Атырау, 18 желтоқсан 17:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Субсидия: талап көп, нақтылық жоқ

3 829 просмотра


Атырауда Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. «АЖ» тілшісі үш нәрсені анықтады: біріншіден, өңіріміздегі екі ірі құс фабрикасының (кеңес осы кәсіпорындар басшыларының өтінішімен жиналған еді) қаржылық жағдайы қиын; екіншіден, ауылшаруашылық субсидияларын алу бала күтіміне байланысты демалысқа шығу сияқты қағазы бітпейтін нәрсе екен. Үшіншіден... мұның бәрі өлмес Кощейдің ертегісін еске түсіреді. Мұнда да жұмыртқа туралы мәселе қозғалады.

БІР-БІРІНЕ СІЛТЕУ

«Алмалықұс» ЖШС директорының орынбасары Роза ЕРЕШЕВАНЫҢ айтуынша, өткен жылы кәсіпорын инвестициялық шығындарды жабу бойынша субсидиялар алуға өтінім беріп, тек аз ғана бөлігін алған.

- Алғашында маусымда құжат тапсырдық, содан кейін тамыз бен қарашада кері тапсырдық. Жабдықты тексеру актісі бір айға созылды, содан кейін субсидиялау ережелерінде өзгерістер болатынын айтып, күте тұруды сұрады, - дейді Роза Ерешева. - Қарашада ауыл шаруашылығы басқармасы құжаттардың тезірек тапсырылуын талап етті. Өйткені жаңа ережеге сай, торкөзді жабдықтарға субсидияларды 31 желтоқсанға дейін ғана ала аламыз екен. Барлық құжаттарды тапсырдық. Сөйтіп желтоқсанның басында бізге 2018 жыл үшін ішінара субсидия төледі. Ал 2017 жыл бойынша өтінішімізді 2019 жылдың сәуір айында ақша түскен кезде қарастырамыз деп жауап берді. Сәуір айынан бастап қайтадан облыс басшылығына жаздық. Облыс әкімі орынбасарының атынан бізге торкөзді жабдық үшін төлем тиесілі ме, жоқ па, білу үшін «Қазақстанның құс өсірушілер одағына» хат жолданды. Ол жақтан біздің құжаттарымыздың барлығы дұрыс және төлену қажет деген жауап келді. Бірақ 13 мамырда бізге ауыл шаруашылық басқармасынан өздеріне Құс өсірушілер одағынан жауап келмегені, сондықтан біздің құжаттарымыз қараусыз қалдырылғаны туралы хат келді. Құжаттар әлі сол жақта жатыр, біз 2017 жылдың субсидиясын ала алмай келеміз.

«Бақайқұс» құс фабрикасының директоры Бақтыгүл ҮБІШЕВА да өз кәсіпорнының қиындықтарды бастан өткеріп жатқанын айтты. Бүгінде шығындары кірістерден едәуір асады, ал субсидияларды соңғы рет 2015 жылы алған.

- Субсидияларды алу үшін бізде сұрыптау машинасы болуы тиіс. Бұл өте қымбат жабдық, қазіргі кезде оны алуға мүмкіндігіміз жоқ, - деді Б.Үбішева.

Кейінірек «Бақайқұс» жобасын жасаған «Атырау Сауда» ЖШС директоры Әлімжан БАЛЖІГІТОВПЕН хабарластық. Оның айтуынша, аталмыш автоматтандырылған сұрыптау машинасы 500 мыңнан миллион еуроға дейін тұрады.

- Бізде күн сайын 100 мың жұмыртқа өндіріледі. Қызметкерлеріміз бұл жұмысты жақсы игерген, біз бұл машинаға мұқтаж емеспіз. Бірақ бұл жағдайда бізге субсидия берілмейді. Оның үстіне, соңғы айлары қоспажем екі есеге қымбаттады. Қазір біз банкрот шегінде тұрмыз, бұл туралы облыстық әкімдікке ескерттік, - дейді Балжігітов.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының Агроөнеркәсіп кешені жөніндегі орынбасары Серік СӘРСЕКЕНОВ отырыс барысында атап өткендей, екі кәсіпорынның да аймақ үшін әлеуметтік маңызы бар.

