үйінде қонақта болғанда бұл дорбамен көршіден сүт алуға барған едім. Иә, дәл солай! Әжемнің ішіне бидон мен 20 рубль оралған қағаз майлықты салғаны есімде. Бірақ заманауи сәннің үрдісі – эстетика ғана емес, оның экологиялылығы. Соңғы бірер ай бұрын осы туралы қолға алуды ұйғардым.
Бәрі де матадан тігілген сөмке алуымнан басталды. Бұл менің қоршаған ортаға алғашқы эко-жарнам болатын. Уақыт өте келе тор сөмке де стилді бұйым болып көрінді.
Бірақ, өкінішке орай, әлі күнге дейін қаладан тоқылған тор сөмкені таба алмай жүрмін. Есесіне olx сайтынан өңделген қағаздан тоқылған сөмке таптым. Айтпақшы, сол жерден полиэтилен пакеттің орнын алмастыратын шүберек шоппер де алдым. Негізінен оларды брезенттен, мақта-матадан және зығырдан тігеді. Мұндай пакеттің бағасы 500 теңгеден бастап бірнеше мың теңгеге дейінгі аралықта. Олар өте мықты әрі ұзақ қолдана аласың және жууға да болады. Хабарландыру берген адамға хабарласып, келесі күні онымен дүкен аралауға шығу үшін бірнеше данасын сатып алдым.
СУПЕРМАРКЕТТЕГІ «КАМИНГ АУТ»
Адам күніне 1-1,5 кг қоқыс шығарады.
Зығырдан тігілген үш шоппер мен азық-түліктер тізімін бел сөмкенің ішіне мұқият салып, алғаш рет экологиялық дорбаларымды алып, азық-түлік саудасын жасауға аттандым.
Таңғы асқа омлет жегенді ұнататын менің тізімімде тауық жұмыртқасы бірінші тұрды. Супермаркеттердің көпшілігінде оларды пластик контейнерлерге салып сатады. Айтпақшы, контейнерлер де ақша тұрады. Менің көрші супермаркетке баруыма болатын еді, онда жұмыртқаны өңделген картон қорапқа салып сатады. Бірақ шарлап жүрмей-ақ, шағын тәжірибе жасауды ұйғардым.
Жұмыртқалар салынған пластик контейнерлер тұрған жерге келіп, қақпағын аштым да, жұмыртқаларды шүберек дорбаға сала бастадым. Жұмыртқалар «А» нүктесінен «Б» нүктесіне жеткенше, басқа сатып алушылардың аңтарылған көзқарастарын байқадым. Өзімді кісі өлтіріп жатқандай немесе сауда залында анадан жаңа туғандай күйде, қолыма ЛГБТ жалауын ұстап, шеруге шығып тұрғандай сезіндім.
Касса алдына келіп, дорба ішіндегі жұмыртқаны қойған кезде де кассир апай осындай көзқараспен қарады. Айтпақшы, ол әдеттегіше: «Пакет керек пе?» деп сұрамады.
Менің азық-түліктерімнің бағасын кассаға соғып жатқан кезде, менен кейін кезекте тұрғандардың реакциясын бақыладым. Олардың «мынаның ерігуін-ай» деген ойларын естігендей болдым.
ЖИДЕКТЕР ДЕ ОРЫН ТАПТЫ
Айтпақшы, қызыл шие мен құлпынай сияқты өнімдерді «Не сатып алу керек» деген тізімге қоса бастаған соң оларды немен өлшеу керек деп, ойлана бастадым? Өйткені, бұрынғы тәжірибеге сәйкес, жидектерді полиэтилен пакетке салып, оларды өлшеу еш қиын емес. Енді не ойлап тапсам екен?
Сөйтіп, екінші шүберек дорбам болмаған соң сәл ойланып, пакеттерді қопарып қарап (бұлар кез-келген ас үйде бар деп ойлаймын), кофейняда бәліш орап беретін кішкентай крафт пакеттерді тауып алдым. Бәліштер мен кофені жақсы көремін, сондықтан мұндай пакеттер үйде көп еді. Көшеде көкөніс-жемістер сататын әйел менің өтінішім бойынша мол етіп екі уыстан қызыл шие мен қара шиені қағаз дорбаға салып, оларды сыпайы түрде өлшеп берді.
