Атырау, 22 қараша 04:52
 бұлттыВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Құлдықтан құтылған Толик

Сурет Бейнежазба
5 062 просмотра


Енді оны Атырау түгел таниды. «Дина» базарының маңында аяғы жоқ, мүгедек арбасына таңылған бұл жігіт өзін құлша ұстап, қайыр тілетіп, жинаған ақшасын сыпырып отыратынын әңгімелеген бейнежазбадан соң ол Атыраудағы «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығының» тұрғынына айналды. «АЖ» тілшісіне онымен  сұхбаттасудың сәті түсті.

- Қазір сіздерде тұрып жатқан дәл сол  «Дина» базарындағы мүгедек жігіт пе? – деп сұрадым мен  Орталық директоры Өміржан ЖҰМАНИЯЗОВТАН.

- Иә, енді оны да біздің отбасымыздың бір мүшесі болды деп айтуға болады. Қазір оның жағдайы жақсы, мүгедектерге арналған бөлмеде тұрып жатыр, қасында тағы да үш адам бар. Жас жігіт, оның тағдыры туралы сіздің газетіңізден оқыдық. Таңертең бәрінен бұрын ерте оянып алады, тамақты жақсы ішеді, суға да жиі түседі. Кейде арбасымен аулада қыдырады. Қазақша да, орыс тілінде де жақсы сөйлейді.

- Мен онымен сөйлесе аламын ба?

- Әрине, егер оның өзі қарсы болмаса.

…Жігіт кереуетте, терезеге қарап ойланып отыр екен. Таза киінген, сөзі де дұрыс. Сөйлесуге бірден келісе кетті.

- Мен – Анатолий Саяпин, барлығы мені жәй ғана Толик деп атайды. 1990 жылы Шымкентте туғанмын. Туғаннан мүгедекпін, аяқсыз дүниеге келіппін. 10 жасқа дейін анаммен бірге тұрдым, кейін ол мені мүгедектерге арналған интернатқа берді.

- Оған ренішің бар шығар?

- Жоқ, анаңа қалай ренжисің? Мүгедек адаммен бірге өмір сүру қиын ғой. Иә, ол менің өмірімнен жоғалды, кейде оны іздейтін кездерім болады.  Бәлкім, бір кездері кездесіп те қалармыз, кім біледі?.. Анамнан басқа туғандарым жоқ.

- Атырауға қалай келдің?

- Жасырмай-ақ қояйын, Шымкентте де қайыр сұрап жүрдім. Қалай болғанда да өмір сүру керек қой. Кейін вокзалда Атыраудан келген әйелдермен таныстым. Гүлзат пен оның қызы Жейран. Бірінші рет Атырауға 2010 жылы келдім: қайыр сұрап отырдым, жинағаным аз болған жоқ, кейін ақшамен Шымкентке кері кеттім. Алайда, осы келгенде манағы әйелдердің қолына құлдыққа түстім. Бастапқыда олар ақшаны пәтерге кезекке қоямыз деп алды. Ал, кейін қорқытып, ұрып-соғып алатын болды. Гүлзат «егер тыңдамасаң, жігіттерге айтып мойыныңды үздірем, бұл жерде менің мықты таныстарым бар» деді. Мен өз өмірім үшін бағынуға мәжбүр болдым.


- Сен өзіңнің жағдайың туралы біздің газетке өткен жылдың күзінде айтып беріп едің ғой. Сол кездегі мақаладан соң ештеңе өзгермеді ме?

- Ол кезде – жоқ. Мен полицейлерге өзімнің жағдайымды айтып бердім, бірақ, олар менің әкімшілік 449-бап бойынша қоғамдық тәртіпті бұзып отырғандығымды түсіндірді. Мен туралы мәліметтерді жазып алды да кетіп қалды. Сол кезде ештеңе өзгермеді.

- Соңғы бейнежазбадан соң не өзгерді?

- Мен бұл бейнежазбаны ашынғаннан жаздырдым. Қайырымды азаматты кездестірдім де одан көмектесуін сұрадым. Ол маған көмектесті. Кейін полицейлер, тергеушілер келді, ұзақ уақыт сұрақтың астына алды, содан осы орталыққа алып келді. Тергеуші маған менің құлдықта жүрмегендігімді, менің бостандығымды ешкімнің шектеп жатпағандығын түсіндірді. Сонда бұл не «құлдық»?

- Ұйымдасқан қайыр сұраушылық - үлкен бизнес дейді ғой?

- Өзіңіз ойлап қараңыз, егер әрқайсысынан 10 теңгеден алып отырса.

- Қайда және қалай тұрдыңдар?

- Пәтерде мен секілді бес адам тұрдық, бірақ, соңғы кезде Гүлзаттың қызы үйге өзінің достарын шақыратын болды, одан бізге ыңғайсыздық туды, күнде у-шу. Апталап жуынбайтын болдық, мына орталықта мен күн сайын жуынамын. Орталыққа тап болғаныма қуанамын. Ақыры қылмыстық іс қозғалды ма, әлде жоқ па?

Мен оған Қылмыстық кодекстің 126-бабы - «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасалған біздің мақаламызды көрсеттім.

- Иә, мен әділдікті қолдаймын, ол адамдар жазасын алу керек, - дейді Анатолий.  – Адам секілді өмір сүруді қалаймын... Айтпақшы бір айдан соң менің туған күнім, орталықта жақсы адамдармен бірге қарсы алатыныма өте қуаныштымын.


Фархат ӘБІЛОВ

Сурет және бейнежазба автордікі

7 мамыр 2019, 16:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.