- «Бақайқұс» құс фабрикасы жем сатып алу квотасын бөлуді сұрайды. Бұрын осындай ереже болған, қазір жоқ. Біз ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті хат жаздық. Бұл хатта субсидияларды төлеу үшін сұрыптау машинасының болуы міндетті деген шартты ережелерден алып тастау ұсынысына қолдау білдірдік. Әрі қарай «Алмалықұстың» инвестициялық шығындары 180 млн теңге болды. Бұл қаржыға олар жабдықтар сатып алып, қосымша құс қора мен жем цехын іске қосқан еді. Тек 37 миллион теңге субсидия алды. Ал 2018 жылы жергілікті бюджетте субсидияларды төлеуге 1,2 миллиард теңге бөлінді. Оның 800 миллион теңгесі жыл соңында республикалық бюджетке игерілмеген қаржы ретінде қайтарылды.

 

АҚША БАР, АДАМ ЖОҚ

Отырысқа қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат НҰРЛЫБАЕВ жағдайды анықтауға уәде беріп, бұл лауазымға жақында ғана тағайындалғанын еске салды:

- Менің білуімше, «Алмалықұс» фабрикасы бірнеше жыл бұрын сатып алынған жабдықтарға субсидия сұрайды. Ережелерде нақты мерзімдер көрсетілген, оларда сол мерзім өтіп кеткен, сондықтан оларға субсидия беруден бас тартылды. Дегенмен, бүгінге дейін субсидия беру мәселелерімен айналысқан қызметкерге қатысты қазір тексеру жүргізілуде, ол жұмысынан уақытша шеттетілді.

Тағы бір маман бала күтіміне байланысты демалыста, яғни, қазіргі уақытта бөлімде ешкім жоқ. Әрине, бұл сылтау емес, тексеру нәтижелерін күтеміз және жағдайды шешуге тырысамыз.

Өңірлік палата директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ кәсіпкерлерге сотқа жүгіну қажет болса, Палатаның қажетті қолдау көрсетуге әзір екендігіне сендірді:

- Біз жағдайды талдадық. Біздің шаруа қожалықтары осы ақшаға қатты зәру боп отырғанда 800 миллион теңге бюджетке қайтарылған. Егер оқиғалар хронологиясын қарасаңыз, 2018 жылғы 29 маусымда кәсіпкер ауыл шаруашылығы басқармасына жүгінеді, олар тексеру актісі жүргізілетінін айтып, бес күн ішінде жауап береді. Мұны Махамбет ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі жасауы тиіс еді. Бұл процесс 26 күнге созылған. Содан кейін субсидиялау ережелерінде өзгерістер болады дегенге сілтеп, олар кәсіпкерді тағы да шығарып салған. Өзгерістерді күткен кезде субсидия беруді тоқтату керек деген қай жерде жазылған? Оның үстіне, кәсіпкерлерге белгіленген мерзім бар екенін ешкім түсіндірмеген. Қыркүйектен қараша айына дейін олар қайтадан ауыл шаруашылығы басқармасына хаттар жолдаған. Екі жағдайда да жауап келмеген. Мемлекеттік орган неліктен оларға жауап бермейді? Содан кейін ақша жоқ деп, бәрін келесі жылдың сәуіріне қалдырады. Әрі қарай қызық жағдай туындайды: мемлекеттік орган үкімет қаулысын орындай отырып, үкімет қаулысын мемлекеттік органға түсіндіріп бер деп қоғамдық ұйымға – Құс өсірушілер одағына жазады!

Өңірлік палата директоры Абдолла ИДРЕСОВ те қуантпады. Оның айтуынша, бүгінде Атырау облысының 100-ден астам ауылшаруашылық субъектілері мемлекеттік субсидиялар алу жөніндегі өтінімдеріне жауап күтіп отыр екен.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұсынған сурет

18 маусым 2019, 16:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.