Атырау, 23 желтоқсан 06:44
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Сахна сыртындағы шебер

9 896 просмотра

Көрермен үшін театр киім ілгіштен басталады, ал актер үшін грим жасау бөлмесінен басталатын шығар. Махамбет атындағы облыстық драма театрының қуыс-қуыс түкпірінде орналасқан осы бөлмедегі төрт трюмоның алдында актерлар қалпақтарын киіп, сақал-мұрттар жапсырып, әбігерге түскен. Қыздар жағы сәнді шаштарына жасанды ұзын бұрымдарын өрсе, ал беттеріне грим жасалған басқалары ешкімге көңіл аудармастан домбыраларын дыңғырлатып жатыр.

- Қазір біз Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» спектаклін дайындау үстіндеміз, - деді гример бәсең үнмен. – Бәлкім, ертең сөйлесерміз?  

Иә деген… Мұның бәрінің қалай жасалатынын көзбен көру мүмкіндігін қалай жіберіп алуға болады?.. «Сіздің босағаныңызды күткенім жақсы болар...» деген мен, тыныштау орын деп, терезе алдына жайғастым. «Жақсы...» – деді ол, маған айтқаны немесе гримдеп жатқан актердің маңдайындағы әжімге айтқаны белгісіз. Дабырлаған, түрлі түсті киімдер киінген актерлар тобының арасында гример Әсел Қарабалиева елеусіз боп қалған. Ол өте байсалды, зиялы жан екен. Менің барлық сұрақтарыма (тыныш отыра алмадым) Әсел қысқа ғана жауап беріп отырды. Шамасы әдеттеніп кеткен болуы керек, өйткені жұмысы да аса сөзуарлыққа жоқ мамандық қой.  Ол үшін грим жасалып жатқан актерлар жауап беріп жатты.

- Ал сіз бұл мамандыққа қалай келдіңіз? Бәлкім актриса болғыңыз келген шығар, содан соң сәті түспеген болар?

- Бастысы, бала кезімнен әкем секілді театрда жұмыс жасағым келді. Бірақ актриса үшін қажетті қызуқандылық менде жоқ.

- Оның әкесі – танымал атыраулық актер әрі режиссер Сағызбай Қарабалин. Ол қазір Алматыда жасөспірімдерге арналған театрда жұмыс істейді. Гримерлік оқуға жіберген де әкесі, - дейді актриса Гаухар Қабиева. – Ал ұстазы – Қазақстанға әйгілі Әуезов атындағы Алматы театрының гримшісі Виктор Щербаков. Оның оқушылары тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де, тіпті Францияда да жұмыс істейді.  

ОН МИНУТТА ОРЫН АЛҒАН КӘРІЛІК

Кезек күтіп отырған актерлардың бірі (кейін оның Асылбек Бәдел екені анықталды) өзіне сақал-мұртты өзі жапсыра бастады. Сықпаның сыртында «сақал мен мұртқа арналған желім» деп жазылыпты.

- Оны алып тастаған кезде ауыратын шығар? – дедім жаным ашып.

- Аз ғана, - деп күлімсіреді ол Әселдің алдына жайғасып.

Санаулы минуттардан кейін қырық екі жастағы актер қарияға айналды. Шымыр денесі мен түзу иықтары ғана оның жас екенін білдіріп тұрды.

- Әсел, адамды қалайша қартайтып, қалай жасартуға болады?

- Бәрі грим реңіне байланысты болады. Жас бет-әлпетті анағұрлым ересек көрсету үшін боз рең жағады. Ал қарт етіп көрсету үшін әжімдердің суретін салады. Міне, осылай, - деп, қоңыр гримге қылқаламын батырған Әсел көздің ішкі бұрыштарынан жағына қарай, мұрнынан бастап ернінің бұрышына қарай жіңішке сызықтар жүргізіп өтті. Көздің астына көлеңкелеп бояу жағып, самайына бірнеше сызықтар жүргізді. Мұрнын сүйірлеп, мұрын желбезегіне қара түс жақты. Ал актердің маңдайындағы көзге көрінбейтін әжімдерді, керісінше, көрсетіп бояды. Көз бұрышындағы екі қызыл дақ – Асылбектің бетін дімкәс етіп көрсетті. Ол мүлдем басқа адам боп шықты!

- Қарияның келбеті қалай сізге? Ыңғайсыз шығар?

- О не дегеніңіз!.. – деді әріптесіне орын берген актер. – Қартайғанда келбетім дәл осындай болады деп ойлаймын. Жаман емес, мен осынау сымбатты қарияға үйреніп те кеттім... О, кешіріңіз, Анастасия, қалпағымды киюге көмектесіп жібермейсіз бе, тек мына қара телпек көрініп тұрмасын, жақсы ма?

Әрине! Мен өзімнің пайдам тигеніне масайрап қалдым...

- …Ал бетті қызғылт реңдердің көмегімен жасартады, - деді Әсел сөзін жалғастырып. – Бояудың көмегімен жақты көрсетіп бояймын, сол кезде ол дөңгелектеніп, жас әрі балғын бетке айналады. Әрине, көзді де міндетті түрде салынбалы кірпіктермен айқындап, қасты ұзартып, қара түске бояу керек.

Сахна жақтан музыка естілген кезде, грим бөлмесіндегі күлкі мен егес тына қалып, ұялы телефондар, косметика мен журналдар жан-жаққа ұшып, шулаған топ есікке тұра ұмтылысып, жүгіре басып сахнаға бет алды.

