Атырау, 23 қараша 21:22
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Азаматтық атыңа лайықсың ба?

4 812 просмотра

Атыраудағы тхеквондоның негізін салушы Қабибек МҰХИТАНОВ, айкидодан Нұрлан ШАЙХИЕВ және каратэ мен муай-тай жекпе-жек өнерінің негізін салушылар Айбат РАХМАН «Қара белдіктер клубына» бірікті. Дәстүрлі шығыс жекпе-жектерінің майталмандары адамзаттың күшті жартысының шынайы өкілі қандай болуы тиіс екенін жұртшылыққа түсіндіруге тырысты.

НӘЗІК ЖАНДЫ ҚАДЫРОВ

– Нәзік жанды жауынгер теориясы туралы не білесіз?– деп сұрады менен Айбат Рахман салған жерден. Ойыма Ван Дамм мен Сигалдың жылы шыраймен құшақтасқан келбеттері келе қалды...

– Жоқ! – деді тыжырынған Айбат. – Сұрақты басқаша қояйын. Сізге қайсысы көбірек ұнамды – Сергей Зверев пе, әлде Рамзан Қадыров па?

Шешенстан президенті шығар…

– Міне, теорияның маңызы осында. Шаштараз Сергей Зверев өте нәзік болып көрінеді, бірақ оның ішкі дүниесі оның сыртқы келбетіне мүлдем қарама-қайшы. Ал Қадыров басқаша. Ол – жауынгер, бірақ оның жаны нәзік. Медведевпен кездесу барысында анасының қоңырауына шалып, ол кешірім сұрап, тұтқаны көтергенін есіңізге түсіріңіз. Айырмашылықты сезіп отырсыз ба? Егер ертеңгі күні соғыс болса – ол өз анасын, жұбайын, отанын қорғау үшін соғысуға аттанады. Нәзік жауынгер деген сол.

Демек, сіздіңше, нағыз еркек болу үшін күшті болу жеткілікті болғаны ма?

– Көше бұзақысының жауынгерден айырмашылығы қандай? Екеуі де өз-өздерін қорғай алады, солай емес пе? Айырмашылығы – бұзақы үнемі шабуыл жасайды, ал жауынгер тек қорғанады.

– Біздің бәріміз – дәстүрлі шығыс жекпе-жегін жақтаушылар күштің тек оны дұрыс пайдалана білетін адамдарда болуы тиіс екенін білеміз, - деді Қабибек Мұхитов. - Нашар адамды ұрыс өнеріне баулу – қылмыс. Білім бермес бұрын тәртіпті, адамгершілікті, адалдықты, қарапайымдылықты оның бойына сіңіру керек.

 

ӘКЕСІЗ ӨСКЕН ҰЛДАР

- Ұрыс өнерінің бұған қандай қатысы бар? Мұнымен отбасы айналысуы тиіс емес пе?

- Әрине. Бірақ біздің шәкірттеріміздің 70 пайызы әкесіз өсіп келеді. Тек олардың кейбірінің ғана әкелері қайтыс болған. Қалғандарының тек «жексенбілік» әкелері бар немесе олармен мүлдем араласпайды. Әдетте, мұндай балаларды аналары мен әжелері әкеледі. Олар ұлдарының қыз бала секілді нәзік боп өскендерін қаламайды.

Ұл балалар ер жетіп, отбасын құрады, өз ұлдарын тәрбиелеп өсіреді... Тұрмыстық проблемалар пайда болады, содан кейін отбасының шырқы бұзылады. Неліктен? Өйткені олар әу бастан дұрыс тәрбие алмайды. Дүниеге келген сәттен бастап болашақ ана ретінде тәрбиеленген әйел жақсы жылдарын мансап қууға арнамай, отбасы ошағын құруға ұмтылуы тиіс. Ал іс жүзінде әйелдер, көбінесе, жанұяның басшысына айналып, табыс тауып, өзін темір ханым ретінде тәрбиелеп, ер адамның орнын басуға ұмтылады. Ер адамдар әйелін ұрып-соғатын немесе жігерсіз жасық жанға айналғандарын өздері де байқамай қалады. Екі жағдайда да, ерте ме, кеш пе, шаңырақ шайқалады, ал егер адамдар бірге қалса да, бақытсыз тірлік кешеді.

 

ШЫНАЙЫ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕН АРТЫҒЫ ЖОҚ

– Аллаһ ер адамға физикалық күшті тектен-текке бермеген ғой, - деп пайымдайды Нұрлан Шайхиев. – Ол бұл күшті соғысқа, төбелеске жұмсауы керек. Ал өркениетті қоғамда бұған жол берілмейді. Адамдардың арасында ол зиялы жан, ал үйде өз әйелін физикалық тұрғыда болмаса да, психологиялық тұрғыда жәбірлей береді. Ал жаттығып үйренетін болса, бәрі де өзгереді.

Кілем үстіндегі ұрыстан артық не болуы мүмкін? Міне, сен бәсекелесіңнің қарсы алдында тұрсың. Кім күшті болса, сол жеңеді. Жекпе-жекте қатты болсаң, өмірде жұмсақ жан боласың. Айызы қанған жекпе-жектен кейін шаршап үйіне келген ер адам алдымен нені қалайды? Жұбайын құшақтағысы келеді, қызының бетінен өпкісі келеді. Тіпті жанжал туындаса да, ол оны бейбіт жолмен шешеді. Ал жұбайының назы бұл мәселеге нүкте қояды.

- Демек, әйелдердің өздері кінәлі ме?

- Тек кінәлілер деген ғана болмайды, - деп жауап берді Айбат. – Инь, янь деген бар. Әйел адам әйел, ер адам еркек болуы тиіс. Осы екі жаратылыс қосылса, үндестік пайда болады. Менің шәкірттерімнің бірі биіктіктен қорқатын. Мен оған арқанмен төбеге дейін өрмелеп баруға тапсырма бердім. Ол қашан белін бекем буады екен деп бәрі күтіп тұрды. Сол кезде мен қолыма шыбық алдым. Ол сол сәт өрмелеп шығып кетті де, ол жерден мүлдем басқа адам боп түсті. Ол қорқынышын жеңгені үшін өзін мақтан тұтып, өзін құрметтей бастады.

Тең құқылық деген түсінік туралы ұмыту керек. Шәкірттерімнің бірі - қыз бала тең құқылықты жақтайтын. Жаттығу кезінде мен оған жігіттермен бірдей «отжимание» жасауға тапсырма бердім. Сол кезде ол таңданып: «Ұстаз, мен қызбын ғой!!!» деген еді. Міне, тең құқылық деген осы.

 

ҚАТАЛ ӘКЕ, ӘСКЕРИ БОРЫШ - МІНДЕТТІ

– Ер адам әрдайым физикалық тұрғыда әйелден күшті болады – бұл факт. Ал ақыл-ой қабілетіне келер болсақ, бұлай болмайды. Неліктен әйелді жетекке алу керек?

– Бұл дәстүр. Бұрын қазақтарда қалай болды: ер адам әйелге қамқор болуы тиіс. Әуелі оған әкесі, содан кейін күйеуі, егер күйеуі болмаса – бауырлары, бауыры болмаса туысы, ал тіптен ешкімі жоқ болса, жақын көршісі қамқорлық жасайды. Оның өмірдің ауыр кезеңдерімен жалғыздан жалғыз қалатын кезі болмайтын.

Ер адам мұны түсіну үшін оны бала кезден қатал тәрбиелеу керек. Әкенің қаталдығы және әскери борышты өтеу міндетті түрде керек. Ол білім алуға ұмтылып, өз елінің патриоты атануы, басқа елдерге  де сапар шегіп көруі тиіс.

– Шетелге аяқ басқанда өзіңді толықтай патриот сезінуге болады, - дейді Нұрлан Шайхиев. – Олимпиадада бүкіл ел өз туының астында тұрады ғой. Тіпті өзін патриотпын деп санамайтындардың өзі өз символын, осы символ астындағы өз орнын табу үшін еріксіз басын көтереді.

– Біз жапон шеберлерінен ілім алдық, - деп сөзге араласты Қабибек Мұхитов. – Олардың дәстүрлерін үйрендік. Ал олар «сендердің дәстүрлерің қандай?» деп сұрағанда, ұзақ ойланып қалдым... Оларда самурайлар, ал бізде кім? Бізде батырлар. Самурай тек соғысады, ал бейбіт уақытта отырып, қылышын қайрап, қашан соғыс болғанша күтеді. Батыр ауыр күндерде өз жерін жаулардан қорғайды, ал бейбіт кезде мал бағады. Ол сонымен қатар ақын, күйші бола алады. Мәселен, Махамбетті айтуға болады. Батыр әрқашан да ізгілікті жақтайды. Ол қарапайым, адал, әділ, ол өз ата-анасын құрмет тұтады, ақсақалдардың шешіміне ешқашан қарсы келмейді.

Өкінішке орай, ақсақалдар ғайып болды. Егер олар бар болса, ауылдар арасында төбелестер болмас еді. Ақсақал шығып, «жетер енді» десе, бәрі орын орнына келетін.

Жаттығудан кейін шәкірттерім маған «ұстазым, мені үйреткеніңіз үшін рахмет» деп айтады. Бұл дұрыс. Мұнда демократия болмауы тиіс, ұстаз - басты тұлға, сонымен нүкте. Ал дене шынықтыру - қалыпты қоғамның басты құрамдас бөліктерінің бірі. Оны дамыту керек. Ол жан мен тәнді жаттықтырады. Сол кезде өзіңді: өзіңнің жалқаулығыңды, мақтаншақтығыңды, қорқақтығыңды және басқа да әлсіздіктеріңді жеңе аласың.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

(Жалғасы бар)

10 қазан 2012, 20:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.