Атырау, 26 желтоқсан 01:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қазақстандағы терроризм өзін-өзі қаржыландыру деңгейіне шықты

7 815 просмотра

Фото дереккөзі: russianskz.infoҚазақстандағы экстремистік және террористік топтар өзін-өзі қаржыландыру деңгейіне шықты, деп ҚР ІІМ «А» басқармасының бастығы Қанат Лақбаев мәлім етті.

«Алғашқыда – Қазақстанға еніп, бекініп алу кезеңінде – бұл ұйымдар шетелдерден қаржыландырылды. Ашық және бүркеме түрде қаржы түсіп тұратын бірқатар мемлекеттер бар. Соңғы кездері олар, былайша айтсақ, өзін-өзі қаржыландыру тетігіне шықты», - деді Қ. Лақбаев бейсенбі күні Қазақстан полицейлерінің экстремизм мен лаңкестікке қарсы күресіне арналған дөңгелек үстел барысында.

Оның айтуынша, экстремистік және лаңкестік ұйымдар қылмыстық әрекеттерге белсенді барып, қаржылық көздерді алып қалу үшін және қастандық әрекеттерін жалғастыру үшін қылмыстық топтармен ықпал ету саласын бөліске салып жатыр.

«Бұл өте алаңдатарлық нышан. Себебі ұйымдасқан қылмыстық топ пен экстремизм, лаңкестік әрекет жеке алғанда да өте қауіпті құбылыстар. Ал егер олар өзара ұштасатын болса, ол өте қауіпті», - деді ол.
Қ. Лақбаевтың айтуынша, түрмелерде жүздеген адам лаңкестігі үшін отыр. Бұл ретте түрмелерде деструктивтік идеалогия еркіндіктегіден де тез таралады. Лаңкестік топ бөлімшелері онда өз ұйымдарын құрып, ондағы қылмыстық ортамен табысты бәсекеге түседі.
«Олар жаңа мүшелерді тартудың өте табысты жүйесін тапқан. Бұл ретте олар әр түрлі әдістерді пайдаланып, әрбір мемлекетте бар әлеуметтік-экономикалық проблемаларды ұтымды пайдалана алады», - деп жалғастырды ол.

ІІМ мәліметтерінше, лаңкестік пен терроризм үшін сотқа тартылғандардың 80% -ның жасы 19-дан 28 аралығындағы жастар екен.

«Яғни, олар өмірдегі өз жолдарын әлі анық таппағандар, немесе, қарапайым тілмен айтсақ, дұрыс жолдан тез тайдырып жіберуге болатын жастар. Біз экстремистік идеалогия жастардың санасын қалайша тез жаулап алатындығына таң қаламыз. Сырт қарағанда тәп-тәуір адам сияқты, ал 1-2 жылдан соң оны тану мүмкін емес. Егер сіздер соңғы оқиғалар кезінде көздері жойылған тұлғалар туралы БАҚ-тарға қарасаңыздар, тіпті олардың туыстары мен ата-аналары, олардың тез арада қарапайым діндарлықтан экстремистік идеалогияның ұстанушыларына айналғанын баймағанын көресіздер», - деді ол.

Қ. Лақбаевтың айтуынша, экстремистік қозғалыстың алғашқылары Қазақстанға 10-15 жыл бұрын келе бастаған. Олар ең алдымен солтүстік бағыттағы Ресейге ендеп кіруді көздеп отыр.

«Ол кезде, әрине, ол туралы ешкім де естіп-білмеді және ол кезде құқық қорғау органдары оларды назардан тыс қалдырғанын мойындауымыз керек. Ол кезде ғылым да, құқық саласы да бұл қауіп туралы еш нәрсе айта алмай, мемлекеттік құрылымдар оған қарсы тұра алмады», - деді ол.

Одан соң экстремистік көзқарастағылар дәстүрлі дінді жамылып, бұл идеяны адам санасына енгізе бастады.
«Қазір күш сынасу кезеңі басталды. Жақында болған актілер осы оқиғаның тізбегінен. Экстремистік идеалогияның қисынды дамуы», - деді Қ. Лақбаев.

«Экстремизмге қарсы күрес жүйесі қазір жұмыс бастады, біз кей жағдайда өз қателіктерімізден үйреніп жатырмыз. Сонымен бірге оның үлкен кемшін тұсы да бар. Ол, өкінішке орай, лаңкестік әрекет салдарына ғана жауап берумен шектеледі. Ал мемлекеттік органдардың, қоғамдық институттардың көмегімен әр деңгейде оның алдын алу және оның профилактикасы кемшін соғып тұр және біз ол жүйені құруымыз керек», - деп есептейді ол.

ІІМ өкілінің ойынша, осы топтардың өз қатарына жаңа мүшелерді тартудың әдістеріне мемлекет пен қоғам психологиялық қарсы тұру жүйесін дайындауы тиіс.
«Біз бұл жерде жұмыстың екі бағытын көріп тұрмыз. Біріншісі: осы экстремистік және лаңкестік топ жетекшілеріне, белсенді мүшелеріне психологиялық ықпал ету әдістері. Екінші бағыт та профилактикалық сипатта. Нейролингвистикалық программалау әдістері бар. Сол арқылы адам санасында экстремистер қолданатындай тек теріс пиғыл ғана емес, оң пиғыл да қалыптастыруға болады», - деді ІІМ өкілі.

Ведомство мәліметтерінше, экстремистер мен лаңкестерді дайындаумен арнайы психологиялық әдістерге үйретілген адамдар айналысады дейді.
«Егер біздің еліміз туралы айтсақ, онда негізінен мешіттер мен медреселерде осындай жұмыстар жүргізілген. Адамдардың көпшілігі өмірдің қиындығына тап болғанда, проблемалар туындағанда ғана дінге, құдайға жүгінеді. Жоғарыдағы мекемелерде арнайы адамдар осындай қиындығы барлармен сұхбаттасып, оларға көңіл бөледі. Жекелеген жағдайларда бәлкім материалдық көмек те көрсететін шығар. Олар ол адамға көмек беретен адамдар барлығын танытады. Сол кезде әлгі адам бұл идеалогияға өзі қалай іліккенін түсінбей қалады. Олар жемқорлық, жұмыссыздық пен өмір деңгейінің төмендігі туралы айтады. Және олар мұның барлығы мелекеттік құрылымның дұрыс болмай отырғандығымен түсіндіреді. Сөйтіп, араб халифатының мысалын келтіреді», - деді ол, адамдарды тарту әдістеріне тоқталып.

Ол адамдардың 40-60% сыртқы әсерге бейім тұратындығы туралы психологтардың мәліметтерін келтірді.

«Адамдарды тартудың соңғы сатысы Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы дала лагерлерінен бірақ шығару. Олар онда дайындықтан өтіп, шахидтер мен жауынгерлер ретінде машықтанып, соғыс қимылдарына қатысады», - деп тұжырымдады Қ. Лақбаев.

Дереккөз: kaztag.kz

11 қазан 2012, 14:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.