Атырау, 22 желтоқсан 16:43
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атыраудағы №31 сайлау учаскесіндегі байқаушыларды дауыс санауға жібермеген

Толықтырылды Бейнежазба
4 620 просмотра


Әлеуметтік желілерде Атырау қалалық №31 учаскесінің сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжан ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ дауыс беру аяқталғаннан кейін учаскеден бюллетеньдерді көлігіне салып алып кетпекші болғаны түсірілген бейнежазба таралып кетті. Байқаушылар өздерін дауыс санауға кіргізбегендерін айтады.

Бейнежазбадан байқаушылардың сайлау бюллетеньдерін көздерінше санатуға соңына дейін тырысқандарын көріп отырмыз, олар тіпті комиссия мүшелері бюллетеньдерді алып кетпес үшін көлік алдына тұрып алса, енді бірі тіпті жатып алған...

Байқаушылардың айтуынша, сайлау учаскесінде олардың қатысуымен дауыс саналмаған, оларды бюллетеньдерге жақындатпаған.

Комментарий алу үшін «АЖ» учаскелік комиссия төрағасы Гүлжан ҚОЖАХМЕТОВАҒА қоңырау шалған болатын. Бірақ телефон ажыратулы болды. Оның туыстары қазіргі уақытта оның ем алып жүргенін айтты.

Осы оқиға кезінде сайлау учаскесіне жергілікті белсенді Арман ХАЙРУЛЛИН келіп, дауыс беруге арналған ғимарат ішінде болып жатқан жағдайды бейнежазбаға түсіре бастаған, бірақ кейін оны жойып тастапты. «АЖ» Хайруллинмен хабарласты:

Иә, мені байқаушылар шақырып, учаске төрағасының дауыстарды санамағанын айтты. Мен бақылаушылардың мобильдік капитаны ретінде учаскеге бардым. Бюллетеньдерді қайта санауын өтіндім, бірақ ол бас тартты. Маған түсіндірілгендей, дауыс саналғаннан кейін бұл заңсыз екен.

ҚР «Сайлау туралы» заңының 43-бабының 1-тармағына (Сайлау учаскесiндегi дауыстарды санау) сәйкес, дауыстарды санау кезiнде қатысатын байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады. Сайлау бюллетеньдерiн санау кезiнде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгiлi бiр мүшесi қатысушыларға сайлау бюллетенiн көрсетедi және сайлаушының ерiк бiлдiруiн жариялайды.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат АЙМАНАКУМОВ пен қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Есенжол ЖҰМАҒАЛИЕВТЫҢ телефондары әзірге өшірулі.

Сайттағы осы жарияланымнан кейін «АЖ» тілшісіне облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат АЙМАНАКУМОВ хабарласты:  

- Иә, біз бұл роликті көрдік. Бізге белгілі болғандай, №31 сайлау учаскесінің төрағасы осы факті бойынша Атырау облыстық Полиция департаментіне шағым жазған. Бұл жігіттердің кім екенін білмеймін, бірақ ешкім де, тіпті, байқаушылар да сайлау комиссиясының жұмысына араласа алмайды. Ол байқаушылардың көзінше дауыстарды санағанын айтты. Бірақ кейін жастар шулап, болған жайтты бейнежазбаға түсіре бастаған. Міне, жанжал осылай шыққан.

Әңгіме соңында Айманакумов «АЖ» тілшісін жұмыс уақытында сайлау қорытындыларымен танысу үшін қалалық әкімдікке шақырды.




Фархат ӘБІЛОВ

«АЖ» оқырмандары жолдаған бейнежазба

P.S. Оқырмандарымыз облыстық сайлау комиссиясына хабарласып, комиссияның қала мен облыстағы барлық сайлау учаскелері бойынша дауыс беру мәліметтерін жариялауын сұрайды. Облыстық сайлау комиссиясының телефондары жауап бермейді. Ал әзірге «Сайлау туралы» Заңға сәйкес, мұндай деректерді жариялау қарастырылмағанын айта аламыз.

10 маусым 2019, 14:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.