«Большая перемена» атты комедиялық фильм бәріңіздің есіңізде болар. Жұмысшы жастарға арналған кешкі мектепте әкесі мен қызы, ерлі зайыптылар оқитын еді ғой. Тіпті аты шулы ересек оқушы Ганжаның жары өзіне мұғалім болатынын да қайдан ұмытайық. Ал өзінен дардай үлкен әрі түйдей құрдас болып келетін оқушыларының оқу үлгерімімен бірге, тәртібін түзеймін деп алысқан оқытушы ағай ше? Байғұстың әбден қиналғаны көз алдымызда... Дәл осындай оқиғаға ұқсас келетін жағдай бүгінде Атырауда да бар. Бірақ, ол кинодағыдай күлкіге құрылған емес. Күйініш пен өкініштен тұрады.
ЕШТЕН ДЕ КЕШ ЖАҚСЫ
Қаладағы жалғыз кешкі мектептің негізі 1949 жылы қаланды. Сұм соғыстың кесірінен білім ала алмаған ересек жандар оқуды бастауыш мектептен бастауға мәжбүр болды. Бұрын кешкі мектеп «Жилгородок» қалашығындағы қазіргі Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейдің орнында болатын. Оқу да кешке жүретін. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының (бұрынғы Гурьев мұнай өңдеу зауыты) 70 пайызға жуық жұмысшылары осы мектептің оқушылары еді. Қазір ол мектеп - №8 мектеп жанындағы бұрынғы екі қатарлы балабақшаның ғимаратында орналасқан. Күрделі жөндеу көрмегелі қашан. Одан бұрын жаңа ғимаратқа сұранып-ақ тұр. Бәрі қаражаттың жоқтығына тіреледі кеп. Бөлінген қаржы болса, майлап-сырлаудан артылмайды. Негізінен, мектеп 200 орынға арналған. «Соңғы екі жылда мұнда келетін жастар саны артып отыр» дейді ұстаздар. Қазір мұнда 193 оқушы, 14 мұғалім бар.
Аталмыш №1 кешкі мектеп ашылғалы бері жұмыс істеп келе жатқан орыс тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі, ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі меңгеруші Татьяна ОСТЕРЕНСКАЯ өз саласын жанындай сүйеді. Ол осы мектептегі өзінің оқушысына тұрмысқа шыққандығын айтады. Мұндай жағдай оның бірнеше әріптестерінің басында бар. Татьяна Григорьевнаның айтуынша, ертеректе Атырау облысы бойынша кешкі мектептің 6 филиалы жұмыс істеген. Үш-төрт жыл бұрын олар да жабылып, біреуі ғана қалды. Онда да атауы жоғарғы сынып оқушыларының мектебі болып өзгертілді. Өзге мектептерден бір айырмашылығы – оқушылар мұнда таңертең ғана емес, кешкі уақытта да келіп оқи алады. Алыстан келетіндер үшін сабақ кестесі таңғы уақытқа белгіленген.
Кезінде аталмыш мектепті аттай 20 жыл басқарған Аркадий Тепленький кешкі мектепті «Жастар - білім орталығы» деп атау идеясын ұсынғанда, оны жергілікті шенеуніктер қолдамаған көрінеді. Ал идея авторы орталықтың міндеті - жастарға орта білім берумен шектелмей, кәсіптік мамандық алуға да мүмкіндік беретін жағдайда болса деп бастама көтерген.
Жалпы, бүгінге келсек, қазір кешкі мектепте 37 жастағы үш баланың әкесі білім алуда. Ол осында ересек оқушылардың ішіндегі ең ересегі саналады. Көбіне-көп кешкі мезгілде оқитындар жасы 18-ден асқан жұмысбасты жандар. Одан бөлек, кешкі мектепте әсіресе, 9-сынып бітіріп оқуды тастап кеткендер, тәртібі нашар немесе колледжге оқуға 11-сыныпты бітірді деген аттестат алу үшін ғана оқуға келетінін айтады мұғалімдер. Ал қыз балалар ерте тұрмысқа шыққандықтан жәй мектептен кешкі мектепке ауысуға мәжбүр. Кейде жәй мектепке бармай жүрген балаларды осы кешкі мектепке ауыстыруға тура келеді.
