Атырау, 13 қазан 05:58
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Өркениеттен тыс тіршілік

7 799 просмотра

Ақпан айы нағыз қыс екенін танытты. Қалада жаңбыр жауса, ал далалық ақ көрпеге оранып жатты. Осындай мазасыз күндері қыстақтардағы шаруалардың жағдайы не болып жатыр деген қызығушылықпен Индер ауданы Елтай селосының қырлығына шыққанбыз.

ЖОЛДАР, ЖОЛДАР ЖӘНЕ ЖОЛДАР

Қыстаққа бет алғанда көңіліміз көтеріңкі болып еді. Өйткені кең дала мамыражай қалыпта әсемдене көсіліп жатыр. Шеті де, шегі де жоқ. Романтикалық әуестікпен табиғаттың сұлулығын тамашаладық. Қар оншалықты қалың емес, қарауытқан жусандар жыртия көрінеді. Сай‑сала ақ ұлпа қарға көміліп жатыр. Ұшқан қарға жоқ, мүлгіген өлі тыныштық орнаған. Машина митыңдап келеді. Қырға шықпастан бұрын қай жолмен жүруді ойластырып алғанымыз қандай жақсы болды. Қазақстаннан Ресейге газ құбыры осы айдаламен тартылған. Газшылар линия бойын үнемі тексерістен өткізу үшін жиі‑жиі келіп тұрғандықтан көлік ізі сайрап жатты. Бұл жол осыдан Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына жетіп, ары қарай Самарамен шектеседі. Біз де газшылардың жолынан ауытқымауды ұйғардық. Ауылдан 18 шақырымдай ұзағасын қарауыта қыстақ көрінді. Бірақ жапандағы жалғыз қыстаққа жетіп барамыз деген үмітіміздің тас‑талқаны шығып, өрекпіген көңіліміз су сепкендей басылғанын қайтерсің. Өйткені газшылар жолы басқа бағытқа ойысқандықтан «Нива» сай­саладан өте алмады. Ал алдымызда қыстақ тұр еді. «Шешінген судан тайынбас» дегендей біз соңғысын таңдап, көліктен түстік. Аздаған жел бар, бірақ айдаладағы өңмеңдеген суық қойны‑қонышымызды түгел аралағанда еріксіз денең тітіркенеді. 1 км. жол жаяу жүруге тура келді. Былайға қарағанда онша ұзақ емес, дегенмен төбесі көрінген қыстаққа жету оңай болмады. Күртік қарлар мен суық жел қарсы ұрып жүрісіміз өнбеді. Қыстаққа жете бере шәуілдеген иттер алдымыздан шықты.

ШӨМЕЛЕ ШӨП БОЛАР МА...

Үй иелері жатырқамай қарсы алды, қазақы қонақжайлылықпен төрге көрпе төседі. Түстікке дәл келгендіктен көп кешікпей қараторы келіншектің шайы алдымызға келді. Қыстақ иесі Есқабыл Мақсотұлы адам жатырқамайтын жан болып шықты. Әңгімесі түзу. 1970 жылы осы «Қызылтөбе‑3» қыстағында дүниеге келгелі көргені мал екен. Әкесі Мақсот өмірбақи сол кездегі Амангелді атындағы совхозда қой бақты, содан зейнетке шықты, бірақ анасы Қалмаш екеуі о дүниелік болғалы шаруа тізгіні жалғыз ұл Есқабылдың қолына көшіпті. Совхоз тарағанмен осы қыстақта қалып қойған Есқабыл жеке малының күйін күйттеуде.

‑Немере ағаларыммен бірігіп, «Алмагүл» шаруа қожалығын құрдық. Жерді 49 жылға жалға алғанбыз. Совхоз кезіндей жайлауға көшпейміз, қысы, жазы осындамыз. Жазғы жайылыс жылдағыға қарағанда сұйықтау. Оның үстіне құдық та ащыланды. Төрт‑бес метр қазсаң жерасты су шығады, бірақ әлгідей. Оны малға береміз, ауыз суды 25 км‑дегі Аққала селосынан құйдыртамыз. Қашық, қайтесің,‑дейді Есқабыл МАҚСОТҰЛЫ.

