Атырау, 22 желтоқсан 17:44
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жайық балығын «Атырау Су Арнасының» сұйық хлоры мен шенділердің салғырттығы құртты

5 999 просмотра


«АЖ»-ға Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған ІІМ тергеу-жедел тобы жасаған кейбір қорытындылар белгілі болды.  Астаналық тергеушілер «Атырау Су Арнасы» КМК-нің экологиялық апатқа тікелей қатысы барын анықтады. Әңгіме ІІМ-нің әлі қол қойылмаған құжаты туралы болып отыр. Алайда оның айтарлықтай өзгерістерге ұшырауы екіталай. 

Сонымен, сот-экологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуының себебі – балықтардың тыныс алу функцияларының бұзылуына әкелген хлор болды.

Жайық суындағы хлорид мөлшері 2018 жылдың 3-13 желтоқсаны аралығында шекті рұқсат етілген мөлшерден 1,9 есеге артқан (нормативтерге сай балық шаруашылығы су көздерінде 300-350 мг/л болса, өзендегі хлорид деңгейі 540-555 мг/л болған).


ӨЗЕНГЕ ХИМИКАТТАР ТАСТАЛҒАН

Хлоридтер мен еркін хлордың шығу көзі «Атырау Су Арнасының» өзенге ағызатын сарқынды сулары (оларды ресми түрде шартты-таза сулар деп атайды) екені анықталды.

Бұл тергеу кезінде алынған келесі мәліметтермен расталады:

- «Атырау Су Арнасы» өз қызметінде суды тазалау үшін сұйық хлор (ол өте улы, суды күшті  залалсыздандырғыш, суға көп мөлшерде түскен жағдайда балық өлуі мүмкін) және кальций гипохлоридін (сумен араласқан жағдайда тұз бен хлорид түзіледі) пайдаланады.

- Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының 19.03.2019 күнгі  қорытындысына сәйкес, «Атырау Су Арнасы» КМК Жайық өзеніне нормадан екі есе көп сарқынды су ағызған.

2018 жылы өзенге рұқсат етілген 3,3 млн текше метрдің орнына 6,7 млн текше метр су ағызылды. Соның ішінде, қараша айында 549,8 мың текше метр, желтоқсан айында 235,8 мың текше метр су ағызылған.

- «Атырау Су Арнасы» КМК су тазарту станциялары (1-учаске маңында – Н.Х.) апатты жағдайда екенін анықтады. Сүзгілердің төмен жағында орналасқан өнеркәсіптік кәріздің ысырмалары хлор және басқа химиялық реагенттер қосылған суды ұстамай, Жайық өзеніне өткізе береді. 

- Атырау облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті мамандарының қорытындысына сәйкес (14.03.2019 жылғы), «Атырау Су Арнасы» КМК су тазарту компоненттерінің бірі сұйық хлор (зиянды заттар қауіптілігінің 2-класына жататын күшті тотықтандырғыш) болып табылады. Тұндырғыштарды жуылғаннан кейін дезинфекциялау және таза сумен толтыру үшін де кальций гипохлориді пайдаланылады.

Тұндырғыштарды жуылғаннан кейін дезинфекциялау және таза сумен толтыру үшін де кальций гипохлориді пайдаланылады.

Сонымен қатар, тергеу барысында «Атырау Су Арнасы» КМК технологиялық процесінде энергетика, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы министрліктері басшыларының назарын аудартатын көптеген ереже бұзушылықтар анықталған.


«АНАЛИТТІ» КІМ ТАЛДАДЫ?

Атап айтқанда, аумақтық бөлімшелердің жергілікті лауазымды тұлғалары орын алған ереже бұзушылықтар мен экологиялық қауіпсіздік талаптарының орындалмауы бұрыннан белгілі болса да, аталмыш зардаптарды ескерту бойынша және кәсіпорын қызметінің бақылаусыз әрекетінің алдын алу бойынша дер кезінде шаралар алмаған.

Химиялық реагенттерді мөлшерлеу мен қолдану нормаларының сақталуын ешкім тексермеген.