- Ертең №8 мектептен бір бала келеді. Бір апта бізде оқиды. Біз «қарап көр, мүмкін саған ұнамайтын болар» дедік. Кері мектебіне кетер деп ойладық. Оның оқу үлгерімі нашар, білім деңгейі төмен екен. Тұрмыстық жағдайы да шамалы, - дейді кешкі мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Миллят СИСЕНОВА. Бұл мектепке келетін жасөспірімдердің отбасылық әл-ауқаты әлсіз және түрлі қиын жағдайға тап болғандар деп түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі кезде Авангард ықшам ауданынан келетін балаларды айтпағанда, Бесікті, Ақжар, Геолог поселкесінен қатынайтындар үшін мектепке жетудің өзі қиынға соғып отыр. Ал мектептің оқушы екендігін растайтын анықтама қағазы былайғы автобустарда болмаса, «Газельдерге» «билігі» жүрмейді. Онда да 30-дан асқан ағайдың 10-шы не болмаса 11-ші сынып оқушысы екендігіне кім сене қойсын?
ЖҰМЫСҚА ТҰРУ ҮШІН АТТЕСТАТ КЕРЕК
Кешкі мектеп жастарды 14 жастан, яғни 8-сыныптан бастап оқытады. Мәселен, қазір 21 жастағы жігіт 8-сыныптың оқу бағдарламасын меңгеруде. Мұғалімдер оның тілі мүкістеу болған соң, бұрын интернатта оқығанын айтып отыр. Миллят Инхайқызы кешкі мектептің жалпыға бірдей білім беретін мектеп болып атанғалы мұндағы оқушылардың да бірыңғай ұлттық тест, мемлекеттік емтихан тапсыратынын сөз етті. «Бізге оқушының аттестатын қолына алғаны қажет. Биыл қалай болатынын білмейміз. Былтырғы жылдары емтиханды баласын жетектеп немесе жаңа босанған нәрестесімен бірге келіп тапсырған қыздар болды. Биыл 1-наурызда 9-сыныпты бітіретін оқушылар мемлекеттік емтихан тапсырмақ. Оқушылардың білім деңгейі төмен көрсеткіш көрсете ме деп қорқамыз» дейді ол. Және, «Бізде мектеп бағдарламасы басқаша болғанымен, жалпы білім беретін мектептерге қойылатын талаптармен бірдей. Бірақ ол талап бізге қиын. Мұндай мектеп бүкіл республика бойынша жалғыз бізде секілді. Не кешкі мектеп емес, не орта мектеп емес. Күндізгі және кешкі оқыту мектебі болып саналады» дейді мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі.
Халық арасында кешкі мектеп деп атауға үйреншікті оқу ордасында оқушыларынан жасы кіші мұғалімдер де жұмыс істейді. Миллят Инхайқызы «Бізге келетін оқушылардың күн-көрісі өте төмендігі сондай, тіпті саяжайда тұратындар да бар. Мүлдем үйлері жоқ балалар да бар. Әр жерге көшіп-қонып жүргені. Біздер кейбір балаларды инспектормен артынан іздеп жүреміз. Баланы қалай да оқытуымыз керек қой. Жақында кәмелеттік жасқа толмаған, жағдайы өте төмен 11 балаға мемлекеттік тапсырыспен сыртқы киім-кешек алдырту үшін бірқатар қиындықтарға тап болдық. Құжаттар көп сұратады. Сонда балалардың әке-шешесінің құжаттары толық емес, біреуінде мүлдем жоқ. Тіпті салық комитетінен ата-аналардың атында жеке кәсібі жоқ деген қағаз алдырту керек екен. Ата-аналарда балаларын оқытуға жағдайлары жетпей отырғанда, қандай жеке кәсіп иесі болуы мүмкін? Осы қағазбастылықпен жүру үшін мектептен арнайы бір адамды бөлу керек. Ата-аналар өздері жүрмейді. Ал балалардың тұрмыстық ахуалын көрсең жаның ауырады. Біз қалай көмектесеміз оларға? Бізде демеуші жоқ қой» деп бөлісті ұстаз. Оның айтуынша, ауысымдық жұмыспен істейтіндер мен жұмысбасты оқушылар оқу тапсырмасын үйлеріне жинап алып кетеді. Негізінен, аттестат алуға құмартқан жастар жұмысында сондай талап болғанда ғана келеді екен. Мәселен, басшысы лауазымын көтеруді шешкенде. Жалпы, мұндағы көп оқушылар күзетші болып қызмет атқаруда. Ал Сағыз ауылынан келген ерлі-зайыптылар алдарына қойған мақсатқа жету үшін әуелі толыққанды білім алуды көздепті.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген автор