Атырау, 10 қараша 20:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Батыс өңірінде мүмкіндіктер мол

2 830 просмотра

24-26 қыркүйекте Ақтауда дүние жүзінің 35 елінен 500-дей делегат жиналған инвестициялық форум өтті. Онда еліміздің батыс өңірінде жаңа өндірістер құру мүмкіндіктері талқыланды.

АСТАНАДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Еліміздің үш батыс облысының: Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерінің қолдауымен «ҚМГ» ҰК» АҚ форумды өткізу идеясын ұсынған. Ал осы өңірдегі ірі мұнай-газ жобаларының үш операторы: «Теңізшевройл» ЖШС, «НКОК» және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумдары  материалдық жауапкершілік жағын өз мойындарына алыпты.

Форумға шетелдік компаниялардың топ-менеджерлері толық құрамда қатысса, жоғары шенді қазақстандық шенеуніктерге қатысты жағдай көңілден шықпады. Форумның бірінші күні үкімет құрамы толығымен отставкаға кетіп, спикерлер ретінде мәлімделген министрлер келмей қалды. Қазақстандық қамту бойынша келіссөздерге бітімгер ретінде қатысушы«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының кеңесшісі лорд УЭВЕРЛИ дәл аңғарғандай, сол күні қалған уақыт бойына форумға қатысушылар Ақорда мен парламенттегі кадрлық ауыс-түйістерді ipad арқылы және ұялы телефонмен бақылап, кофе-брейкке жарияланған үзіліс кезінде тағайындаулар туралы қызу талқылап жатты. Форум бағдарламасына аты аталған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы Өмірзақ ШӨКЕЕВ белгісіз себеппен қатысқан жоқ.

 

ЖАҢАӨЗЕНДІ ҚАЙТАЛАМАУ КЕРЕК

Бас делдал мен тете министрлердің сөздері, негізінен, сыпайылық білдірумен және жалпыға мәлім ақпаратты баяндаумен шектелді. Ал бұл форумның ішкі сырын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ләззат ҚИЫНОВ ашып берді. Оның сөзіне қарағанда, шетелдік компаниялар да біз секілді Қазақстанның батыс өңірінен жаңа өндірістер құруға қызығушылық танытып отыр екен. АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның қоры жеке аталып өтті.

- Жаңаөзендегі өткен жылғы оқиғалардың басты себебі - жұмыссыздықтың жоғары деңгейі болатын. Егер адамның жұмысы болмаса, оның өмір сүру болашағы да жоқ.  Бұл проблема тек Маңғыстау облысы үшін ғана өзекті мәселе емес. Атырау облысында Солтүстік-Каспий жобасының шеңберінде «Болашақ» зауытының құрылысы аяқталып жатыр. Соның нәтижесінде мыңдаған адам жұмыстан босатылады. Оларды қиналтпай, қай жерге жұмысқа орналастыруды ойлау керек. 

Қиыновтың пікірінше, Қазақстан Кеден одағына кіргеннен кейін өткізу нарығы кеңейетіндіктен, өңірде өз өндірісін ұйымдастыруды ұйғарған шетелдік компаниялар зиян шекпейді екен.

 

ӘЛЕМДЕ ТОҒЫЗЫНШЫ

Мұнай және газ тете министрі Берік ТОЛЫМБАЕВ отандық мұнай саласындағы жағдайды сипаттады. Оның айтуынша, қуатталған мұнай қорлары бойынша (5,3 млрд тонна) Қазақстан әлемде тоғызыншы орынға ие екен. Соңғы 20 жыл ішінде мұнай өндіру 3 еседен астам, газ – 5 есеге көбейген. Қазақстан - өндіру шыңына әлі де жетпеген азғана елдердің бірі. Бүгінде игеріліп жатқан кеніштердің арасында – Теңіз, Қашаған, Сәтбаев, «N» учаскелері, Жемчужина, Жамбыл кеніштері бар. Жоспарланған кеніштер – Абай учаскесі, Хвалынское және Центральное жобалары.

- Бұл мұнай өндіруді көбейтеміз деп отырған жобалардың толық тізімі емес, - деп атап өтті Толымбаев.

Тете министр Теңіз және Қашаған кеніштеріне мұқият тоқталып өтті. Ол да, форумның басқа қатысушылары секілді, ТШО-ның Келешек кеңею жобасы туралы көп сөйледі. Өйткені осы жобаға қазақстандық компаниялардың көп бөлігін жұмылдыру жоспарланып отыр. Алайда спикерлердің бірде-бірі, сонымен қатар Толымбаев Келешек кеңею жобасын ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құптамағандығын атамады. Ал ТШО өкілдері сессиялардың бірінде сөйлеген сөздерінде жобалау жұмыстары қызып жатқанын, ал құрылыс жұмыстары биылғы жылдың 4-тоқсанында басталатынын хабарлаған болатын.

Жалпы тете министрдің мәтіні осыдан бір жыл бұрын оның бастығы Сауат МЫҢБАЕВТЫҢ жасаған мәлімдемесін сөзбе-сөз қайталады деуге болады. Атап айтқанда, Толымбаевтың айтуынша, Қашаған жобасының екінші кезеңі айқын емес. Бірінші кезеңге келер болсақ, мұнай өндіруді бастау уақыты бұрынғыша: 2012 жылдың желтоқсаны – 2013 жылдың маусымы боп қалып отыр. №1 кезеңде мұнай өндіру көлемі күніне 370-тен 450 мың баррельге дейін болады деп жоспарланған.

Толымбаев, сондай-ақ, елімізде тағы бір мұнай өңдеу зауытын салу жоспарда бар екенін мәлімдеді, бірақ қай аймақта екенін нақтылаған жоқ.

 

БӘРІ ДЕ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ!

Форумда қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы батыс облыстарының бірінен жоғары технологиялы мұнай-газ жабдықтарын өндіретін біріккен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойды. Оның қай жерде орналасатындығы да аталмады.  

Толымбаев мырзаға оның сөз арасында айтып кеткен болашақ отандық мұнай-химия алыбы – газ-химия кешені жөнінде сұрақ қойған едім. Осы кешеннің жобасы әлі күнге дейін жұртшылыққа таныстырылмағанын естеріңізге сала кетейін. Тете министр жоба бойынша қоғамдық тыңдаудың кешіктірілуін оның күрделілігімен байланыстырды:

- Түсініңіз, бұл технологиялық тұрғыда күрделі жабдық, оған жарты жыл бұрын тапсырыс беріледі, бұл мерзімге жеткізуге кететін уақыт та кіреді.

- Бірақ жоба әлі дайын емес қой, жұртшылық бекіткен жоқ, соған орай мемлекеттік сараптамадан да өтпеді. Сонда қандай тапсырыстар жайында сөз қозғауға болады?

Бұлар детальдары ғана. Бәрі де жақсы болады!  - деп оптимистік тұрғыда мәлімдеген тете министр достық пейілмен иығымнан қағып қойды.

ТШО-ға қатысты жағдайды қоса алғанда, жұртшылықтың пікірі мен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құптамауы мұнайшылар үшін жәй формальдылық қана деп қорытынды жасауға болады.

 

НОРВЕГИЯЛЫҚ ӘДІС

Тағы бір өзекті мәселе –  аталмыш ірі жобалардағы 4 пайыздан аспайтын қазақстандық қамтылу мәселесі болып отыр. Форумда қазақстандық құрам пайызының төмен болуы жоғары технологиялы жабдықтар өндірісінің жоқтығымен, кәсіпорындардағы ескірген өндірістік базамен, білікті отандық кадрлардың жоқтығымен байланысты деп айтылған еді.

Рецепт ретінде норвегиялық тәжірибе ұсынылды. Оны «INTSOK» норвегиялық салалық ассоциацияның аймақтық директоры Шур E БРАТЛАНД таныстырды. Ол сөйлеп болғаннан кейін, «норвегиялықтар өздерінің мұнай қорларын біз секілді емес, ақылмен пайдаға асырады» деп сыбырласып жатты.

Норвегияда кенішті игеру басталғанға дейін қабылданған мұнай туралы заңның өзі неге тұрады. Оның басты принциптерін айтып өтейін:

1. Мұнай қорлары ұзақ мерзімді перспективамен басқарылуы тиіс.

2. Бүкіл қоғам қорлардан пайда көруі тиіс.

3. Қорлар бюджет түсімдерінің кепілі ретінде пайдаланылуы тиіс.

4. Мұнай-газ қорлары  жалпы игілікке, халықты жұмыспен қамтуға, қоршаған ортаға және өнеркәсіптік дамуға пайда әкелуі тиіс.

5. Аймақтық мүдделер ескерілуі тиіс.

Дегенмен Братланд бастапқыда оларда да АҚШ пен Франция компанияларының мүдделері үстем болып тұрған кезде, мұнай секторын «норвегиялау» кезінде қиындықтар болғанын жасырмады.

Норвегиялықтың сөзіне қарағанда, шетелдік жұмыс берушілердің қарым-қатынасын нығайтуға кәсіподақтар қатты ықпал еткен. Экономикалық тиімділікке қауіп-қатер төндірмей, жергілікті компаниялардың шетелдік компаниялар алдында артықшылықтарға ие болуы да рөл ойнаған.

Тағы бір маңызды жайт: профильді министрлік мұнай жобаларындағы тендерлік процесстерге мұқият мониторинг жасап отырған. Сондықтан норвегиялық сервистік компаниялар тендерлер бойынша қажетті ақпаратты уақытында алып отырған. Бүгінде Норвегия әлемдегі мұнай және газ бойынша үшінші экспорттаушы боп табылады. Мұнай-газ секторы технологияны дамытуға, жоғары қосылған құнды тауарлар мен қызметтер өндірісіне бағытталған.

 

«ОТКАТТАР» МЕН «АДВОКАТТАР»

Біздегі ақиқат мынадай: отандық сервистік компанияларға тендерлік ақпаратқа және ірі мұнай-газ жобаларындағы стратегиялық жоспарларға жол жабық. Сервистік компаниялар форум сессиясында осы тұрғыда шағымданды.  Дегенмен, олар спикерлер тарапынан аса бір қолдау таппады. Ал қазақстандық өндірушілердің құқығын қорғауға міндетті ұйымға басшылық ететін танымал адамдардың бірі ТШО-ны бар ынтасымен қорғай жөнелді.

Форум сыртында бизнесмендер тендерлік процедуралардағы сыбайлас жемқорлыққа, ұлттық және шетелдік компаниялардағы «откат» жүйесіне наразылық білдірді. Соған қарағанда «майлы» үлестерді күмәнді шетелдік фирмалар немесе отандық ұлттық компаниялардағы «ағайлардың» үлестес кеңселері иеленіп алады.

Біздің кәсіпкерлерді Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін дүниежүзілік тауарлар мен қызметтер өндірушілермен бәсекелестікке түсуге тура келген кезде, қанаты қатаймаған отандық өндіруші немесе сервистік компаниялар аяқтарынан тұрып кете ала ма деген сұрақ алаңдатып отыр. Осы қиындықтарды бастарынан өткерген норвегиялықтардың айтуынша, бұдан шығатын жол - ел аумағында біріккен кәсіпорындар құру.

Форумның соңғы күнінде Маңғыстау облысының әкімдігі, ҚМГ және шетелдік компаниялар Жаңаөзен қаласында индустриалды бақ құру және «Ақтау теңіз айлағы» ЕЭА базасында басқа жаңа өндірістер құру жөніндегі меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, ҚМГ, ТШО, НКОК және ҚПО ірі мұнай-газ операторлары арасында бірлескен іс-қимыл туралы Ақтау декларациясына қол қойылды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

3 қазан 2012, 21:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.