Атырау, 26 желтоқсан 01:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Бергей Рысқалиев пен оның бауырын Лондоннан көріпті

8 252 просмотра

4 қазанда өзін Forbes Kazakhstan басылымының тұрақты оқырманымын деп таныстырған бір адам хабарласып, аты-жөнін атамауды өтінді. Ол ағайындыларды кафеде көргенін айтты.

Біздің оқырманымыз Британия астанасында тұрады екен. Таяу күндері Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиды Лондондағы Knightsbridge метролық стансасына жақын маңдағы Raphael Street, 5-тегі Zuma кафесінен көргенін хабарлады.   

Егер дереккөзге сенер болсақ, екеудің «Қазақстанның үшінші астанасына» орныққандығы туралы жорамал расталып отыр. Оның үстіне, БАҚ-тарда бұдан бұрын хабарланғандай, Бергей Рысқалиевтың отбасы Лондонда көптен бері тұрады екен.

Естеріңізге салсақ, тамыздың аяғында, Бергей Рысқалиев Атырау облысы әкімінің лауазымынан босағаннан кейін кешікпей өзі де ғайып болды. Бергей Сәулебайұлының ұсталып, үйқамаққа алынғандығы туралы хабар таралған болатын, алайда бұл расталмады. Сондай-ақ, Ресей шекарасына дейін автобуспен жетіпті деген ақпарат түсті, ал сол жерден Лондонға қарға адым жер екені түсінікті.

Мұнайлы өңірдің жаңа әкімі боп бұрын Батыс Қазақстан облысына басшылық еткен Бақтықожа Ізмұхамбетов тағайындалды.

Атырау облыстық әкімдігінің басшылары түгелдей дерлік ауысты: шенеуніктердің бірі «тып-тыныш» боп кете қалса, енді бірі ұсталды, қамауға алынды. Облыс бюджетінен миллиардтаған теңгелердің ұрланғандығы туралы қылмыстық істер қозғалды.

Қыркүйек айында Рысқалиевтың жебеушісі – соңғы 4 жыл бойына президент әкімшілін басқарған Аслан Мусин қызметінен босатылып, ҚР Есеп комитетінің төрағасы боп тағайындалды.

Бергей Сәулебайұлының бауыры – Аманжан Рысқалидың тағдыры да қызықты. Биылғы жылдың қаңтарында осы атыраулық бизнесмен «Ақ жол» партиясының тізімі бойынша депутат боп сайланған еді. Бұл тізімге бар болғаны 8 адам кірген болатын.

Бергей Рысқалиев Атырау облысы әкімі креслосымен қоштасқаннан кейін бауырының ізін ала бере Аманжан Рысқали да жоғалды.

Осы жерде «Ақ Жолдың» және парламенттегі партиялық фракция басшысы Азат Перуашевтің әрекеті қызықты боп көрінді.

13 қыркүйекте ол КТК телеарнасына былай деп мәлімдеген еді:

«Оның ағасына (Бергей Рысқалиевқа - F) қатысты тергеу жүргізіліп жатыр ма, ол жағын білмеймін, мұның Аманжан Рысқалиев мырзаға тікелей қатысы жоқ. Біз үшін мандаттарымыздың, біздің депутаттарымыздың партия мүддесіне, сайлаушыларымыз алдында айтылған бағдарлама мүддесіне сай жұмыс жасауы маңызды. Егер бұл үнсіздік жалғасса, осы мәселені қарастыратын боламыз».

19 қыркүйекте Рысқалидың депутаттық мандатынан бас тартқандығы мәлім етілді. Перуашев жұмсарып, парламентте:

- Аманжан Рысқалидың ағасы боп табылатын Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың қызметіне қатысты ресми түрде талаптар қойылып отыр. Бұл жағдайда Аманжан Рысқали туралы ресми ақпарат әлі жоқ. Бұл жерде Аманжан Рысқалидың бауыр ретінде моральдық тұрғыда ағасын қолдау үшін осындай шешімге келгенін көріп отырмыз», -деген еді.

