Атырау, 5 қазан 10:27
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

ЕҚЫҰ саммиті Астананың ақ боранымен басталды

10 999 просмотра

Астанада көп күттірген саяси оқиға - ЕҚЫҰ саммиті өтуде. Ұйымға төрағалық етуші Қазақстан 11 жыл өтпеген саммитке барлық мемлекет басшыларын жинай алмады. Шақыртылған 55 президенттің 28-і ғана Астанаға келді. Қалған елдердің делегацияларын үкімет басшылары мен сыртқы істер министрлері, вице-премьерлер, тіпті салалық министрлер бастады. Ал үлкен жиырмалық елдерінен екі мемлекеттің - Германия мен Италияның басшылары ғана саммитке келді.

Форумның жалпы отырысын Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Қазақстан президенті ЕҚЫҰ-на төрағалық ету кезінде аймақтық жанжалдарды реттеуге, қырғыз еліндегі саяси дағдарысты еңсеруге қатысып, тіпті Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсеткендігін атап өтті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ елдерінің барлығында азаматтық қоғам құқықтарын кеңейту керек деп есептейді. Америкалық саясаткердің пікірінше, адам құқығы жөніндегі ұлттық бағдарламаларды қабылдап алып, оны орындамай қоя салуға болмайды. Бұған қоса Клинтон интернет аясын кеңейтеміз деп, жекелеген сайттарды жауып тастау жөн емес, сөз бостандығына кепіл бере отырып, журналистердің қызметін шектеуге болмайды деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы сайлаулардың барлығын еркін және әділ өткізу қажет деп атап көрсетті. Хиллари Клинтон ұйымға мүше елдер жаңа заңдар қабылдаудан гөрі, бар болғаны қолданыстағы заңдарды сыйласа екен деп өтінді. Бұған қоса, Қазақстанның Ауғанстандағы коалицияға мүше болып кіретіндігін хабарлады. Сондай-ақ, мемлекеттік хатшы ЕҚЫҰ-ның Грузиядағы миссиясын қалпына келтіруді талап етті. Ал Франция және Еуропа кеңесінің өкілдері Грузияның территориялық тұтастығын сақтауға шақырды. Ресей президенті Дмитрий Медведев болса ЕҚЫҰ құрлықтағы қауіпсіз-дікке жауап беруші ұйым болудан қалды деп мәлімдеді.

Саммит өтіп жатқан кезде Ақмола облысында ауа-райы күрт суытып, тус ауа Астанада боран басталды.

 

АҚШ-тың ұстанымы қандай?

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның мәлімдеуінше, Обама әкімшілігі Иранның Женевадағы ядролық келіссөзге оралуын қолдайды. Бұл туралы Клинтон Астанада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті барысында мәлімдеді.

Клинтонның айтуынша, алдағы аптаға жоспарланған келіссөздер Теһранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі алаңдаушылықтардың айтылуына мүмкіндік береді. Женевадағы келіссөздерге АҚШ, Британия, Франция, Ресей, Қытай және Германия өкілдері қатысады.

Батыс елдері Иран жасырын түрде ядролық бомба жасамақшы деп қауіптенеді. Теһран бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Иранның ядролық мәселесін осы аптада Бахрейндегі қауіпсіздік конференциясында көтереді.

 

Пан Ги Мун: «Қазақстан басшыларымен сөйлестім»

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіндегі ролін мадақтады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммиті алдында Азаттық радиосына берген сұхбатында Пан Ги Мун Қазақстан жетекшілерімен адам құқықтары туралы мәселесін де көтергенін айтты.

“Қазақстан басшылары БҰҰ комиссиясының осы жылы берген кеңестеріне сай алғабасушылық жасайды деп үміттенемін”, - деді Пан Ги Мун.

 

Кнут Воллебек: «Аз ұлттар мемлекеттік тілді білуі тиіс»

Кез келген аз ұлт өзі тұрып жатқан мемлекеттің толыққанды мүшесі болуға құқылы. Бірақ бұған олар сол елдің мемлекеттік тілін меңгеру арқылы ғана қол жеткізе алады. Елордадағы саммитке байланысты болған баспасөз мәслихатында ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғыкомиссары Кнут Воллебек осылай деді.

Иә, асты-үсті байлыққа толы, ең бастысы, татулықтың ордасы болып отырған қазақ елінде тұрып жатқан кез-келген ұлт өкілі өзін қоғамның толыққанды мүшесі санайды. Оған ешқандай кедергі жоқ. Барлық жағдай жасалған. Тек сол ұлттардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы ғана жетіспейді.

Шетелдік мейман осыны меңзесе керек, өзге ұлттар қазақ тілін білуі тиіс деген ой тастады. «Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері осы елдің мемлекеттік тілін меңгерулері тиіс. Бәріміз жақсы білеміз, Қазақстанда көптеген ұлттар мен ұлыстар бар. Олардың бәрінде де өздерінің білім беру орталықтары мен мектептері ашылған. Қазіргі кезде біз Қазақстан Үкіметімен білім беру жүйесін күшейтіп, мемлекеттік тілді дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Осы орайда айта кетер жайт - Қазақстандағы өзге ұлттар осы елдің мемлекеттік тілін меңгерулері тиіс. Себебі, тек мемлекеттік тілді меңгеру арқылы ғана олар қазақстандық қоғамның толыққанды мүшесі атанып, қоғамдық өмірге белсене араласа алады. Қазіргі кезде осы бағыттағы біздің жұмысымыз сәтті жүргізіліп келеді», – деп атап көрсетті К.Воллебек.

 

Саммит баспасөз бостандығы мен құқық еркіндігі туралы сөз етті

Саммит басталар қарсаңда Нью-Йорктегі Журналистерді қорғау комитеті Астанадағы 55 мемлекеттің өкілі қатысып отырған алқалы жиынның күн тәртібінде Қазақстандағы баспасөз бостандығы мәселесін талқылауға шақырды.

Халықаралық комитет ЕҚЫҰ төрағасы болып отырған Қазақстан өз елінде баспасөз саласында еркіндікті шектеп, тәуелсіз басылымдар мен журналистерді қысымға алып отырғанын атап көрсеткен.

Журналистерді қорғау комитетінің мәлімдемесінде қазіргі уақытта Қазақстанда өз кәсіби қызметі үшін жазаланған кемінде бір журналист пен адам құқығын қорғаушы түрмеде отырғаны, тәуелсіз басылымдарға миллиондаған сомадағы айыппұл салу салдарынан ақпарат құралдарының жабылуға мәжбүр болғандығы айтылған.

Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық ұйым өз үндеуінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерді Қазақстанның баспасөз еркіндігі саласында өзіне алған міндеттемелерін орындауын талап етуге шақырған.

 

Саммитті ұйымдастыру шығыны да есептеліп үлгерді

ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Астанадағы саммитті ұйымдастыруға кеткен жалпы шығыны шамамен 11 млн. еуро болса, оның үштен екісін Қазақстан төледі, - деп ЕҚЫҰ департаментінің директоры, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Сержан Әбдікәрімов мәлім етті.

«Алдын-ала сома шамамен 11 млн. еуро болды, оның шамамен төрттен бірін қатысушы мемлекеттер төледі», - деді С.Әбдікәрімов дүйсенбі күнгі баспасөз мәслихатында.

«Бұл соманың ішіне барлық шығындар, аудармашылық, ұйымдастырушылық, толығымен барлық мәселелер бойынша шығындар кіреді. Төрт-тен бірін қатысушы мемлекеттер төлейтіндігі - ЕҚЫҰ процедуралары мен ережелеріне сай болғандықтан», - деп нақтылады С.Әбдікәрімов ҚазТАГ-қа.

Бұл ретте дипломатиялық ортадағы дереккөз ҚазТАГ-қа бұл соманың онша көп емес-тігін айтты. 2005-шы жылы Словения өзінің төрағалығы аясындағы шараларға шамамен 10 млн. еуро жұмсапты.

ҚазТАГ, azattyq.org, stan.kz, alashainasy.kz

2 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.