ДОСТАРЫМ КЕЛЕКЕ ҚЫЛДЫ
Әрине, полиэтилен санын азайтып, азық-түлік дүкеніне бару өте оңай. Қоқысты сұрыптау туралы бұлай айта алмайсың. Мен бұл туралы толығырақ тоқталамын.
Көптен бері қоқысты бөлек жинап жүрген жандардың кеңесі бойынша жоғарыда жазған пластик ыдыстар мен контейнерлердегі азық-түліктерді сатып алудан бас тартуға тырыстым. Бірақ пластиктен мүлдем бас тарту мүмкін емес екен. Өйткені йогурт, қаймақ, сусабын, жалпы тауарлардың басым бөлігі пластик қаптамамен сатылады. Жұмыртқа, жидектерді қағаз пакеттерге салудың реті келгенмен, бұл өнімдерді, өкінішке орай, қағаз пакеттерге салу мүмкін болмады.
…Үйімде Мәскеу супермаркетінен алған эко-пакеттер бар екені есіме түсіп, оларды іздей бастадым. Тауып алып, «пластик», шыны», «макулатура» деген жазуы бар жапсырманы жапсырып қойдым. Оларды лоджияға орналастырып, енді қоқысты бөлек жинаймын деп өзіме уәде бердім.
Бірақ алғашқы күні-ақ, әдеттегіше, бәрін араластырып қоқыс шелегіне тастадым. Бұл әрекетім әбден ұйықтар алдында есіме түсіп, төсегімнен тұрып, шелектің ішіндегіні аударып-төңкеруге тура келді.
Екінші күні достарым қонаққа келіп, қоқысты сұрыптау туралы тәжірибемді ашықтан-ашық келеке қылды. Қаңылтыр банкалар «макулатура» пакетіне, пластиктер «шыны» пакетіне кетті. Достарымның күлкісін келтіргенмен, бұған мен ызаланып, фильмнің кезекті премьерасын талқылаған үзілістерде экологиялық тұрғыдағы бірнеше уағыздарды айтуға тырыстым.
Үшінші күні, қырсық шалғанда, жаңбыр жауып кетті. Лоджиям ашық болғандықтан, қоқыс салынған пакеттер ылғалданып қалды. Тіптен ашуланып, бәрін лақтырдым. Сондықтан тәжірибемнің сәтсіз аяқталғанын ұяла-ұяла мәлімдеймін.
БАСҚАЛАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ
Қазақстанда жыл сайын 5-6 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады. 2018 жылдың сегіз айында 3,2 млн тонна шығарылды, оның шамамен 330 мыңдайы (10,5%) қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 9% болса, 2016 жылы - 2,6% ғана.
27 мыңнан астам Атырау тұрғындары тіркелген Facebook топтарының бірінен қоқысты сұрыптау тәжірибелерімен бөлісуге өтініш жазған пост жарияладым. Көптеген комментарийлер келіп, біреулері тор сөмкелері мен шопперлерінің суреттерін, енді біреулері пластик пен макулатура жинау пункттерінің байланыс деректерін, ал тағы біреулері тұрғындардың қоқыс сұрыптау секілді нәрселермен айналысатындығына мүлдем таң қалғандарын жасырмады. Кейбір іскер кәсіпкерлер эко-өнімдер сатылатын өздерінің интернет-дүкендерінің сілтемесін жолдады. Сол сілтемелердің бірі мені қызықтырған еді.
Онда бүкіл экологиялық өнімдер ұсынылған. Әр түрлі көлемдегі, түрлі түсті және әртүрлі материалдардан жасалған дорбалардан бастап, тазартатын жіңішке ысқыш бекітілген темір түтіктерге дейін бар. Мен үшін – мұндай олжа керемет әсер қалдырды. Әсіресе, өз командасымен бірге Коста-Рика жағалауларын зерттеген океанолог Кристиан Фиггенер туралы бейнесюжетті көргеннен кейін. Бірде олар мұрнынан бірдеңе шошайып шығып тұрған теңіз тасбақасына тап болыпты. Бастапқыда ғалымдар бұл өзгеше балық аулау құралы шығар деп ойлаған. Бірақ кейінірек, қысқаш қолданған Кристианус пластикті суырып алған кезде, оның тасбақаның басынан әлдеқайда ұзын коктейль түтігі екені белгілі болады.
