Атырау, 25 қараша 00:43
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қолға түспейтін браконьерлер

Сурет Бейнежазба
3 528 просмотра


Қазір балықтардың уылдырық шашатын кезі: Браконьерлер түнде де, күндіз де Жайыққа шығады, ал, «Бекіре-2019» акциясына қатысушылар оларды ұстауға және өзенді аулардан тазартуға тырысады. «АЖ» тілшісі Полиция департаменті қызметкерлерімен бірге рейдке шықты. Түн жамылып келе жатып, неге екені белгісіз, ұстатпайтын Джо туралы ежелгі әзілді есіне түсіріп, мырс етті. Дегенмен, қазіргі жағдайда керісінше, браконьерді құрықтау өте қажет. Алайда, бәрібір ұстатпайды-ау. 

ҚОНАҚЖАЙ АУЛАЛАР

«Дамбы» бақылау-өткізу бекетінде мені Атырау ІІБ жол-патрулдік қызметінің рота командирі  Ерсін ҚОЖАХМЕТ қарсы алды. Бекет – бұл  бейне бақылау камерасымен жабдықталған үйшік. Ішінде қабырғада Атырау облысы полиция департаменті бастығы Аян ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ  «Бекіре-2019» акциясын өткізу жөніндегі бұйрығы ілінген. Бекет алдына шлагбаум орнатылған, Атырау-Дамбы жолындағы барлық көліктер осы жерде ерікті-еріксіз тексеруден өтеді. 

- Бұл жерде біз барлығын тексеріп өткіземіз, сондықтан да ешқандай браконьер балықпен өте алмайды. Алдымен көліктің салонын, сосын жүк салғышын көрсетеді, - дейді Қожахмет.

- Ал, сіздер жүргізушілерден балықтан басқа, құжаттарына қатысты да тексере аласыздар ма? Айталық, техникалық құжаты болмаса, айыппұл саласыздар ма?

- Иә, әрине. Бұл жолда ЖКҚ жиі бұзылып отырады.

Қосындағы әңгімеден соң, ЖПҚ арнайы көлігімен Дамбы ауылына бардық: ауыл іші тас қараңғы, тек көзге бұлыңғырланып бірнеше автокөлік көрінеді.  

Дамбы бүкіл Қазақстанға танымал: «Ақжайық» мемлекеттік резерватына баратын жалғыз жол осында, Каспий теңізі үш аттам жерде, демек, бекіре тұқымдастар да жақын маңда жүр деген сөз. Мына бір қызықты жайтты байқап қалдым: барлық аулалардың қақпалары ашық жатыр.

- Қызық. Ұрылардан қорықпай ма?

- Ауыл деген үлкен емес қой, барлығы бір-бірін таниды. Сосын браконьерлер машинамен қашқанда кез-келген аулаға кіріп кетеді де, моторын өшіре салады, сосын іздеп тауып көр. Бірақ, біз бәрібір тауып аламыз, - деп түсіндірді полицейлер.


Міне, біз күдік тудырған бірінші машинаны көрдік. Тоқтатып, салоны мен жүк салғышын тексердік, ештеңе жоқ. 

Кейін Жайық жағасына шығып, камуфляж киген, қол шамдары жоқ екі егде адамды көрдік. Полицейлер олардың құжаттарын қарап, он минуттай – жағалауды тексеріп шыққанша ешқайда кетпеулерін сұрады. Бәлкім олар тәртіп сақшыларын көріп, балықтарын тастай салған болар? Бірақ, ештеңе табыла қойған жоқ. Айтпақшы, сол ауылда тұратын менің танысым камуфляжды дамбылықтардың барлығы киетінін айтты, ол олардың жергілікті балық аулау әуесқойлары қауымдастығынан екендіктерін білдіреді екен.

ШҰҒЫЛ БҰРЫЛЫСТАР

Дамбының жіңішке қараңғы көшесімен жүріп келеміз. Тек иттің үргені ғана естіледі, осы дыбысқа жағаласа автокөлік моторының дыбысы шықты. Полицей көлігін көрген жүргізуші фарын өшірді де, жылдамдығын күшейтті. Қуғын басталды. Рөлдегі адамның жергілікті екендігі көрініп тұр, жіңішке көшемен шұғыл бұрылыстар жасап, жүйткіп келеді. Әлдебір сәтте бір аулаға кіріп, машинадан түсті де, қаша жөнелді. Бірақ алысқа кетпеді. Сөйтсек, мас екен. Полицейлер көлікті тексерді, балық жоқ. Жүргізушіні наркологиялық диспансерге, ал көлікті айыппұл тұрағына жіберді. Оған браконьерлік айып тағылмады, үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылу қаупі төніп тұр. Бұл мәселені шешіп болған соң, жағалаудан қол шамдар көрдік. Онда не бар? Сөйтсек, өзіміздің – балық қорғау қызметкерлері болып шықты. Олар да сол «ұстатпайтындарды» іздеп жүр екен.

Қайтадан Дамбыға бардық, бірден көзге «ВАЗ-2114» автокөлігі түсті. Көліктен жүргізуші және екі жолаушы түсті, үшеуі де камуфляж киген – менің танысым дұрыс айтқан-ау шамасы... Полицейлер машинаны тексерді, барлығы таза. Ал, көліктің құжаты болмай шықты, оларды бекетке алып кетті.


ОЛЖАСЫЗ ӨТКЕН ТҮН

Түнгі рейдке қатысушылардың бар «олжасы» мас жүргізуші болды. Ал бірнеше күн бұрын жергілікті браконьерді қолға түсірген көрінеді:  - 2 сәуірде сағат  00:10-де Дамбы ауылының маңындағы автокөлік жолында ВАЗ-2114 көлігімен 24 жастағы жергілікті тұрғын ұсталған. Тексеру барысында жалпы салмағы 324 келі болатын 7 қап қара балық табылды, - деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының төрағасы Олег ТУШКАНОВ. – ҚР ӘКК 389 бабы (Жабайы жануарлар түрлерін заңсыз аулау, сақтау, тасымалдау) бойынша материал толтырылды. Тағы бір факт: 8 сәуірде Атырау-Орал тас жолында Чапаев (БҚО)  селосы маңында заңсыз  3,5 тонна қара балықты тиеп алып бара жатқан «ГАЗ-53»  автокөлігінің 39 жастағы жүргізушісі ұсталды. 196-бап (Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.  Айтушылар жүргізушінің Атырау облысынан келе жатқанын айтады. Егер солай болса, оралдық полицейлер жүк салғышы балыққа толы жүк көлігінің жолдағы барлық тексеру қосындарынан қалай өткендігін анықтауы тиіс қой.



Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазба түсірген автор

11 сәуір 2019, 23:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.