Біз үшін спорт не - өзімізді әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік пе, ұлттың саулығы, әлде ақшаны оңды-солды жұмсаудың жолы ма? Балалар спортын дамытудың қазіргі жүйесі оңтайлы ма? Осы тақырыптар төңірегінде біз профессор, педагогикалық ғылымдардың докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Халит ЖАМАЛЕТДИНОВПЕН (суретте) әңгімелестік.
- Спорт командалары мен спортшылар тобын дайындауды қаржыландырудың сызбасы қалай болмақ? Сіз бюджеттен спортқа бөлінетін қаржыны қалай жоспарлар едіңіз?
– Жоғары жетістіктерге жету үшін спортты республикалық бюджеттен қаржыландыру керек деп есептеймін. Жергілікті бюджет қаржысын тек мектеп және студенттік спортқа ғана жолдаған жөн. Спорттық жаттығулардың барлық қалған санаттарын айналысушылар есебінен ақылы ету керек.
Олимпиада ойындарына, әлем чемпионаттарына, Азия, Еуропа және басқа да жарыстарға қатысу - мемлекеттің абыройы. Бұл жоғары жетістіктерге қол жеткізетін спорт және ол сөзсіз орталықтан қаржыландырылуы тиіс. Бұл сызбаға арнаулы мектептер, сыныптар, ғылыми-зерттеу топтары мен институттары, спорт түрлерінің құрама командалары кіреді. Бізде жүгіргеннің бәрі Олимпиада ойындарына, әлем чемпионаттарына қалай болғанда да осы атты жамылып ақша алуға дайындалады, оларға шөп шықпаса да бәрібір. Ал, онда табысқа жетудің кепілдігі жоқ. База және дайындау деңгейі – қолдағы барымызбен есептеледі.
– Мектептегі спортты қалай көтеруге болады?
- Салауатты өмір салты, дұрыс гигиена, дене шынықтыру тәрбиесі, қозғалыс режимі, тамақтану - осының бәрі адам бойына мектеп партасынан, тіпті, одан да ертерек сіңірілуі керек. Мектепте жас ағза өзіне түскен ауыртпалықтарды жеңе біледі, күн тәртібін және тамақтану режимін дұрыс реттей алады, жарыс жағдайында дамиды. Осы факторлар адамға одан әрі өздігінен дамуына, өмірден өз орнын табуға көмектеседі. Жасөспірімдер мен қыздар мектеп және институт спортының даму процесіне барынша қатысқан сайын біздің қоғамымыз нығаяды және бәсекелестікке қабілетті бола біледі. Оқу орындарында тек шахмат пен шағын футболдан ғана емес спорттың барлық түрінен жоғары сыныптардың спортшылар командасы болуы керек. Бюджет ақшасы – халықтың ақшасы. Адамдар дене шынықтыруға және спортқа көптеп тартылса, бөлінген қаржыны тиімді жұмсауға болады.
– Сіздің спорттық функционер ретіндегі үлкен тәжірибеңіз бар. Өз тәжірибеңізден мысалдар келтіре кетсеңіз.
– Біздің облысымыздабайдарка мен каноэде ескек есудің мықты мектебі болды. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрдік, жақсы базамыз болды. Бүгінгіден жақсы. Бірақ, жұмыс баяу жүрді. Жағдайды жандандыру және әдісті жаңарту мақсатында мен ескек есу федерациясына қаланың барлық мектептерінің оқушыларымен Жайық өзенінде ескек есу бойынша ашық сабақтар жүргізуді ұсындым. Біз дайындықтар өткіздік, мектепке автобустардың келу кестесін жасадық. Бұл араға 5 және 7-ші сынып оқушыларын тарттық. Осыдан кейін чемпиондардың саны артқан-артпағанын білмеймін, бірақ, жүздеген оқушылардың ескек есуге деген қызығушылықтары артты, спорттың осы түрімен айналысуға ниет білдіргендер көбейді.
- Біздің облысымыздағы спорт кеңестік дәуірмен салыстырғанда қалай өзгерген?
– Сол кездегі біз армандаған нәрсенің бәрі қазір бар - жасыл футбол алаңы, жүзу бассейндері, мұз сарайы, керемет деген спорттық киімдер, теледидардан түрлі спорттық бағдарламалар, оқу-жаттығудың бейне оқулықтары. Ал, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен қалалық спорт бөлімдері «қамсыздандыру» ұстанымдары бойынша жұмыс жасайды. Он-он бес шақты адам осы мекемелердің айналасында ақша бөлдіріп, жоспарланған, кейде тіпті, ешқандай себептерсіз турнирлер өткізіп, жиындарға, жарыстарға барады... Мұның бәрі осыдан 20-30 және 40 жыл бұрын болған жайттар. Ешқандай жаңа бастамалар, нақты ғылыми негізделген бағдарламалар болған жоқ. Спортта нарық жұмыс жасамады, оның негіздері қолданылмады. Мекеме басшылары, негізінен, бюджет қаржысын жұмсаумен айналысты, ақшаның көзін табуға және оны тартуға жұмыстанған жоқ.
– Енді не істеген жөн?
– Бәрін батыстағыдай жасау керек. Оларда спорт тұтас бір индустрия – атақ-абырой, пайда және бұқаралық маңызға ие. Чемпионаттар мен турнирлердегі жеңістер алдын-ала көп жылдар бұрын жоспарланып қойылады. Спортқа ірі бизнестер, ғалымдар, жарнамалық, тоқыма және қонақ үй бизнестері, туристік агенттіктер, банктер тартылады. Спорт - олар үшін шын мәнінде үлкен бір әлем, ал, біз үшін – біз, алдымен, оның біз үшін не болып табылатындығын анықтап алуымыз керек.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор