Атырау, 26 желтоқсан 19:55
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«Болашақтың» болашағы бұлыңғыр

4 599 просмотра

Атыраудағы бос орындар жәрмеңкесі. "Болашақтықтар" бұлардың кебін кимегенмен, оларды құшақ жая қарсы алар ешкім жоқ.

 

Президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқытылған түлектерді жұмысқа орналастыру проблемасы бүгінде жоғарғы билікте қызу талқылануда. Мемлекет оған көп ақша жұмсап отыр, ал шетелден білім алып келген жастар өз отандарынан жұмыс таба алмай жүр деген мәжілісмендер бұл бағдарламаға күмән келтіріп отыр. Мұндай сын баяғыдан айтылып жүр. Бұрын «болашақтағылар» шетелде тұрақтап қалады, ал өз елдерінде отандық кәсіпорындардан гөрі трансұлттық компанияларда жұмыс жасағанды жөн көреді деп бағдарламаға мін тағылған болатын.

2011 жыл басталғанда «Болашақ» бағдарламасы бойынша Атырау облысынан 27 адам өткен (оған қоса 5-уі қазіргі уақытта оқып жатыр). Жастар Ресейдің, Қытайдың, Ұлыбритания мен АҚШ-тың беделді оқу орындарын рейтингілік мамандықтар: мұнай және газ инженерлері, экономистер, маркетинг мамандары және т.б. бойынша бітірген еді.

Бүгінде оның тоғызы «ТШО», «Акер Солюшнз», «Аджип ККО», «Шлюмберже» және т.б. компанияларында жұмыс істейді. Үшеуі облысымыздан тысқары жерде тұрады. Тағы сегізі, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира ШАКИРОВАНЫҢ айтуынша, ол телефон арқылы хабарласқанда, жұмысқа орналасу үшін көмекке мұқтаж емес екендіктерін мәлімдеген. Қалған жетеуі лайықты жұмыс таба алмағандықтарын айтып, жұмыспен қамту басқармасына өз түйіндемелерін жіберген.

«Мен олардың әрқайсысымен сөйлестім. Білімді, тәрбиелі түлектер жақсы әсер қалдыра білді. Батыста психологиялық тренингтер текке өткізілмейді ғой,- дейді Г.Шакирова. – Содан соң олар өздеріне сенімді, өздерін жоғары қоя біледі. Алайда бұлардың барлығы бірден басшы болғылары келеді деген тұжырыммен келіспес едім – олар өз мамандықтары бойынша және лайықты жалақысы бар жұмыс істеуді мақсат еткен. Ал бүгінгі күні, өкінішке орай, түлектер үшін мұндай орындар жоқ. Бес жыл бұрын осындай білімі бар әрі ағылшын тілін білетіндерді таласып алатын. Ал енді нарық бүгінде осындай мамандармен толыққан, өйткені бүгінгі күні шетелде оқу көпшілік үшін қолжетімді болды. Бұдан басқа жұмыс берушілер жұмыс тәжірибесі бар маманды жұмысқа алғанды жөн көреді. Ал «Болашақ» түлектерінде тәжірибе жоқ. 40 000 теңге жалақысы бар аудармашы жұмысы және басқа ұсыныстар олардың деңгейіне сәйкес келмейді».

ЕЛУ СҰРАНЫСҚА БЕС ЖАУАП

Жастардың өздерінің айтуынша, оқу бітіріп келген кезде оларға жақсы жұмыс табу қиынға түспейді деп ойлаған. Жұмыс берушілер олардың «Болашақтан» алған білімдерін түкке алғысыз еткенде қатты көңілдері қалған.

Әділбек МҰРСАЛИЕВМанчестер университетін (Англия) 2010 жылдың маусымында инженер-мұнайшы мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Ол сол жақта үш жыл оқыпты. Әділбектің айтуынша, ол әуелі өзіне «демалыс» жасап алатын кейбір қазақстандық «Болашақты» бітірген түлектерден айырмашылығы - бірден жұмыс іздеуге кіріскен. ¤з түйіндемелерін 50 компанияға жіберген кезде, тек оның бесеуінен ғана жауап келген. Олардың бірде біреуі мамандығы бойынша жұмыс ұсынбаған.

-  «Уорли Парсонсқа» әңгімелесуге барғанымда, жобалаушы емес екенімді ескерткеніме қарамастан, маған жобалау бойынша сұрақтар қоя бастады. Әрине, мен оларға сай келмедім. Менімен бірге оқыған достарым да осындай проблемамен бетпе-бет келіп жүр. Біреуі ұзақ жұмыс іздегеннен кейін, әйтеуір «Шлюмбержеге» орналасты. Ал екіншісі мамандығына сай келмейтін жұмысты жасауға мәжбүр болып отыр. Енді менің де жолым болып, «Аджип ККО» компаниясына жұмысқа орналасып жатырмын».

- Жұмысқа қатысты проблема тек «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған жастарда ғана емес, қазақстандық жоғарғы оқу орындарын бітірген түлектерде де туындап отыр. Англиядағы жергілікті және басқа елдердің студенттерімен араласып тұрған боларсыз. Ол жақтағы жұмысқа орналасу мәселесі қалай екен?

