Биыл 13 наурызда Маңғыстау облысының Қаламқас кенішінде ұңғымалардың бірін бұрғылау кезінде газ-су қоспасы атқылады. Ал 22 мамырда су-газ қоспасы (грифон) қайта атқылап, қоршаған ортаға орасан зор зиянын тигізді. Грифонның қаупі қандай және Атырау өңіріндегі мұндай төтенше жағдайдың болу ықтималдылығы қаншалықты жоғары?
Анықтамалық материалдарда грифон - мұнай мен газдың табиғи тұмшалауының бұзылуы немесе бұрғылау және пайдалану кезінде ұңғыма оқпандары тұмшалауының бұзылуы нәтижесінде жасанды каналдар арқылы жердің беткі қабатына мұнай, газ және судың шығуы деп көрсетілген.
- Қашаған кеніші ұзақ жылдар бойы игеріліп келеді, бұрғылау жұмыстары көп жүрді. Шамамен 400 метрде, жердің беткі қабатына жақын газ түзіледі. Осы газдар грифон түрінде пайда болды, - дейді «Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы» ҚБ президенті Балтабек ҚУАНДЫҚОВ. - Бұрын да осы кен орындарында грифондар пайда болған, соның нәтижесінде биіктігі 30 метрдей бұрғылау қондырғылары жер астына түсіп кетті. Кез келген ұшқыннан өрт тұтануы мүмкін.
Ол Мексика бұғазындағы апатты мысалға келтірді. 2010 жылы бұрғылау платформасында жарылыс болып, ұңғымадан газ атқылауы салдарынан өрт болды. Сол кезде 11 адам қаза болып, ал экологиялық залал миллиардтаған доллар деп есептелді. Мұхитқа 5 миллион баррель мұнай төгілді.
«ЕМБІМҰНАЙГАЗДА» НЕ БОЛДЫ
«АЖ» Атырау облысындағы ұңғымалар бойынша проблемалардың бар-жоғын анықтау үшін «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-на редакциялық сауал жолдады. Жауапта «қазір «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның төрт мұнай-газ өндіру басқармаларында пайдалану қорының 2200-ден астам ұңғымасы бар, оның 2100-ден астамы жұмыс істейді. Жаңа ұңғымаларды салу үшін 8 бұрғылау қондырғысы мен ұңғымаларды күрделі жөндеуге 25 көтергіш агрегат жұмылдырылды» делінген.
«КӘАҚҚ» РМК (кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі) Атырау филиалы мұнай, газ, су қоспаларының, ашық газ және мұнай бұрқақтарының пайда болуын болдырмау және оларды жою үшін қолданыстағы ұңғымаларға профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Сондай-ақ, жауап хатқа сәйкес, ЕМГ ұңғымаларында бұрғылау және жөндеу жұмыстарын түгелдей мердігерлер атқарады. Әрбір мердігер компания апатты және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда әрекет ету жоспарын әзірлейді және мақұлдайды. Сонымен қатар, ЕМГ-мен жасалған келісімшартта мердігер қауіпті өндірістік нысандарға қызмет ету үшін КӘАҚҚ-мен бөлек келісімшарт жасауы тиіс екені туралы тармақ бар.
«Соңғы жылдары кен орындарында қандай апаттық жағдай тіркелді?» деген сұраққа берілген жауапта 2017 жылы С.Нұржанов кен орнындағы ұңғымалардың бірінде мердігер компанияның жұмысы барысында УПА-60/80 көтеру агрегаты құлаған деп көрсетілген. Нәтижесінде көтеру агрегаты мұнарасының діңгегі зақымданып, агрегаттың діңгегі майысып қалған. Қызметкерлердің ешқайсысы жарақат алған жоқ.
ЕМГ өндірістік және әлеуметтік нысандарының өрт қауіпсіздігін шарттық негізде «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС қамтамасыз етеді. Барлығы төрт МГӨБ бойынша 11 өрт сөндіру бөлімі, 20 бірлік техника және 70-ке жуық жеке құрам тартылды.
ЕСКЕ АЛАТЫН НӘРСЕ
«АЖ» «Ақ Берен» кәсіби әскерилендірілген авариядан құтқару қызметі филиалының директоры Еркін ШПАНОВҚА да бірнеше сұрақ қойды.
- Кеніште авария болған кезде әрекет ету тәртібі қандай?
- Ең алдымен кезекші жедел взвод кетеді. Сол жерде жедел штаб құрылып, ахуалға баға береді, қосымша қызметтер мен арнайы құралдарды тарту туралы шешім қабылдайды.
- Сіздерде қандай мамандар жұмыс істейді, техникалық жабдықтар қандай?
- Қызметкерлеріміздің көпшілігі бұрынғы бұрғылаушылар, бұрғылаушылардың көмекшілері, машинистер, мол тәжірибесі бар операторлар. Қажетті құралдармен және аспаптармен жабдықталған автокөліктер бар. Адамдар тәуліктің кез келген уақытында нысандарға шығуға дайын.
- Атырау облысында кеніштерде қандай апаттар болды? Олар қалай және қанша уақыт ішінде жойылды?
- 2017 жылғы 5 қарашада Мақат ауданындағы «Мәтен» кен орнындағы №345 ұңғымада газ-су қоспасы атқылады. Жедел топ бұрқаққа қарсы жабдық пен сорғы-компрессор құбыры қысыммен ұңғыма тамағынан «ұшып кеткенін» анықтады. Тұмшаланғаннан кейін ұңғыма тамағына техникалық су толтырылды.
Тағы бір оқиға 2018 жылы 22 ақпанда осы кен орнының 351 ұңғымасында болды. Бұрғылау қондырғысын көтеру кезінде газ атылды. Біздің жедел тобымыз апат болған жерге барып, шығарындыдан басқа грифонның пайда болғанын анықтады. Біздің қызметкерлер, өз өмірлеріне қауіп төндіріп, апатты жоюға кірісті. Бұрғылау құралы 327 метр тереңдікте, ал 100 метр радиуста газдың жарылу қаупі болды. Кез келген ұшқын бәрін жалынға орауы мүмкін еді. Кеңістікті арнайы заттармен толтырғаннан кейін грифон түзілу тоқтатылды.
- Грифондардың қаупі қандай?
- Грифон - бұл ұңғыма оқпанын газ, су, мұнай қоспасы түзілетін жер қабатымен жалғайтын канал. Грифон кезінде үлкен алаңда жердің беткі қабатының опырылу қаупі өте жоғары. Грифонның биіктігі ондаған метрге жетеді, ал опырылу ауданы жүздеген шаршы метр болады – мұндай жерде бүкіл бұрғылау қондырғылары «ғайып болады».
- Атырау облысында Қаламқастағы сияқты ауқымды төтенше жағдайлар болды ма?
- Егер салыстырмалы түрде алсақ ... 2007 жылы «Жаңа Мақат» кен орнында (№А6 ұңғымасы) бұрғылау мұнарасы құлап, грифон түзілген ашық бұрқақ атқылады. Авария орнында ұңғыманы тексеру және аумақтың газбен ластануын өлшеу жұмыстары жүргізілді. Грифон түзілу кезінде бұрғылау мұнарасы құлады.
Ұңғыма газ бен мұнай сұйықтығын шығарып атқылады, ерітінді бағанының биіктігі 5-6 метрге жетті. Бұрғылау аумағы 50-60 метр радиусқа жайылды. Газ-су сұйықтығының шығарындысы кезінде ұңғымада өздігінен от тұтанды. Өрт 3 сағатқа жуық жалғасты, ұңғыма 25-30 метрлік биіктікте сұйықтық шығарды. Диаметрі 8-10 метр болатын кратер түзіліп, ол 10-15 метрге дейін көтерілді. Әрі қарай апатты жою үшін ауырлатылған және цемент ерітінділерімен толтырылды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА