Атырау, 26 қараша 00:40
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Пауеден Сақауов: «Боец» телеарнасына шықсам деген арманым бар»

4 052 просмотра

30 қаңтарда  Лос-Анжелес қаласында карате-до кекушинкай бойынша өткен АҚШ ашық чемпионатында Пауеден САҚАУОВ үшінші орынды жеңіп алып, «Ерекше техникасы үшін» деген жеке жүлдеге ие болды. Біз спортшы жігітпен және оның бапкері Таңат НҰРЫМОВПЕН кездескен едік.

- Пауеден, карате-до кекушинкай спорттың ең бір жарақат алатындай түрлерінің бірі ғой. Бұған сенің ата-анаң қалай қарайды?

- Әрине, олар мені уайымдайды, бірақ, спорттың бұл түрін қалай да таста деп ешқандай талап қойып отырған жоқ. Біз көпбалалы отбасымыз. Торговая базада тұрамыз. Осыдан 9 жыл бұрын мені ағаларым карате секциясына алып келді. Олар мені әлжуаз болып өседі деп қорыққанға ұқсайды. Мен жаттығып жүріп, міне, чемпион болдым. АҚШ ашық чемпионатындағы үшінші орын- менің өмірімдегі есеп бойынша екінші орын болып табылады. Негізінен мен жарыстардан тек "алтын" ғана әкелетінмін.

- Таңат Сыбанғалиұлы, Пауеден қашаннан бері облыс құрамасында штатты нокаутер болып келеді?

- Иә, желтоқсан айында Астраханда өткен «Каспий кубогі» үшін болған жарыста Пауеден айқас алаңына төрт рет шықты, соның бәрін нокаутпен аяқтады. Алайда, ол нокаутер емес. Мен оның техникасын қатерлі қателіктегі қарсыласының қарымтасын қайтару деп атар едім. Әрине,  карате-до кекушинкайда көптеген «мамандар» бар. Еш ауырғанды сезінбейтін спортшылар, үздіксіз соққы бере беретіндер де бар. Пауеденнің техникасы сөзсіз қорғануға және нақты қарсы соққыларға негізделген. Оның жасы 18-де, ол енді ғана ересектер арасына шығып жүр. Өткен жылғы Азия чемпионатында ол ширек финалда даулы белдесу кезінде жапондық Накамураға чемпиондық беріп қойған еді. Жапония құрамасының бапкерлері турнирдің бейнатаспасын қарап шығып, Накамура үшін бір ғана қарсыластың болғандығына көздері жеткен. Ол біздің Пауеден болатын . Нәтижесінде біздің жігітімізге «Ерекше техникасы үшін» деген жүлде табыс етіліп, ол үстіміздегі жылдың маусым айында өтетін Жапонияның ашық чемпионатына шақырту алды.  

- Карате-до кекушинкайда қарсыластар бірін-бірінің кеуде тұсына қатты соққы беруге тырысады. Ондай өте ауыр соққыға қалай төзе білесің?

- Барлық каратешілер кеуделерін соққымен қатайтады, ал, ішті іштің бұлшық еттерін жаттықтыру арқылы қатайтады.

- Мен автобустардан дөңді жұдырықты жігіттерді көп кездестіремін. Ондайды жастар арасында «картошка» деп атайды. Қараймын, сенің жұдырықтарың кәдімгідей-ақ қой?! Оның құпиясы бар ма?

- Соққының күші жұдырыққа қарамайды, иық пен иық бұлшық еттерінің, яғни, киім астында жасырынған күшке байланысты болады. Демек, пианинашының жұдырығы бола тұрып, дұрыс және күшті соққыларды бере білу керек.

-АҚШ чемпионатында жекпе-жектің қалай өткенін айта кетсең?

- Мен барлығы 4 рет жекпе-жекке шықтым. Оның үшеуінде жеңіске жеттім. Мәртебесіне қарай бұл жарыстар әлем чемпионттарына жақын. Сондықтан да бұл жерде әлсіз қарсыластар болған жоқ. Бірақ менің ойымша жартылай финалда маған  төрешілер әділ болмады деп айта аламын. Алғашқы айқасты мен Польшадан келген өкілмен бастадым. Ол менен ірі болды, сондықтан да мен оны таза техникалық жақтан жеңе алдым. Екінші айналымда мен Чикагодан келген өкілмен кездестім. Қарсыластың аяғына тепкен екінші соққым маған жеңіс әперді. Жартылай финалда мен жергілікті кекушин жұлдызы Америка спортшысы жапондық Ниетой Тайсонмен кездестім. Мен оның кеуде тұсынан бірнеше соққы бердім, ол көбелектей төмен ұшып, осылайша дем алып отырды. Жекпе-жек аяқталғанда екі жақтағы төреші дауыстарын оған берді де қалған екеуі маған берді. Қосымша уақыт беру керек болғанымен бас төреші өз дауысын менің қарсыласыма берді. Польша мен Румыния құрамалары отырған трубинадағылар өздерінің төрешілер шешімімен келіспейтіндіктерін білдіріп, айқайға басты. Ал, қарсы жақ болса, «Ёки, Ёки!» деп дауыстады. Есесіне мен, үшінші орын үшін болған жекпе-жекте қарсыласымды нокаутқа құлаттым. Маған «Ерекше техникасы үшін» деген жүлдені берді. Мен бұған өте қуанышты едім, өйткені мен өз техникамды көрсете білдім. Көрермендер арасында кино жұлдыздар да отырды, олар маған өз қошеметтерін білдіріп қолдарын соқты, тіпті, біреуі менімен суретке де түсіп үлгерді және ол ендігі түсетін киноларында менің әдістерімді міндетті түрде қолданатындығын айтып кетті. Сол сәт өзі керемет болды.

- Ал, қазір сен немен айналысып жүрсің?

- Орал қаласындағы университеттің қаржы факультетінде сырттай оқимын. Қазір өзімді Жапонияда өтетін ашық чемпианатқа қатысуға дайындап жатырмын. Жапониядағы чемпианатта жеңіске жету менің өмірдегі ең басты мақсатым. Онда Бразилияның, Ресейдің және Жапонияның ең мықты деген каратешілері болады. Олардың барлығы да «Боец» телеканалы көрсетіп жатқан мықтылар. Осы каналдан көрінсем деген арманым да бар.

- Ендігі сауалымызды жаттықтырушыға қойсақ: Қалай ойлайсыз, бәлкім , басты чемпионатта жеңіске жету үшін бойға күшті жинап, ешқандай жарыстарға қатыспаған дұрыс болар?

- Жоқ, керісінше, жазға дейін ірі турнирлерге барынша көп қатысып отыру керек. Біз қалай болғанда да 5 наурызда Астанада өтетін ТМД Кубогіне қатысатын боламыз. Мәскеуге Ресей чемпионатына барамыз. Мұндай жарыстар Пауеден үшін  қауіпті емес. Ол осыдан 2 жыл бұрын Санк-Петербургте Ресей чемпионатында үшінші орынды жеңіп алған болатын. Осы сәтті пайдаланып, мен бізге демеушілік көрсеткен Әлімова Іңкәр Советқызы мен Юлдашев Расулжан Юлдашевичке  АҚШ чемпионатына бару сапарын ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білддіргіміз келеді.

- Таңат Сыбанғалиұлы, өз тәрбиеленушіңіздің болашағы туралы не айтасыз?

- Пауеден күні бүгінгі менің ең таңдаулы деген оқушым. Одан да мықтылары болды. Мәселен, Азия чемпионы, Қазақстанның 14 дүркін чемпионы, Қырғызстан чемпионы Ұлдай Санатова. Басқалары да болды. Өкінішке орай, олардың спортпен шұғылдануы есейе келе қалып қояды. Олар мектепті, институтты бітіріп, мамандықтарын алған соң спорттан кетіп қалады. Өйткені, каратеден өмір сүру үшін қаражат таба алмайды. Біздің елімізде каратенің А класы бойынша спортшыларды дайындау дұрыс жолға қойылмаған. Пауеден тіпті, Жапониядағы чемпионатта жүлделі орын алса да, ол тек балалардың жаттықтырушысы ғана болып қояды. Ресейдегідей біздің елімізде де каратеге деген көзқарас өзгерсе ғой. Онда жастарды жарнама үшін емес, спорт залдарда дайындайтын болады. 

- Сіздерге сәттілік тілеймін!

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген  В.Истомин

10 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.