3 қазанда ҚР экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Аманжан Рысқалиға іздеу жариялады. Соған байланысты «Ақ Жол» «моралдық-этикалық» себептерге қарамастан, оның партияға мүшелігін уақытша тоқтатқан болатын. Дегенмен, партияның шешімі туралы ақпаратты ҚазТАГ бір күн бұрын жариялаған болатын.

Жоғарыда айтылғандардан кейін «Ақ Жол» көшбасшысы Перуашевқа қатысты бірқатар сұрақтар туындап отыр. Өткен жылы партияның бұрынғы басшысы Әлихан Бәйменовпен партия брендін табыстау туралы келісім жасағаннан кейін, Азат Тұрлыбекұлы осы саяси ұйымды кәсіпкерлер партиясы ретінде көрсете бастады.  

Ақырында парламентте өздерінің мүдделері де қорғалатын болды деп, бизнесмендердің көпшілігінің рухы көтерілген еді.

Қаңтарда еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының төменгі палатасына сайлау кезінде «Ақ Жол» партиясы «Нұр Отаннан» кейін екінші орынға ие болып, мәжілістен 8 креслоны иеленді. Олардың бірі Аманжан Рысқали болатын.

Азат Тұрлыбекұлы, сізге мынадай сұрағымыз бар: біріншіден, бұл тұлға партияға қалай келген, екіншіден, ол партияның депутаттыққа ұсынылатын үміткерлер тізіміне қалай енген?

Саясатта абырой-бедел секілді түсініктің бүгінде өте бұлыңғыр екенін мойындау керек, алайда салиқалы бизнесмендер арасында оның орны бар. Басқаша айтқанда, олар кіммен істес болып, кіммен байланыспау керектігін біледі.  

Биылғы жылдың қысында мен келісім-шарт бойынша Атырау облысындағы тәуелсіз «Ақ Жайық» газетіне кеңесші ретінде бір ай жұмыс істеген едім (zero.kz бағалауы бойынша, оның сайты – Қазақстандағы үздік аймақтық ресурс. - F). Бұл қалада Аманжан Рысқали туралы халық бірдей пікірде екен.

Осы жерден сұрақтар туындайды: Азат Перуашев бұл туралы білмеген бе және Рысқалиды неліктен сайлауалды тізімге енгізген? «Үлкен жолдастары» кеңес берген бе әлде қазақстандық кәсіпкерлер арасында анағұрлым лайықты үміткерлер табылған ба?

Мен бірде-бір партия қатарында болған емеспін, бірақ партиялық тәртіптің: оны бұзғаны үшін (фракцияның немесе бүкіл парламент отырысына қатыспаса) оның мүшесі бірден шығарылады; немесе партия оны соңына дейін қорғайды.

Яғни, бұл партияша және жалпы, азаматтық әрекет.

Ал Азат Перуашевтің «басты жүйеге» сәйкес жалтақтауы оның көшбасшылық қасиеті емес, жеке басының қасиеттері екенін білдіреді.

Мұндай құбылмалы пікір партия мүшелерінің барлығының, оның үстіне қазақстандық бизнес-қоғамның ұстанымын бейнелемейді деп жорамалдауға болады. Ал бұл жағдайда Азат Тұрлыбекұлы бүкіл қазақстандық кәсіпкерлер атынан сөйлеуге құқылы ма?

Айтпақшы, осы аптада «Ақ жол» парламенттік фракциясының депутаты Меруерт Қазбекова 11-12 жасар оқушы қыз балаларға қатысты жүргізіліп жатқан жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алу шараларына алаңдаушылық білдірді. Сөйтіп денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады.

Міне – партиялар күші деген осы. 

 

Авторы: Вадим Борейко, "Forbes Kazakhstan" бас редакторының орынбасары

Дереккөз: Forbes.kz

5 қазан 2012, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.