Біз де көрермендер залының қапталына орналастық.

СІЗДІҢ МҰРТЫҢЫЗ ТҮСІП ҚАЛДЫ

- Сіздің мамандығыңыз гример-пастижер деп аталады. Бұл нені білдіреді?

- Пастижер париктерді, мұрт-сақалдарды, шиньондарды тігеді. Париктер мен шиньондарды тігуге шеберханаларға тапсырыс береміз. Ал мұрт пен сақалды өзім жасаймын.

Сәл кейінірек Әсел өз өнерін көрсетті. Ол Шоқан Уәлихановтың кейіпкері үшін жаңа мұрт тігуді бастаған екен.

Қағаздан мұрттың немесе сақалдың пішінін қиып алады (пішіні суретшімен және режиссермен келісіледі). Рас, пішіні қиылып, ер адамның ірі алақанындай мөлшердегі ағаш кеспеге жапсырылып қойылыпты. «Жоғарғы жағына жұқа тор жапсырылады, оған тоқыма ілмегінің көмегімен қылдарды өреді. Менде сақал мен мұрттар көп, - деп түрлі пішін мен түрлі ұзындықтағы он шақтысын көрсетті, - ... Міне, мынау орыс сақалы, ал мынау қазақтың сақалы, - деп Әсел үлкен картон қораптан бірінен соң бірін шығарып көрсете бастады. Орыс сақалы – бұйра, жирен және қысқа болады. Қазақтың сақалы ұзын, тіке, бурыл және қара қылдар аралас өрілген боп келеді».

- Сіздерде қойылым кезінде жапсырылған сақал-мұрттардың түсіп қалған кездері болды ма?

- Әрине, болды! Қойылым кезінде мен әдетте сахна сыртында қолыма желім мен қылқаламымды ұстап тұрамын. Актерді көрермен қалай көріп отырғанын қарау үшін, әрі гримді дұрыстау қажет пе, соны анықтау үшін әлсін әлі залға шығып келемін.

Әңгіме барысында белгілі болғандай, Әселдің телеарнада да жұмыс істейтіні белгілі болды. Жергілікті арналардағы барлық арна жүргізушілерін Әсел гримдейді екен. 

- Ал театр мен кино үшін гримнің айырмашылығы бар ма?

- Театр гримі қалың жағылады, өйткені көрермен актерді алыстан тамашалайды ғой. Жапсырмалы сақал мен мұрт та солай. Театрда мұрт шын мұрт сияқты көрінеді. Ал экранда жақыннан оның жасанды екені бірден байқалады. Теледидар экранында бәрі табиғи болуы керек. Әсіресе ер адамдарға өте нәзік, өте жеңіл грим қажет болады. Беттің жасанды көрінбеуі маңызды. Телеарнада жұмыс істеген жеңіл, бірақ театрда қызықты. Мен бұл жерде өзімді суретші сезінемін, өз қиялымды жүзеге асыра аламын.

Әсел он жыл еңбек еткен шығармашылық қызметінде біреулердің ашуланып, орнынан атып тұрғанын немесе кетіп қалғанын кездестірмепті. Оның мамандығын иеленген адам аздап психолог та болуы керек. Реніштер болып қалатын көрінеді, бірақ тек жұмыс бабы бойынша – актер өзінің сахнадағы келбетін гримшіге қарағанда басқаша көрген жағдайда орын алып тұрады екен. Көбінесе кейіпкердің келбеті режиссердің, актердің, костюм бойынша суретшінің және гримшінің біріккен күшімен жасалады. Гримші пьесаны оқиды, репитицияға қатысып, сахнада не боп жатқанын қарайды. Содан соң кейіпкердің келбетін жасайды.

- Өзіндік келбеті бар кейіпкерді гримдеген қызықты. Күрделірек болған сайын жақсы шығады. Ал ең қиыны, портреттік грим жасау. Алдыңда тірі адам отырады, ал қолыңда фотосурет болады, сен оның көшірмесін жасауың керек. Бірақ өзіңді суретшімен салыстыруға болмайтын шығар, - деді ол сәл ойланып. – Олар он минутта емес, өз картиналарын айлар бойына салады ғой. Әрі олардың өз еңбегінің жемісін вазелин майлықпен сүртіп тастап, қоқыс шелегіне лақтыра салмайтыны сөзсіз.

…Бұл уақытта сахнада драма ойнап жатты. Барлық актерлар дерлік ауыл тұрғындарын бейнелеп, сахнаға топырлай жөнелді. Біреуінің жүзінде үрей мен өшпенділік, екіншісінде – абыржу, үшіншісі кектеніп алған болса, төртіншісін ашу қысқан. Жаңа ғана сөйлескен адамдардан мүлдем өзгеше жандарды көргенде таң қаласың...

Мен репитицияны аяғына дейін қарадым. Міне, бәрі де бітті. Мұрттар мен сақалдар, париктер аман-есен алынды. Әсел оларды мұқият реттеп, қорапшаларға салып қойды. Париктерді арнайы ағаш бағандарға кигізіп, осы аптада басталатын премьераға дейін антресольдан жинап тастады.

Әрине, театрдың түрлі қызықты әңгімелерін естігім келген, бірақ Әсел өте кішіпейіл боп шықты, ол жұртшылық назарында болуға талпынбайтынын мойындады.

- Жалпы гримші көзге көрінбесе, оның жұмысы үздік болмақ, – деп сөзін түйіндеді сахна сыртындағы шебер.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.