Жергілікті бақылаушы органдар сілтеме жасағанды ұнататын кәсіпорынды тексеру мораторийін тергеушілер «әңгіме бүкіл өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы сөз болып отырғанда орынсыз» деп атады.

Әрі қарай химиялар көп... «Атырау Су Арнасы» КМК су тазарту үшін құрамында CHBrCL3 трихлорометан (хлороформ, улы зат) бар «Аналит» затын пайдаланады. Ал ағызу құдықтарындағы су сынамалары құрамынан қоршаған ортаға залалын тигізетін бромдихлорметан CHBrCL32 (заттар қауіптілігінің 1-класына жататын улы канцероген) іздері анықталды. Өзенге тасталған «Аналит» затының айналымына және қолданылуына ешкім бақылау жүргізбегені расталған.

Бұдан басқа, зерттелетін нысандар - су, мұз, түптік шөгінділердің сулы сүзіндісі құрамында кальций, магний, натрий, мырыш, күкірт, стронций, барий, калий, марганец, кремний, бор, мыс, темір, фосфор элементтері табылған. Бұл химиялық элементтер «Атырау Су Арнасының» шекті-рұқсат етілген ағызу жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысында мүлдем жазылмаған. Олар қайдан пайда болған?

Кәсіпорын зертханасы кейбір көрсеткіштер, соның ішінде, хлоридтер бойынша судың сапалық құрамын анықтау мақсатында су сынамасын алып, талдау жүргізеді. Алайда КМК-де ағызылатын судағы еркін хлордың болуы бақыланбайды, ал іс жүзінде ол өзенге құяр тұста 0,15 мг/дм3 көлемінде табылған.

Сонда Атырау облысы бойынша қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті өзенге хлордың ағызылуына үнемі бақылау жүргізбейтін болғаны ғой.


КІМДІ «КІНӘЛІ» ҚЫЛАДЫ?

Іс жүргізуге тартылған мамандар еркін хлор табиғи су көздеріне мөлшерсіз ағызылған кезде балықтың тез жаппай қырылуына әкелетінін атап өткен. Мұз қатқан кезде оның ұшпа қасиеті төмендейді, бірақ ол ағыс арқылы біраз қашықтыққа тасымалданады. 

Құрамында хлор қоспасы бар ағынды сулардың шектен тыс ағызылғанын жасыру үшін кәсіпорын тексерушілерге су есебінің «жалған» журналын ұсынған.

Іс материалдарында Атырау облыстық әкімдігінің кінәсі де атап өтілді. «Атырау Су Арнасы» - КМК әкімдіктің басқаруындағы мекеме. Кәсіпорын басшылары тергеу барысында ұзақ уақыт бойы қаржыландырудың жоқтығынан түптік шөгінділерді тазарту станциясы салынбағанын көрсетті. Бұл қоршаған орта үшін қауіпті азайтуға мүмкіндік берер еді.

Бақылаушы мемлекеттік органдар жұмыстарды лайықты ұйымдастырғанда, қажетті және дер кезінде шаралар алғанда Жайық өзенінің экологиялық қауіпсіздігі үшін жағымсыз салдардың алдын алуға болар еді.

Қорытынды: Жайықтағы балықтың жаппай қырылуы антропогендік әрекет және мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылаудың болмауы нәтижесінде болған. 

Жарты жылдан бері экологиялық апатқа кінәлілерді неліктен атамай, ыждағаттылықпен жасырған деген сұрақтың жауабы да осында шығар. Тергеу нәтижесі бойынша болған оқиға үшін барлық жауапкершілік жергілікті билікке жүктеліп отыр. Өйткені солардың салғырттығынан Жайыққа сұйық хлор құйылды. Лауазымды тұлғалар жазаларын ала ма, әлде су тазарту жөніндегі әлдебір инженерді «кінәлі» етіп қоя ма екен, көреміз.

Ал жақында мемлекеттік сатып алулар сайтында «Атырау Су Арнасының» алдағы сатып алулары туралы хабарландыру шыққан еді. Олардың арасында басқа реагенттермен бірге кәсіпорын 98,8 пайыздық сұйық хлордың 120 тоннасын сатып алмақшы екен. Ал олардың ысырмалары апатты жағдайда...

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

6 маусым 2019, 15:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.