ҚР Білім және ғылым министрі ауысқан сайын елімізде білім бағдарламасының да ауысатыны үйреншікті жағдайға айналды. Жаңа ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова келесі оқу жылында әліппе қайта оралады деп қуантты. Соңғы жылдары бастауыш сыныпқа дайындалған арнайы оқу бағдарламасы жөнінде бірқатар наз түсіп жатқандығы анық. Бұрынғы кеңестік оқу бағдарламасын аңсайтындар да бар. Біз соңғы жылдары қолданыста болған бағдарламаларды салыстырып көрдік.
Жоғары санатты мұғалім Алмагүл ЕСЕНИЯЗОВАНЫҢ пікірінше, бағдарламаларда өте үлкен айырмашылық бар. Көп терминдер пайда болды, оқулықтардың мазмұны өзгерді, ондағы тақырыптар да ғылыми тұрғыда беріліп, кіші жастағы балалардың дүниетанымына баламаланып ұсынылып отыр. Бұрын жоғары сыныпта оқу бағдарламасына енген ұғымдардың қайсыбірін бастауыш сыныпта бастап оқытып жатырмыз. Соңғысының ерекшелігі – оқудағы шынайылықты өзгеше түсіну және өзгеге түсіндіру, адамды өз көзқарасымен, әрекетімен шешім табуға жетелейді. Шынайы өмірдегі қажеттіліктерді өтеу үшін өз білімін қару етуге итермелейді.
- Даму үшін білу, білу үшін оқу, оқу үшін іздену керек. Дайын білімді қабылдау қашанда оңай, ал еңбектеніп, тұшынып алған білім өмірлік азық болады. Бағдарлама тек қабілетті балаларға арналған деген тұжырымға келісе алмаймын. Өйткені басқа балалардың қабілетті деген балалардан еш кемдігі жоқ. Бастысы, үйретуші мықты болса, яғни тәлімгерлік шеннен түсіп оқушымен тең дәрежеде білім таластыратындай жағдай туғыза алса, қайсыбір оқушы да үлкен жетістіктерге қадам жасай алады,- дейді ұстаз.
ЕҢ АЛДЫМЕН АНА ТІЛІНДЕ БІЛІМ АЛУ КЕРЕК
Қазір бастауыш сыныптарда ана тілінен өзге орыс тілі және ағылшын тілі қатар беріліп жатыр. Алмагүл апайдың пікірінше, баланың өсіп-өркендеуіне тілді білген дұрыс шығар, дегенмен алдымен ана тілін білген дұрыс. Өз халқының, туған топырағының салт-дәстүрін білу, ауыз әдебиетімен сусындау, әдеп-ғұрыптарды білуі ең басты алғышарт болуы керек.
- Осы үш тілдің қатарынан ерте жастан берілуі баланың сөйлеуде дыбыстарды анық айтпауына, оларды ажырата білмеуіне, естіген дыбысты жаза алмай қиналуына алып кеп тұрғанын күнделікті өз тәжірибемде көріп отырмын. Бұның салдары рухани аштыққа апаруы әбден мүмкін. Сол себепті ата-аналар баласының қай тілді сөйлегенде де анық, бөтен сөзді араластырмай, таза сөйлеуіне баса назар аударып, қатесі болса сол бойы түзетіп отыруы тиіс. Балаңызбен әңгімелесіңіз, ойын сұраңыз, таза сөйлеп өзіңіз үлгі болыңыз. Балалардың көпшілігі жүйелі әңгіме жүргізе алмай, сөйлемді құрастырып жеткізе алмай, оқыған шығармасының мазмұнынын қорытындылай алмай жатса, алдымен ол баламен әңгімелесе алмаған үлкендер кінәлі боламыз,- дейді А. Есениязова.
САУАТ АШУ МЕН ӘЛІППЕ ОҚУЛЫҒЫНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Тәжірибелі мұғалімнің пікірінше келесі өзгешеліктер бар:
1. Сыртқы қатты мұқабасының ықшамдалуында.
2. Әліппе оқулығында бірден қазақы түсінікпен ұсынылған әліпби берілген. Ол оқушыға әріптің атауын тез ұғуға мүмкіндік береді.
3. Жаңа оқулықтың құрылымы 6 жасар бала санасына күрделі тиеді, әрі оны жалықтырып жібереді. Себебі, сауат ашу пәні оқу мен жазу кіріктірілген пән болғандықтан, жазуды үйренуге уақыт тапшылық етеді. Ауызша, яғни вербалды түрде ересектердің "тыңда" деп оқи беруі де баланы мезі етеді. Олар ойын баласы, сондықтан мәтіндер қысқа, әрі аз болса дұрыс шығар.
4. Әлі әріпті меңгермеген баланы сөз, сөйлем сызбасымен, әрі сол сөздегі дауысты, дауыссыз дыбыстарды атап тауып белгілеу өте күрделі процесс деп есептеймін.
5. Сауат ашу оқулығы әліппе оқулығына қарағанда күрделі тапсырмаларымен ерекшеленеді. Әліппе оқулығы ықшам, әрі оқығанда баланың көзіне, санасына кері әсер етпейтін бояулы суреттермен берілген.
6. Әліппеде білім алушының жүрдек оқып қалыптасуы үшін басқа бөтен, басы артық тапсырмалар берілмеген. Өкінішке орай, сауат ашу оқулығынан көп тапсырмаларды орындау барысында жазу сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік болмай қалады. Оқулық сыни тұрғыдан ойлануға құрылған. Дегенмен үйден балаға бірден-бір көмекші ата-ана екенін ескерсек, әдістемелік оқыту білімі жоқ ересектер балаға көмекке келе алмай қалады.
7. Оқушының жас ерекшелігіне сай оқыту мәтіндері әліппеде жазу үлгісімен қатар беріліп, оқу мен көшіріп жазу үйлесімді іске асады.
Яғни, әліппенің қайтарылуы дұрыс болатын шығар.
Венера ӨТЕП, С. Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің студенті