Бұл сюжеттің соңында өте қызықты, бірақ проблеманың ауқымы жөнінде (мен үшін) үрей тудыратын ақпарат берілген. Қысқаша айтсам: ғалымдар дүние жүзіндегі мұхиттарда планктонға қарағанда пластик алты есе көп болатынын есептеген (қалай есептегені сюжетте көрсетілмеген). Пластик түтіктерге келетін болсақ, тек Америка Құрама Штаттарында күн сайын 500 миллионнан астамы (!) пайдаланылады.
СҰРЫПТАУҒА ОРАЛСАҚ
Менің постыма жазған комментарийлерде пайдаланушылар пластик пен макулатура жинайтын фирмалардың байланыс деректерімен бөлісіпті. Солардың бірінің иесімен тілдесудің сәті түсті.
Наталья – пластик пен қағаз жинаумен және қабылдаумен айналысатын ЖК басшысы екен. Негізінен оның фирмасы полиэтилен мен полипропилен пластиктерін, сондай-ақ Атыраудан Алматы мен Алматы облысына қайта өңдеу үшін макулатура тасымалдайды. Натальяның фирмасы пластиктің бір келісі үшін 30 теңге төлейді, ал макулатураның бір келісі қағаздың қалыңдығына байланысты 8-ден 10 теңгеге дейінгі аралықта.
«Қайталама шикізаттарды қабылдаумен айналысу тиімді ме?» деп сұрағанымда, Наталья: «Мен әлі де айналысып жатсам, демек...» деді еш ойланбастан.
Бір қарағанда, үйде сұрыпталған қоқысты кәдеге жаратуда проблемалар болмауы керек сияқты. Бірақ қайталама шикізат қабылдайтын Натальяның фирмасы қала орталығынан шалғай жерде орналасқан. Мысалы, менде жеке автокөлік болмағандықтан, оған жету оңай болмайды.
Айтпақшы, қайталама шикізат қабылдайтын басқа фирмалардағы жағдай да осындай. Тек бірен-сарандары ғана өздері келіп, қалдықтарды тегін алып кетуге дайын.
Бұрын тағы бір нұсқа болған. Бұл туралы төменде айтамын.
ЖҰМБАҚ (ІС ЖҮЗІНДЕ ОЛАЙ ЕМЕС) ЖОҒАЛУ
2017 жылы қоқыс жәшіктері тұратын алаңдардың жанында «ЭкоПластик» және «Альтаир групп» ЖШС-лерімен бірлесіп, пластик қалдықтарға арналған шамамен 300 данадай тор контейнерлер орнатылған еді. Бастапқыда бейхабар қала тұрғындары оған басқа тұрмыстық қалдықтарды да тастап жүрді. Бірақ содан кейін ненің не екенін түсініп, тор контейнерлерді тек пластик бөтелкелермен толтыра бастады. Менің үйімнің жанында да бұл контейнер ұзақ тұрды, содан кейін ғайып болды. Бұрын қоқысты сұрыптаумен айналыспағандықтан, оның ғайып болуы маған еш әсер еткен жоқ. Ал Азамат есімді «АЖ» оқырманына кәдімгідей әсерін тигізіпті. Азамат менімен хабарласып (осы материалды дайындап жатқан кезде), мұндай контейнерлердің бүкіл қалада неліктен жоғалып кеткенін анықтауымды өтінді.
- Мен қоқысты жеті айдан астам уақыттан бері сұрыптап жүрмін, екі апта бұрын қоқыс тастауға шыққанмын, контейнерлердің ізі де қалмапты, - дейді оқырманымыз таң қалып. – Бәлкім, кері орнына қояр деп ойладым, бірақ бір ай өтті.
Бәрі түсінікті боп шықты: пластик жинауға арналған тор контейнерлер ұрланыпты. Оларды әзірге жаңасымен алмастырмайтынын анықтадым.
МӘНІСІ ҚАНДАЙ?
Пластикке арналған контейнерлердің жоғалу құпиясы ашылғаннан кейін, егер сайып келгенде қоқыс барлық тұрмыстық қалдықтармен бірге бір контейнерге түсіп, содан кейін қоқыс полигонына кететін болса, онда әйелдер оны қолмен сұрыптайтын болса, үйде қоқысты сұрыптауға дағдылану қаншалықты орынды деп ойладым.
Қоқысты жаппай сұрыптау басталғанша, оған атқарушы биліктен бастап, балабақшаға баратын бүлдіршінге дейін барлық қала тұрғындары мүдделі болмайынша, мұның мәнісі болмайды.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор