Атырау, 27 желтоқсан 04:07
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Шекарадағы ауыл

Сурет Бейнежазба
10 424 просмотра


Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылының құрлық жағы Ресеймен шектесіп жатыр. Бұл өңірдің табиғаты ерекше, бір жақ қапталы құмды болса, келесі жағы көк майсаң. Өткен ғасырдың 30-жылдары Каспий теңізінің сағасы осы жерге дейін жетіп, жергілікті халық балық кәсіпшілігімен айналысқан екен. Кейін теңіз тартылып, бұл жер мал шаруашылығына ыңғайлы жер болып қалды.

МҮЙІЗДІ ШЕКАРА БҰЗУШЫЛАР

70-жылдардың басында «Құрманғазы» совхозының №4 ферма орталығы болса, кейін  «Көптоғай» көкөніс-сүт совхозына айналды. 1 мың гектарға дейін жерге егін егіп, 3 мың бас асыл тұқымды сиыр өсіріп, іргелі үлкен шаруашылық болды. Сол жылдары бірнеше нысан пайдаланылуға берілді, мектеп, балабақша салынды. 90-жылдары шаруашылық ыдырап, мал-мүлік жекенің қолына өтті.


Бүгінде Көптоғайда 1201 адам тұрады. Қазақстан жағынан ауылға жету үшін Қиғаш өзенінен жүзбелі көпірмен өтеді (арғы жағы - Ресей шекарасы). Паром күндіз ғана жүреді. 30 тонналық жүзбелі көпірді сүйрейтін кеме 70 жыл бұрын жасалған екен. Тек жөндеумен ғана жүріп тұр. Адамдар тегін өтеді, ал көліктің жеңіл, ауырлығына қарай бағасы әртүрлі. Өту бағасы: мотоцикл - 500, отандық және шетелдік жеңіл көліктер 700-800, трактор прицепсіз - 2000, «КамАЗ» прицебімен бірге - 4000 теңге.

- Өткел сағатпен жұмыс жасайды, ар жағымыздағы Ресей арадағы шекарасы да жабылады, ондайда аралда қалғандай күй кешеміз, - дейді ауыл ақсақалдары. - Кейде кеме бұзылып жатады. Облыс әкімі Ноғаев бір келгенінде көпір салу керек деп үміттендіріп кеткен. Алайда содан бері біраз уақыт өтті.

Ауыл ақсақалдары мал жайылымына алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, ауыл маңындағы жайылымдық жерлерді шаруа қожалықтары қоршап алған. Қалған жерлер мал жаюға жетпейді. Жайылған мал кейде Ресей жеріне өтіп кетеді екен.

- Ауылмен шектесіп жатқан Ресейдің Краснояр ауданымен өзара келісім бар, әкімшіліктен анықтама алып, малымызды алуға барамыз. Тек 20-25 шақырымдағы Котеявкадағы шекара бекеті арқылы айдап келуіміз керек, - дейді тұрғындар.


ӘКІМ ӘДЕМІ СУРЕТТЕЙДІ

Барлық алыс ауылдар сияқты мұнда да облыс немесе аудан орталығына көшу көбейген. Әсіресе жастар тұрақтамайды, себебі малдан басқа кәсіп жоқ. Қазір 624 орындық мектепте 120 ғана бала оқып жатқан көрінеді.


Ұмыт қалған алыс ауылдың көрінісі көңілге қаяу түсіреді. Мәдениет үйі салынбаған, фельдшер бекеті ескірген, жедел жәрдем көлігі жоқ. Мейірбике Сәния БИТЕКЕНОВАНЫҢ айтуынша кейде науқастарды орталыққа жеткізу үшін такси жалдауға тура келеді екен. Ауылда жол да жоқ. Электр бағаналарының ауыспағанына 40 жыл болған. Ток сымдары төмен түсіп, соқалар қисайып тұр.


Алайда Көптоғай ауылдық округінің әкімі Батырбек БАЛТАЕВ жағдайды басқаша суреттейді:

- Ауылымыздың жағдайы жақсы. Ауылда жастардың тұрақтамауы өндірістің болмауынан, басқалай себеп жоқ. Жайылымдық жер бар. Округ бойынша жалпы жер көлемі 3234 га, соның 500-і егістік жер, 45 га шабындық, 3142 га жайылымдық, ал мүлдем пайдасызы 29 гектар ғана. Шаруа қожалықтары тек шабындық жерлерді қоршап отыр, басқалары ашық. Қаржының жоқтығынан көпір әзірге салынбайды. Электр желілері мен соқаларын ауыстыру үшін сметалық құжаты жасалып жатыр.



Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен видеоны түсірген автор

29 мамыр 2019, 11:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.