Атырау, 16 қазан 13:42
 ашықВ Атырау +12
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Өлім құштыратын баған

7 264 просмотра

3 қазанда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында 6-10 киловольт кернеулі электр тарату желілерінде құстардың қырылу проблемасына қатысты мәжіліс болды.

КҮЙКЕНТАЙ ЖҰБЫМЕН ӨЛІМ ҚҰШТЫ

«Дронт» экологиялық орталығының қызметкері Марк ПЕСТОВТЫҢ (суретте) айтуынша, электр тарату желілері тіреуі құрылымының қуаттылығы соншалық, сым бекітілген металл траверс темірбетон бағанының болат қаңқасымен жалғанған және жерге қосылған электр фазасының рөлін атқарады. Осы траверс құстар бағанға қонған кезде қонақтайтын орын болып табылады. Ғалымдар құстардың көп жағдайда қанатымен сымға тиген кезде электр тізбегінің тұйықталуы салдарынан бірден жерге өлі құлайтындығын есептеп қойды.

Облыс аумағында жыртқыш құстардың 15 түрі ұя салады және сонша құс түрі ұшып өтеді. Электр тізбектеріне қонған құстардың өліміне Атырау даласында құстар қонақтайтын биік ағаштар мен таулардың жоқтығы себеп бола алады. Облыста кернеуі 6-10 киловольт болатын шамамен 8 мың шақырым электр тарату желілері бар. Заң бойынша кәсіпорын өздерінің электр тарату желілерін құстардан қорғау қондырғыларымен жабдықтауға тиісті, алайда, олар оған асығатын емес.

Өткен жылдың мамыр және қыркүйек айларында «Дронт» орталығының орнитологтары «ҚазТрансОйл», «ҚазТрансГаз», «Каспий құбыр консорциумы» (КТК) және «Аджип ККО» компанияларының жалпы жиынтығы 410 шақырым болатын электр тарату желілерін бойлай отырып аралап шықты. Құстардың көп қырылғаны Мақат пен Индербор арасындағы «ҚазТрансГаз» компаниясының электр тарату желісінің катодтық қорғау тізбегінде анықталды. Олардың саны – 96. Ал экспедиция кезіндегі уақыт ішінде барлығы 136 өлген құс табылды: 63 дала қыраны, 41 кәдімгі тілеміш, 9 күйкентай және тағы да басқа. Сондай-ақ, электр сымдарына соқтығысып өлім құшқан 8 құс табылды, олар аққулар, сұр тырна, безгелдек, бозторғайлар.

Бір қызығы, күйкентайларды жұбымен тапты. Олар бір-біріне көмек көрсететін керемет құстар. Шамасы, олардың бірі траверске, екіншісі сымға қонып, бір-бірін тамақтандыра бастағанда ток соққан болуы керек.

Ғалымдар құстардың өлімтігі бұдан көп болуы керек деп есептейді, экпедиция жүріп өткен жерлерде түлкілер мен шибөрілердің іздері көп болған. Ток сымдарына, негізінен, үйірімен ұшатын құстар соғылып өлсе, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген ірі жыртқыш құстар өз ажалдарын электр тарату желілерінің тіректерінен табады. Бұл құстар баяу өседі, тез көбеймейді, жылына бар-жоғы екі жұмыртқа басады. Осылайша, ғалымдар Атырау облысында жыл сайын қанаттылардың көбеюіне үлкен залал келтіріледі деген қорытынды жасады. Экспедицияның нәтижесі бойынша табиғат ресурстары басқармасы 6-10 киловольт кернеулі электр тарату желілерін қолданушы облыстың барлық кәсіпорындарына хат жолдады. Бірақ, хатқа тек «Ембімұнайгаз» ӨФ және «КТК» ЖШС ғана жауап қайтарды.

 

БҮРКІТТІ ҮРКІТЕДІ

«ЕМГ» ӨФ бас энергетигі Ғабит ИМАНҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, кәсіпорын 6-10 киловольт кернеулі 1 020 шақырым электр тарату желілерін пайдаланады. Үстіміздегі жылы тіреулерді бекіту аудандарында полимерлі манжеттерді орнатуға тәжірибелік қондырғыны жүргізуге шешім шығарылды. Әзірге 350 манжет орнатылды. Қорғау қондырғыларын орнатудағы басты проблема – электрмен жабдықтауды тоқтату керек, ал, мұнай кәсіпшіліктерін тоқтатуға болмайды. Сондықтан да қалған манжеттер келер жылдың күзгі және көктемгі электр шаруашылығын тексеру кезінде орнатылатын болады.

«КТК» ЖШС пайдалану жөніндегі менеджері Виктор СУТЯГИННІҢ айтуынша, кәсіпорын 2003-2008 жылдары электр тарату желілерінің 440 шақырымына ілмелі изолятор түріндегі қорғаныс қондырғыларын орнатты, бұған 500 мың доллар жұмсалды. Құстардың өлімінің әрбір фактісі орын алған сайын, желілерде қысқа тұйықталу пайда болып, жабдықтар істен шығады және мұнайды тасымалдау тоқтатылады. Бұдан басқа, «СИП» (толығымен полимермен қапталған сым) қорғау қондырғысы жаңа мұнай құбырының 116 шақырымына орнатылды. Оған қосымша 30 электр айырғышқа құстарды үркітетін ультрадыбысты қондырғылар орнатылды. Қалалық қоқыс алаңы ауданындағы мұнай құбыры учаскесінде қарғалар мен шағалалардың көптігі салдарынан қысқа тұйықталулар жиі болатын. Осы жылы 2 шақырымдық учаскеге «СИП» қорғаныс қондырғысы орнатылды, соның арқасында тұйықталулар жойылды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

10 қазан 2012, 18:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.