Атырау, 8 қараша 18:59
 бұлттыВ Атырау 0
$ 492.22
€ 529.38
₽ 5.03

Ху Хұң Баоның көздегені не? немесе босқа арандап қалмайық!

5 766 просмотра

Ардабек Солдатбай. shyn.kz

Қытайдағы қазақтарды арандату мақсатында Қытайдың интернет кеңістігіндегі ең үлкен электронды ақпарат құралдарының бірі болып саналатын Шинлаң (sina.com.cn) сайтында қазақты мазақ еткен жазба жарық көргені туралы «Қытайлық  ақпарат құралы қазақ халқының намысына қорлауда» және «Қазақты қорлаған адам Нобель сыйлығына лайық» деген мақала жариялағанбыз.

Ал бүгін біз тың мәлімет алдық. Алдыңғы екі мақаламызда бұған дейін де қытайлар БАҚ-тарда осы сарындас мақалар жариялап қазақ халқының ар-намысына тигенін айтқанбыз. Ең әуелгісі 80-жылдардың ортасында жарық көрген «Алыстағы ақ отау» деген кітап болатын. Сол кезде қазақтар үлкен наразылық танытып, оның соңы жанжалға ұласып адам өліміне соға жаздаған. Тек сол кездегі Қытайдағы қазақтардың үлкендері Жанәбіл секілді ақсақалдар ағайынға басу айтып, ал Үкімет әлгі жазушыны жазалап, мәселені жабулы қазан жабулы күйінде шешкен екен. Бірақ бүгін біз Қытай үкіметі оны жазаламай басынан сипап қоя бергенін біліп отырмыз.

Сол «Алыстағы ақ отауды жазған» жазушы (суретте сол жас кезіндегі Ху Хұң Бао) мына бүгінгі Шинлаң (sina.com.cn) сайтында жарық көрген «Менің тілшілік өмірім» («Қазақ қызбен киізүйде өткен түн» деген бөлімі бар, онда қазақтар қонағының қойнына қыздарын салып береді дейді) атты естелікті жазған Ху Хұң Бао екені белгілі болды (қазір ол мақаланы sina.com.cn сайты өшіріп тастаған).

Енді Хұң Бао бұрын да жарық көріп лаң тудырған жалған әңгімесін неге қайта бықсытып отыр деген заңды сұрақ туындайды. Қытайдың дәурені өтіп бара жатқан қазіргі билігін жақтаушылардың бірі болған Ху Хұң Баоның көздегені не? Шынымен де Қытайда үкімет ауысатын тұста қазақ жастарын арандатып дүрбелең тудырып, қырғын ұйымдастырмақшы ма? Бұлай дейтін себебіміз, бірнеше жыл бұрын Үрімжіде болған ұйғырлар қырғыны да осындай намысқа тиетін әңгімеден басталған. Алдымен Шанхайға жұмыс істеуге барған ұйғыр қыздарды қытайлар қорлап, ұрып-соқты деген әңгіме тараған. Мұны естіген Үрімжідегі ұйғырлар қытайларға соқтыққан. Арты не болғанын білесіздер, ұйғыр-қытай дүрбелеңі туып жазықсыз талай адамның қаны төгілді.

Ал қазір Қытайдағы ағайындар, әсіресе жастар жағы көшеге шығып ереуілдейміз, қытай ұлтының өкілдерін ұрып-соғамыз деген сарында әңгімелер айтуда. Тек үлкендер тарапының тәктеуімен ғана отыр. Бірақ, үлкендер ғана араласып оларды тоқтата алмайды. Кез келген сәтте қазақ-қытай жастарыныңң арасында жанжал туып кетуі мүмкін.

Оның үстіне қазір көшеде тіпті бейбіт шеру өткізіп үкіметке наразылық білдіруге де болмайды. Себебі, 8-қарашада Қытайда партияның ХVIII съезі болып, ел билігі ауысады. Бүгінгі билік үлкен тартыстан кейін саяси күрестен жеңіліп кетіп барады. Тіпті мұны Қытайдағы бейбіт төңкеріс десе де болады. Осы алмағайып кезеңде тұрақсыздық туындап кетпесі үшін Қытайда көшеде адамдардың топтасып шеру өткізуіне қатаң тиым салынған. 100 адамнан артық бас қоса алмайды. Одан артылса Үкімет аямайды.

Әрине, ұйғырлар мен қазақтардың жағдайы бірдей емес. Ұйғырдай емес, қазақ іргелі халық. Тәуелсіз мемлекеті бар.  Егер Шыңжанда қытай-қазақ жанжалы туындайтын болса Қазақстанда да ұлттар татулығына сызат түспей тұра алмайды. Ал бізде қазірдің өзінде бейресми мәліметтер бойынша 500 мыңнан астам жұмысшы және студент қытай жастары бар екені белгілі. Еліміздегі мұнай өндірумен айналысатын Қытай компанияларында да дүрбелең басталуы әбден ықтимал.

Сондықтан бұл мәселеге дереу Қазақстан үкіметі араласып, тату көршіміз Қытай елінен тұтас қазақ халқының ар-намысына тиген жазушы Ху Хұң Баоны ҚХР-ның Қылмысты істер заңының 250-тармағы – «Аз санды ұлттарды кемсіткен, қорлаған шығармаларды баспадан шығару» бойынша 3 жылға дейін соттап жазалуды талап етуі керек.

Мұндай жаза қолданылатын жағдай – жарық көрген шығармалар  аз ұлттарды кемсіткен, қорлаған мазмұндағы, қоғамда ауыр ахуал тудыратын, кері зардаптары болуы ықтимал шығармалар. Мұндағы «баспадан жарық көрген шығарма» деп газет-журнал, кітап, аудио-видео өнімдерді, электронды шығармаларды айтады.

Ху Хұң Бао заң бойынша жазаланып, Қытай үкіметі қазақ халқынан кешірім сұрап, жағдайды екі ел билігі өзара келісіп реттемесе қазақ-қытай достығына сын туып тұр.

14 қазан 2012, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.