- Оларда түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі мемлекеттік деңгейде шешіледі. Бірінші-екінші курстарда студенттер профильдік кәсіпорындарда сынақ мерзімінен өтеді. Ол жерде өндіріспен танысады. Бізде осы мәселемен – инженер-мұнайшыларды сынақ мерзімінен өткізіп, әрі қарай жұмысқа орналастырумен «Қазмұнайгаз» айналысуы тиіс. Ал іс жүзінде мен ол жерге өз түйіндемемді жібере алмадым: олардың сайтында тиісті ақпарат жоқ боп шықты. «Аджип ККО» мен басқа компаниялардың сайттарында байланыс деректері көрсетілген. Ал менің досым Астанаға тікелей «Қазмұнайгаз» кеңсесіне барған екен, бірақ оны тіпті ғимаратқа кіргізбепті де.

ТҮЛЕК «ЖҰМЫС ТӘЖІРИБЕСІН» ҚАЙДАН АЛМАҚ?

Осындай проблемамен Ньюкасл (Англия) университеті магистратурасының түлегі құлсарылық Жайна БЕКЕНОВА да бетпе-бет келген. Қыркүйек айында еліне оралған Жайна, бір айдан кейін жұмыс іздей бастаған. Түйіндемесін Атырау облысындағы барлық танымал компанияларға жолдап, басқа да «Болашақ» түлектерімен бірге Ақтау қаласындағы «Мұнай. Газ. Инфрақұрылым» деп аталатын аймақтық көрмеге де барған.

- Көрмеде «Shell», «NCOC», «FMC Technologies», «Technip» және т.б. ірі мұнай компанияларының өкілдерімен кездестік. Олардың көпшілігі біздің біліміміз, сондай-ақ жұмыс тәжірибеміз туралы сұрады. Оқуды жаңа бітірген түлектерде ол қайдан болсын? Менің досымды, мәселен, осы себепті жұмысқа алудан бас тартқан. Жұмыс беруші ол жігіттің керемет білімі мен қабілеті мол екендігіне қарамастан, жұмыс тәжірибесі бар үміткерді таңдаған, - дейді Жайна. – Сондықтан компанияларда түлектер үшін бір жағынан оқытатын, екінші жағынан практикалық дағдыларды үйрететін жеке бағдарлама жұмыс істеуі тиіс деп ойлаймын. Мұндай бағдарлама, мәселен, Аджип ККО, Petrom (Румыния) компанияларында қарастырылған. «Болашақты» бітірген магистранттар қазақстандық жоғарғы оқу орындарын бітіріп, содан соң бірден шетелге оқуға кеткен 21-23 жастағы жастар ғой. Шетелде магистратураға әжептәуір жұмыс тәжірибелері бар анағұрлым ересек буын өкілдері барады. Мәселен, магистратурада бізбен бірге 27-28 жастағы студенттер оқыды. Олар үшін оқу ақысы шетел азаматтарына қарағанда үш есе аз.

- Ал сенде жұмыс мәселесі қалай болды?

- Бәлкім, менің мамандығым - біздің аймағымыз үшін өте қажетті теңіз мұнай-газ құрылысын жобалаушы болған соң шығар. Қараша айында мені «Акер Солюшнз» компаниясы әңгімелесуге шақырып, желтоқсан айында техникалық ассистент жұмысына қабылдады. Ал келесі вахтада инженер ретінде жұмысқа кірісемін.

«Болашақ» түлектерінің күтетін жалақылары туралы: олардың бәрі 1 мың доллардан басталатын жалақыға үміттенеді. Алайда олардың айтуынша, мәселе ақшада емес, оны мамандықтарына сәйкес келмейтін жұмыста да таба алады. Бастысы – мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, мансап баспалдақтарымен көтерілу мүмкіндігіне ие болу. Г.Шакированың айтуынша, сондықтан да болашақтықтар аталмыш жағдайларға кепілдік беретін салмақты компаниялардан ұсыныстар болады деп шыдамдылықпен күтуде.

- Көктемге қарай жаңа жобалар ашылатын болады, олардың барлығын да жұмысқа орналастыра аламыз деп ойлаймын, - деді Г.Шакирова.

ЖҰМЫССЫЗ 300 ТҮЛЕК ПЕН «ҚАЙТА БЕЙІМДЕЛУ ФАКТОРЫ»

Керемет жұмысқа орналасуға кепілдік бермейтіндігі анықталған президенттік бағдарлама бойынша оқытуға мемлекет көп қаржы жұмсап отыр. Британдық магистратурада оқу курсы, түлектердің айтуынша, 13 000 фунт (3,25 млн. теңгеден астам) құрайды екен. Ал ай сайынғы шәкіртақы 300 000 теңгеге дейін болады. Ал бұдан бұрын Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы орталығының президенті  Саясат НҰРБЕК мәлімдегендей, 300-ге жуық түлектер шетелден алған керемет білімдеріне қарамастан, өз отандарынан жұмыс таба алмай отыр. Оның айтуынша, жастардың көпшілігі жұмысты тек елдеріне келгеннен кейін 5-6 айдан соң ғана табады. Бұл көріністі Нұрбек студенттердің «қайта бейімделу факторы» деп атады. Барлығы, Орталық мәліметтері бойынша, 2011 жылдың 1-ші қаңтарында мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 мың қазақстандық студент шетелден білім алған. Олардың көпшілігі ұлттық холдингтер мен жеке бизнес-құрылымдарда жұмыс істейді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

16 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.