Атырау, 24 қараша 23:35
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Археологтар Сарайшықтан көне цитадельді іздеп жатыр

Сурет
5 839 просмотра

Әбілсейіт МҰХТАР

Археологтар ХІХ ғасырдың ортасында саяхатшы картасына түскен көне цитадельді табу үшін Сарайшық қаласының аумағында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жаңалықпен «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт МҰХТАР пресс-тур кезінде бөлісті.

Цитадель 1861 жылы орыс топографы А.Е. Алексеев жасаған Сарайшық қаласының жоспар сызбасында белгіленген. Карта жақында Мәскеу мұрағатынан табылды. Онда қаланың аумағы, сондай-ақ қала ішіндегі бөлек қорған көрсетілген. Алексеевтің картасына сүйеніп, археологтар цитадельдің орнын шамамен белгіледі.

Негізгі қазба жұмыстары облыстық бюджеттен қаржы бөлінісімен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла САМАШЕВ бастаған ғалымдар мен Анкара университетінен ортағасыр тарихы бойынша мамандар шақырылып, шілде-қыркүйек айларында басталады. Ал әзірге жұмыстар өз күштерімен атқарылуда. Қазба жұмыстары алғашқы нәтижесін де бере бастады.

Айбек ТҰРАРҰЛЫ

- Атап айтсақ, малдың және судың күшімен айналатын диаметрі 95 см диірмен тас және күміс жалатылған құлып ашқыш, Өзбек ханның тұсында соғылған мыс тиындар табылды,- дейді археолог Айбек ТҰРАРҰЛЫ. - Тиындар 1330-1350 жылдары Сарайшық қаласында соғылған деп айтуға тарихи негіз бар.

Айта кетейік, Хан ордалы Сарайшық музей қорығы 2018 сәуірден бастап Мәдениет министрлігінің қарауына өтіп, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы болып атауы өзгертілді. Нәтижесінде музей қорығына 2 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 2 магистрант, 1 археолог докторант жұмысқа тартылып, қызметкерлер саны 10 нан 30 адамға жеткен.

Директордың айтуынша, алдымен қаржы мәселесі шешілсе атқарылар жұмыстар жетерлік:

- Сонымен бірге қазір министрліктің тапсырмасы бойынша, Сарайшық ауылы іргесінен туристерге арналған Сапар орталығының жобалық құжаттары дайындалып сараптамаға жіберілді. Сапар орталығының жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Ол жерде этно ауыл, экспозициялық зал, шағын қонақ үй жобаланған. Жақында министрлік Қасым хан туралы фильм түсіретінін хабарлады. Осы орайда оны Сарайшықта түсіру туралы министрлікке хат жолдап, жауабын күтудеміз, - деді қорық директоры.

Бүгінде музей қорында 3829 жәдігер сақталған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша музейге 12468 адам көруге келген.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

22 мамыр 2019, 09:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.