Күні бүгінде шаруагер жігіт төрт жүздің үстінде қой, сосын сиыр ұстап отыр. Көзін ашқалы малды көріп өскен ол шаруасын шашыратпауға тырысуда. Екі көмекші бар және үй жұмысынан қолы босай қалса әйелі Айман (суретте) көмектеседі екен. Бұдан кейін қора жаққа бет алып, арық‑тұрақ қой және жаңа туға төлдерді көріп кетпекке ниеттендік. Қора басында шөмеледей ғана шөп тұр екен.

 ШӨП АЗДАУ ЕМЕС ПЕ?

‑ Азы аз, мал тұрып қалса әрі кетсе он күнге жетер. Биыл шөп ала алмадық қой. Күн ыстық болып, айналадағы орақ ілігерді күйдіріп жіберді, одан қалса осы округте шабындық болар жер де қалмады. Трактористермен бірігіп «Қатыншағылдан» азғантай шөп алғанбыз, ол арық‑тұрақ малдан ауыспай отыр. Ал жем шамалы. Кебектің 15 килолығы 1 мың теңге, ал бидай 2,5 мың теңге тұрады. Оны жеткілікті етіп сатып алар шама жоқ. Негізі жыл сайын мал бағу қиындап барады, шығын көп, пайда аз,‑дейді Есқабыл.   

Шаруагер жігітті жас төлдермен фотосуретке түсірген біз келесі қыстаққа баруды ойладық. Келгендегідей емес, қатты жел тұрыпты. Ақпанның ақ бораны. Жердегі ақ қарлар желден аспанға көтеріліп, күн түтеп кетіпті. Келесі қыстаққа барғымыз келгеннен түк шықпады, жол қайда екенін табу мүмкін емес. Тіпті кері қайтар жолды қар басып, айнала тұтас ақ жамылған. Жер қайсы, аспан қайсы. Бейне бір аппақ әлемнің ішіне еніп кеткендейміз. Ал ақтүтек боран үдеп кетті. Жолай қарауытқан қыстақты межеледік.

БОРДАҚЫЛАУ ДЕП ОСЫНЫ АЙТ

Бұл «Доңғадағы» Төлеуішев Құбайдолланың қыстағы болып шықты. Боранмен алысқан әйел шанамен тезек тасуда. Көмір дегенді шаруалар түсінде көретін болған. Жаздай малдың тезегін ойып, қи дайындайды. Жағылуы жақсы болғанымен жылуды қалыпты сақтамайды. Тек үсті‑үстіне жаққанда ғана пештің ыситыны бар. Түн ортасы аумай‑ақ үй азынап, суық тарта бастайды. Бұған шаруалар көндіккен. Шана сүйреткен Жаңылсын отағасының қора басында екенін айтты. Кең аулада төрт‑бес жан аспанға секірген сиырмен алысып жүр. Өңкиген сиырларды ұстап, көзіне дәрі жағуда.

‑Мен осында жеке малыммен отырмын, қой, сиыр бар. Қазіргі шаруаның уайымы көктемеге тез жетсем деген ой ғана. Өйткені шөп аз. Былтыр бір қорап машинасын 20-25 мың теңгеге сатып алғанмын жергілікті шөпшілерден, 5-6 рейстен артық түсіре алмадым. Жемді қымбат болса да сатып алуға тура келуде. Негізі қырдағы шаруалар шөпті жыл сайын аз алады. Қыстай далаға жайып шығады. Соңғы бес‑алты жылдан бері қыс қытымырлық танытқан жоқ қой, содан дәмеленеді. Бұл қоянның қысы емес, ол алда. Наурыздың он бесінен кейін нағыз қоян басталады, сонда қиын болып кетпесе деген қорқыныш бар. Қоянның қысы қыспасын де онда шаруалар таяғына сүйеніп қалатыны анық,‑дейді «Әлібек» ШҚ төрағасы Құбайдолла ТӨЛЕУІШЕВ (суретте).

Құбайдолла Әлібек, Мырзабек деген ұлдарымен мал бағуда. Бұл қыстақта қосымша ірі қараны бордақылау қолға алына бастапты. Оған басшылықты Нұраш Кенжалин жүргізсе, ал малды емдеуде Саттар Құлыбаев жүр. Күзде Оралдан сатып алынған сиырларды қолға ұстап жемдеп, шөптеп бордақылауда. Жүз шамалы сиыр өнімділігін берсе, онда бұл жұмыс жанданбақшы. Оның бәрін уақыт көрсетеді дейді сөзге сараң шаруалар. Негізі шаруалар қысқа қамсыз түскен, қай‑қайсысында шөп аз екенін олар жасырмайды. Ауа райының соңғы жылдары жылылығына сенгендер шөпті қора басына іскірттеп жинауды қойған. Тек құдайдан күн жылынуын тілеп отыр.  

Біз кейін қайттық. Боран әлі соғып тұр. Жол бағдарын білуден қалғанбыз. Екі рет қалың қарға кідіруге тура келді. Қанша әккі болса да көзге түрткісіз боран қай‑қай жүргізушіні састыратындай. Аппақ әлемнің ортасында келе жатып, ақыры батып тындық. Енді жұмсақ қар жауа бастаған, онысы желмен бірге жарыса ұйытқиды кеп. Қанша тұруға болады, амал жоқ жүргізуші «Доңғаға» кері оралды. Салқын машинада арттан келер көмекті бір сағаттан артық күтуіме тура келді. Аппақ әлемге қарап ойланып отырмын. Елсізде қай‑қайдағы еске түседі екен. Шаруалар түз тағысын айтып зар жылағаны есіме оралды. Қазір қасқырдың құдайы беріп тұр, даладағы емес, қорадағы малға шабуыл жасай бастаған. Қасқырға деген қорқынышты жеңе бастағанымда шөмеледей шөпке қараған шаруалар жадыма оралды. Аудандық ауыл шаруашылығы мамандарының мәлімдеуінше қора бастарына жеткілікті шөп үйілген‑мыс. Негізі ауылды байытпай Үкімет оңбайды. Дайындаған шөптің елу пайызына субсидия берілетінін жария етіп, биыл қаржы да бөле бастаған. Бірақ оған да екінің бірі қолы жетпейді, кем дегенде әрбір шаруада 500 қой немесе 50 ірі қара болу керек, сонда ғана субсидия тиесілі. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәулет Есетовтың мәлімдеуінше құжат жинап, қажетті қайтарымсыз қаржыны алуға шаруалар құлықсыздық танытыпты. 34 шаруа қожалығы субсидияға алуға тиесілі бола тұра тек 14 ШҚ (оның екеуі ӨК, ЖШС) ілігіп, 7 млн. теңге алған. Қалғаны бас маманың айтуынша «ұйықтап» қалған.

Табиғаттың ерекше қаталдығында өмір сүріп жатқан шаруалардың қай‑қайсысы да мақтауға тұрарлық. Тіпті орталықпен жол қатынасы айлап жоғалады, сондайда дәрігерге мұқтаж болғанда қайтеді екен дейсің. Қазір шаруалардың кейбірінде жай, енді екіншісінде қалта телефоны бар.Сол ғана үлкен көмек болып тұрғандай... Дарылдаған машина үні естіле бастады. Тоңғанымды ұмыттым. Сонымен төрт‑бес машина бірін‑бірі сүйрелеп асфальт жолға түсті. Артта қаһарлы қыспен алысқан малшылар қалып барады... Өмірдің бар қиындығымен бетпе‑бет келіп жатқан олардың қайсарлығы ұшан‑теңіз дерсің.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА    

Атырау‑Индер‑Қызылтөбе 

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.